Зекеттің қоғамға пайдасы 3367

Зекеттің қоғамға пайдасы

17 мамыр 2024 245 Оқу 1 минут

Асыл дініміз Исламның халқымыздың қанына сіңіп, ғұрып-дәстүрімен біте қайнасып кеткендігінің куәсі әрбір тұрмыс-тіршілігінде көрініс тауып, ұлттық санамызбен астасуында жатыр. Соның ішінде тәрбие көзін иманнан бастау алып, діннің негізгі парыздарын, құндылықтарын өмір салтымызға жіті сіңіруі. Десе де, жарты ғасырдан асқан отаршылдықтан соң дінінен айырылып, дәстүрінен ажыраған қазақ қоғамы тәуелсіздіктен соң ғана етек-жеңін жинап, жоғалған мұрасын қайта қолға алуға көшті. Отыз жыл уақыт ішінде халықтың әлі де болсын дін мен дәстүр сабақтастығынан үйренері көп. Олай деуімізге негіз, халық арасында зекет пен садақаның ара жігін толық ажырата алмай, екеуін бір ұғым ретінде түсініп жүргендер жетерлік. Асылында, екеуі екі бөлек амал екендігін есте ұстап, зекеттің міндеттелген парыз екенін білген жөн.


Зекет ұғымы және ол кімдерге парыз?

Зекет Мәдина дәуірінде, хижреттің екінші жылында мұсылмандарға парыз етілді. Ол туралы «Бақара» сүресі, 43-аятында:

«Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер», – деп айтылған. Намаздан кейінгі үлкен парыз екендігін білдіретін әрі онымен тығыз байланысын таныту үшін Құранда айтылған отыз жердің жиырма жетісінде намазбен қатар аталады. Яғни, «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер», «олар намаз оқиды, зекет береді» сияқты мағынадағы ұқсас аяттармен келеді.

«Зекет» сөзінің негізі мағынасы тілдік тұрғыда «тазару», «өсу» ,«арту» және береке деген мағыналарды білдірсе, ал шариғаттағы мәні-нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады. Олар кімдер екендігі «Тәубе» сүресі, 60-аятында:

«Анығында садақалар (зекеттер) жоқ-жітікке, кедейлерге және оған (зекетті жинауға) қатысты жұмыс істеушілерге, жүректері бұрылатындарға (ислам дінін жаңа қабылдағандарға), құлдарды азат етуге, қарызы барларға, Алла жолына және (жолда қалған) жолаушыға, Алла тарапынан (белгіленген) парыз ретінде, (осыларға) тән. Алла бәрін Білуші, аса дана,»-деп баяндалған.

Зекет-пендені Алланың рахымына бөлендіріп, сансыз сауапқа кенелтетін игі амал. Оны берушілердің қатарынан болудың өзі Жаратушының пендесіне берген ұлы нығметі. Зекетті кез-келген қарапайым мұсылман бере алмайды. Оның негізгі шарттары төмендегідей:

1.Мұсылман болу.

2.Нисап көлеміне жететін байлыққа ие болу.

3.Зекеті берілетін байлықтың көбейіп отыруы.

4.Зекеті берілетін байлыққа бір жыл толу.

5.Қарызы болмау. Сондықтан да аталған талаптарға сай болған мұсылман мал-дүниесінің белгілі бөлігін мұқтаждарға жылына бір рет беріп тұруы қажет. Яғни, ол жоқ-жітіктердің ақысы болып саналады. Дінді берік ұстанған бабалар осы дүниеге қатты назар аударып:

Қажы менен жұманы парыз қылған,

Жиылып бір ынтымақ қылған оң деп.

Зекет бер нашарларға көзің сал деп,

Ғылымды қайдан болса сонан ал деп.


Ешкімге өзің тиме, біреу тисе,

Өзіңді қорғау үшін қарсы бар деп,

Зекет бер дегеннің білсең мәнін

Қырық жылда нашарға бер малдың бәрін, (Сұлтанмахмұт Торайғыр)- деп насихат қылған.

Зекеттің қоғамға пайдасы қандай?

Әділетті басшы Омар бин Абдулазиздің кезінде зекетке мұқтаж кедейлер қалмаған. Тіпті қоғамның хал-ахуалының көтерілгені соншалық бұрын кедей болған жандардың өздері беретін жағдайға жеткен. Бұл жағдай туралы Яхъя бин Саидтің риуаятында мынадай оқиға баяндалады: «Бір жолы Омар бин Абдулазиз мені зекет пен садақаларды жинап, тиісті кісілерге тарату үшін Африкаға жіберді. Зекетті жинауын жинадық, бірақ беретін кедей адам іздеп едік, таппадық. Сұраушылар да болмады. Өйткені олардың бәрінің жағдайы түзелген еді. Ақырында ол ақшаға құлдар сатып алып, азат еттік». Демек, бұл айтылған оқиғадан түйеріміз, біріншіден зекеттің толық берілуі әлеуметтік қатынастарды реттейді. Байлар мен кедейлердің арасындағы байланысты жақсартып, қоғамдағы ауызбіршілік, жанашырлық, бауырмалдық секілді қасиеттерді берік етеді. Өзгенің мал-мүлкіне көз аларту, қызғаныш пен көреалмашылық сезімін өшіреді. Ұрлық пен тонау секілді әрекеттерді азайтайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Зекет–Исламның көпірі» – деген хадисі осыған дәлел.

Екіншіден, адам баласының бойындағы дүниеге, байлық пен ақшаға деген құмарлықты басып, қанағатсыздық пен тойымсыздықтан бойды аулақ салуға тәрбиелейді. Ал, өзін осындай құрдымға жіберетін қасиеттен бойын тазартса ол пенденің екі дүниелік бақытқа жететіндігі «Хашр» сүресі, 9-шы аятында:

«Кім өзінің сараңдығынан сақталған болса, міне, солар – табысқа жетушілер»,– деп сипатталған. Бұл туралы Шортанбай Қанайұлы:

Мал бақтырар пайдаға,

Зекетсіз мал айдама,

Қайыры жоқ ас сақтап,

Дәмді харам шайнама-деп жырларында насихат еткен.

Үшіншіден, зекет беру адамды түрлі ауру-сырқаудан, бәле-жала мен апаттардан аман етеді. Табыс пен байлықтың берекесін кіргізіп, құрдымға кетуден сақтайды. Ол туралы Алла Елшісі (с.ғ.с): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерді қайтарыңдар» – деген.

Зекет-адам баласының дүние-мүлкін ғана емес, өзін де рухани тұрғыда өсіретін, әрдайым амандықта болып, екі дүниелік бақытқа жеткізетін Жаратушының мүмін құлдарына бекіткен парызы.
Оған шамасы жетіп, орындаған жан бақыт тауып, іске асырмаған пенде мал-дүниесінің зиянын шегері хақ.

Алла тағала баршамызды зекет хақысы берілген, дүние-мүлкімен қоғамға пайдалы болған мұсылмандардан болуымызды нәсіп етсін!


Ақтөбе қалалық орталық мешітінің

Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы