Рамазан айына жеткенде арманда, жетпегенде арманда 3273

Рамазан айына жеткенде арманда, жетпегенде арманда

14 наурыз 2024 236 Оқу 1 минут

Жаратушы Рахман Иеміз адамзат игілігі үшін шексіз нығметтерді үйіп-төгіп берген. Бірақ, кейде осы Құдай сыйлаған көп сияпаттарды пендешілікпен білмей, ескермей жатамыз. Солардың ішінде пенденің дүниесі мен денсаулығына, ақыреті мен Алла алдындағы абыройы үшін берілетін сауапты қамтитын ең үлкен сыйдың бірі-Рамазан айы. Мың айдан да қайырлы болған берекелі айда барша мұсылман баласына ораза ұстау парыз болды. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар!»Сондай-ақ, Алла Елшісі ﷺ хадисінде: «Рамазанның басы-рахмет, ортасы-кешірім, соңы-тозақ отынан құтылу», – деген.

Рамазан-ізгіліктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Сондай-ақ, бойымыздағы жаман әдеттермен күресіп, жақсы қасиеттерімізді күшейтетін әрі рухани кемелденуге ұмтылдыратын мүмкіндік айы. Бұл ұлы мүмкіндіктің әр жыл сайын бізге берілуінің өзі соңғы үмметке жасалған Жаратушының шексіз рахымы. Себебі, аз уақыт амал жасап, мол сауап алу алдыңғы пайғамбарлардың қауымдарына берілмеген. Тіпті қасиетті айда арықтау немесе өзгелерге еру мақсатында емес, шынайы ниет етіп, ораза ұстауымыздың өзі бізді Алла тағаланың үлкен кешіріміне себеп етпек. Ол туралы Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде былай деп сүйіншілейді «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі». Әрі бұл айда нәпсіні тізгіндеп, барынша жамандықтан тыйылу өзге айлардан қарағанда барынша жеңіл болмақ. Яғни, Шалкиіз жыраудың;

Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір бәле шайтан-пері-дегеніндей, адам баласының бұл айда азғыруға көп ере бермейтінін, хадистерде келген мүбәрак айдың құрметіне шайтандардың кісенделетіндігінен білуімізге болады. Тіпті, осыған сәйкес түрлі сала мамандары да Рамазан айында қоғамда қылмыстың азаятындығын да дәлелдеп отыр. 


 Екіншіден, ораза адамның уақытын жүйелеуді үйретіп, біздің сабырымызды шыңдайды. Ауыз бекіткен пенде жүйелілік пен тәртіпті қатаң ұстанады. Сәресін уақытында ішу, уақытында ауыз ашу, уақыты келгенде намаз оқу, т.б.құлшылықтарды атқаруда реттілікті ұстанып, өзін қалыпқа салады. Және де осы бір реттілікті сақтау үшін де адам баласына тұрақтылық пен сабыр қажет. Ал,  Алла Елшісі ﷺ: «Ораза – сабырдың жартысы» деген. Расында, ораза шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Күн ыстықта ораза ұстаған адамды шөл қысады, оған қоса аштық та қинайтыны рас. Сонымен қатар, Рамазанда көп құлшылық жасап, көп Құран оқыған абзал. Оған да сабыр қажет. Тіпті күнә жасамау да сабырлықты қажет етеді. Ендеше, Рамазан айында осылайша шыдамын шыңдап , сабыр етушілерге есепсіз сый бар екендігін Алла тағала «Зумар» сүресінің, 10-аятында: «Сабыр еткендерге Алланың қайтарар сыйы қисапсыз» деп, қуантқан. Сабыр-адам баласын екі дүниелік бақытқа жеткізетіндігін Қабан жырау Асанұлы бабамыз

- Бақыт қайда барасың?

- Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған,

Ниетті елге барамын.


Бақыт қайдан келесің?

- Ораза, намаз оқымас,

Алланың атын тоқымас,

Бинамаздан келемін -деп жеткізеді.


Үшіншіден, ораза пенденің ағзасын артық және улы нәрселерден тазартып, жаңартып, асқазан мен өзге де ішкі құрылыс мүшелеріне демалыс береді. Аштық адам миын дамытады, сондай-ақ физикалық жаттығу бұлшық етті жаттықтырады. Басқаша айтқанда, күніне калорияны аз қолдану нәтижесіндегі аштық сізді ақылдырақ етеді. Ораза ешқандай дәрісіз аз ғана жеу арқылы өз денсаулығын жақсартудың ұтымды тәсілі. Одан өзге, ораза альцгеймер ауруының (қартайған кезде жадының жоғалуы) алдын алады. Яғни, Әбу Хұрайрадан жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ: «Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар» дегенінен көп дүниені ұғынуға болады.


Төртіншіден, Рамазан-адамның ақыретіне жинайтын таусылмас қоры. Өйткені, қадірлі айда амалдардың мың есеге дейін көбейеді. Жалғыз ғана ауыз бекітіп, ораза ұстаудың шексіз сауабын Жаратушыдан өзге ешкім біле алмайтындығын Алла Елшісі ﷺ: «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын (сауабын) Өзім беремін – деген»,-деп жеткізеді. Демек:

Құбылаға бас қоймақ

– Мұсылманның тарығы.

Ораза намаз қылғанның

Көңілінде Құдай барлығы.


Сираттың желі соққанда,

Ораза-намаз панаң-ды.

Тірлікте есіңе ал,

Өлгенде жанға пайданы.(Шортанбай Қанайұлы) .

Жоғарыда атап өткендерімізден бөлек, Рамазан айының берекесі көл-көсір. Оны жіті түсіну үшін пенденің көкірек көзі ашық болып, Раббысын тани алуы қажет. Қасиетті айға үлкен рухани дайындықпен кіріп, білім ізденумен барынша құлшылықпен, ізгі амалдарды көбейтумен, жақсылықта жарысумен өткізгені абзал.

Алла тағала, Рамазан айында баршамызға есепсіз сауаптар жазып, барлық қате-кемшілігі кешірілген хәлде шығуымызды нәсіп етсін! Қадірлі айда қамсыз қалмай, Алла тағаланың шексіз рақымымен сансыз сауаптарға қауыштыратын амалдарға ұмтылайық!



Ақтөбе қалалық орталық

Мешітінің Бас имамы

Нұрлыбек Шакизадаұлы