СЫЙЛАСАҢ, СЫЙЫН КӨРЕСІҢ 2947

СЫЙЛАСАҢ, СЫЙЫН КӨРЕСІҢ

01 қыркүйек 2023 89 Оқу 1 минут

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Асыл дініміз Ислам өзге адамдарды құрметтеп-сыйлауға, олармен ең көркем қарым-қатынаста болуға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 36-аятында:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىوَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ

«Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деп бұйырады.

Адамдарды құрметтеу, оларды сыйлау ­­– мұсылманның өзге адамдармен қарым-қатынасындағы басты ұстанымы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا ، وَيَعْرِفْ شَرَفَ كَبِيرِنَا

«Кім кішімізге мейірімділік танытпаса, үлкеніміздің қадірін білмесе, онда ол бізден емес», – деп жасы үлкенді де, жасы кіші адамды да сыйлап, құрмет көрсетуге шақырған (имам Тирмизи).

Қазақ халқында да сыйластықтың орны өте үлкен. Ата-бабаларымыз: «Адам сыйлағанның құлы», «Сыйлап берген су тәтті» деп, сыйластық атаулыға аса мән берген. Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», − деген екен.

Сыйластықтың түрлі көріністері бар. Бүгінгі уағызымызда сыйластықтың кейбір көріністеріне тоқталамыз:

 

Бірінші: Туыстарды сыйлау

Туыстар – бір түбірден өскен ағаштың бұталары тәрізді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الأخِرِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін», – деп туыстармен байланысты үзбеуге, оларды сыйлап-құрметтпеуге шақырған (имам Бұхари, имам Муслим).

 Туыстардың ішінде ең алдымен құрметтеуге лайықты ол – ­ата-ана. Алла Тағала қасиетті Құранда Өзіне шүкір етумен бірге ата-анаға шүкір етуді бұйырып:

أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ 

«Маған және ата-анаңа шүкір ет», – деп айтуынан адам баласы үшін ата-анасына құрмет көрсетудің қаншалықты маңызды екендігін түсінеміз.

«Тәнбиһу-л ғафилин» (Хабарсыздарды ояту) кітабында былай делінеді: Үш аят үш нәрсемен бірге түсті. Олардың бірі екіншісінсіз қабыл етілмейді.

Біріншіден, қасиетті Құранда Алла Тағала: «Намазды толық оқыңдар және зекет беріңдер», – деп айтқан (Бақара сүресі, 43 аят). Кім намаз оқып, зекет бермесе, оның намазы қабыл етілмейді.

Екіншіден, «Аллаға және Пайғамбарына бойұсыныңдар», – деп айтылған  (Әли-Имран сүресі, 132 аят). Демек, кімде-кім Аллаға бойұсынып, Пайғамбарына бойұсынбаса, ол да қабыл етілмейді.

Үшіншіден, «Маған және ата-анаңа шүкір ет», – деп айтылған (Лұқман сүресі, 14 аят). Кім Аллаға шүкір етіп, ата-анаға шүкір етпесе, оның (шүкірлігі) қабыл етілмейді.

Мұсылман адам ата-анадан кейін туыстардың ішінде жақындарынан бастап барлығын құрметтеп, барынша қажетінен табылуға тырысу қажет. Туыстардың арасын бөліп-жаруға, кек қуысуға, олармен қарым-қатынасты үзуге болмайды.

Кезінде Сары би деген ақылгөй ақсақал бала Сырымға: «Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ең алдымен беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады», – деген екен. Сонда Сырым ақсақалдың ұлы сөз дегеніне қызығып: «Ол қандай сөз ата, айтыңызшы», – дейді. Сары би осы кезде: «Арлы-ұжданды бол, елге деген парызыңды ұмытпа, намысыңды жастан сақта, халқыңды алалама, жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама!» – деп өсиет айтады. Міне, осы сөзді Сырым шешен қартайған шағына дейін есіне сақтап жүрген екен. Осы айтылған сөздегі «Жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама» деген өсиеттер бауырмалдыққа, ағайындыққа шақырып, туыстықты үзуден, олардың арасын бөлуден сақтандырған. Осындай ұлы сөздерді бойына сіңіріп өскен халқымыз қанша тарихи зобалаңдардан өтсе де, әрқашан әулет арасындағы береке-бірлікті сақтауға тырысқан.

Құрметтеп, сыйлап, оларға ізгілік көрсетпеген адамның өзгелерге мейірбан болуы екі талай.

 

Екінші: Көршіні сыйлау

Көрші деп – үйлері бір-біріне жақын, іргелес тұратын адамдарды айтамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ كَانَ يُؤْمِنْ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيُكْرِمْ جَارَهُ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда өзінің көршісін сыйласын», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Қазақ халқында көршіге деген сыйластықты ауырып-сырқап қалғанда көңіл сұрау, той-томалақ, өлім-жітімді атқарысу, үлкендері жолаушы кеткен көршінің отбасына қарайласып, бас-көз болу, момын, әлсіз, жас немесе қария көршінің ақысына біреу кірмес үшін қамқор болу, соғымға сойылған малдың басына шақыру, дәмді тағамдарды бір-біріне балаларынан беріп жіберу сияқты амалдармен атқарылатын.

Бұл амалдардың да түп-төркіні асыл дініміз Исламнан бастау алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Әбу Зарға (оған Алла разы болсын): «Ет пісірген уақытыңда көбірек су қос та, одан кейін көршілеріңе барып оларды өзінің ретінше үлестіріп бер», – деген.

Әсіресе, көршісінің тұрмысы нашар болған жағдайда адам баласы бұл іске аса мән беруі қажет. Өйткені, басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көршісі аш отырып, өзі тоқ болған адамның толық мұсылман бола алмайтынын айтқан.

 

Үшінші: Ұстазды сыйлау

Абай хәкім: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқанындай, адам бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына, оны тәрбиелеген ұстазының орны өте үлкен. Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», – деп ұстаз адамның дәрежесі басқа барлық адамнан жоғары екендігін айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنْ لا يَشْكُرُ النَّاسَ لا يَشْكُرُ اللَّهَ

«Адамдарға рахмет айтпаған Аллаға да шүкірлік етпеген болады», – деген (имам Әбу Дәуд). Ендеше, әр адам тәлім үйреткен ұстаздары алдында өзін қарыз сезініп, оларды  сыйлап, құрметтеуі тиіс.

Ұстазды құрметтеуге – оның алдында кішіпейілдік таныту, жүргенде алдына түспеу, есік ашып бірінші кіргізу, жөнсіз сұрақтармен мазаламау, бірінші болып сәлем беру сияқты істер жатады.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оны мейіріміне бөлесін: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», – деген.

Бұқара ғалымдарының бірі медреседе сабақ беріп отырып қайта-қайта орнынан тұрады. Себебін сұрағанда: «Ашық тұрған есіктен ұстазымның ойнап жүрген баласы әлсін-әлсін бой көрсетіп қала берді. Ұстазыма құрмет ретінде әр көрінген сайын мен орнымнан тұрдым», – деп, ұстаздың жақындары мен бала-шағасын да құрметтейтіндігін көрсеткен.

 

Төртінші: Жасы үлкен адамды сыйлау

Қарт адам әлсіз болғандықтан, белгілі бір қызмет пен жәрдемге мұқтаж. Олардың сол мұқтаждықтарын жастар жәрдемдесіп, қызметінде болу арқылы өтеулері тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ مِنْ إِجْلالِ اللَّهِ إِكْرَامَ ذِي الشَّيْبَةِ الْمُسْلِمِ

«Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны құрметтеу – Алла Тағаланы ұлықтаудың бір түрі болып табылады», – деген (имам Әбу Дәуд).

Атақты табиғин Таус (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мына төрт кісіні құрмет етіп, сыйлау сүннет амалы: ғалымды, қарт кісіні, басшыны және ата-ананы», – деген екен.

Шаңырағында үлкендері бар үй – берекелі үй. Өйткені, шаңырақ иелері оларға тиісті қызметін көрсетіп, ризалығы мен ақ баталарын алуы арқылы дініміздің бұйрығын орындап, үлкен сауапқа кенелуге мүмкіндік алады.  

Үлкенді сыйлауға: бірінші болып сәлем беру, көпшілікте орын беру, дастархан басында төрге шығару, жүргенде артынан жүру, тек жол көрсету мақсатында болса, алдында жүру, өтінішін жерге тастамау, көшеде кездесіп қалса жәрдемдесу сияқты істер жатады.

«Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» демекші, жасы кіші адамның үлкеннің сөзін бөлуі, рұқсат сұрамай одан бұрын сөйлеуі әдепсіздікке жатады. Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше сахабалары келіп, өздерінің жағдайын айтпақшы болғанда, олардың арасындағы жасы кіші болған Әбдурахман ибн Сәһл бірінші болып сөйлей бастайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كَبِّرِ الْكُبُرَ

«Үлкенді құрметтеңдер», – деп, оған ескерту жасайды (имам Бұхари).

 

Қадірменді жамағат!

 

Бұрынғы өткен даналар: «Өзіңнен жасы үлкенді көрсең: «менен жасы үлкен болғандықтан сауапты амалдары да менен көп болар» деп ойлап, оны сыйлай біл, өзіңнен жасы кіші адамды көрсең «менен жасы кіші болғандықтан күнәлі істері менен аз болар» деп ойлап, оны да сыйлай біл» дейді екен.

Майлықожа бабамыз: «Болатын елдің баласы бірін-бірі «сіз» деген, болмайтын елдің баласы бірін-бірі күндеген» деп, сыйластық бар жерде татулық пен береке, бірлік пен ынтымақ орын алатынын айтқан.

Сондықтан да қоғамда әрбір адамды құрметтеп, сыйлап, ең көркем түрде қарым-қатынас жасауға тырысайық. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اِتَّقِ اللهَ حَيْثُمَا كُنْتَ، وَأَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الْحَسَنَةَ تَمْحُهَا، وَخَالِقِ النَّاسَ بِخُلُقٍ حَسَنٍ 

«Қайда болсаң да Алладан қорық, жамандығыңның артын оны өшіретін жақсылықпен ұластыр әрі адамдармен көркем мінезбен қарым-қатынас жаса», – деп өсиет еткен. 

Алла Тағала қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, жұртымызға амандық, елімізге тыныштық нәсіп еткей! 

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі