Әуелі түйеңді байла немесе Халифа Хз Омардың (р.а.) шешімі 89

Әуелі түйеңді байла немесе Халифа Хз Омардың (р.а.) шешімі

12 қыркүйек 2020 255 Оқу 1 минут

Сахаба Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте; Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шам[1] өлкесін бет алып, жолға шықты. «Сәрға»[2] деген жерге жеткенде, Шам өңірінің әскербасы сахаба Әбу Убайда ибн Жаррах (р.а.) және қасында бір топ көмекші уәзірлерімен бірге Халифаны қарсы алып, Шам өлкесінде «Оба»[3] ауруының тарап жатқанын хабарлады.

Сахаба Абдулла Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша, (бұл жағдайды естіген) Хз Омар (р.а.) оған:

«Маған ең алғашқы Мұхажирлерді[4] шақыр»,- деді. Мен оларды шақырдым. Омар (р.а.) мәселені түсіндіріп, олармен ақылдасты. Мұхажирлер бұндай жағдайда не істеу керектігіне байланысты бір шешімге келе алмай, пікірлері екіге бөлінді. Кейбіреулері Халифа Омарға (р.а.): «Белгілі бір мақсатпен келіп тұрып, қайта кері қайтуың дұрыс емес»,- десе, енді бірі: «Жамағаттың қалғаны және Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалары сенімен бірге. Мына оба ауруы тарап жатқан жерге кірулерің дұрыс емес»,- деді. Сонда Хз Омар (р.а.) олардың пікірін тыңдап болған соң:

«Жарайды сендер бара беріңдер»,- деді. Кейін: «Маған Ансарлықтарды[5] шақыр»,- деді. Мен оларды шақырғанымда, олар да Мұхажирлер сияқты қарама-қайшылыққа түсті. Біреуі құптаса, екінші бір бөлігі (Шам өлкесіне кіруді) дұрыс шешім деп есептемеді. Хз Омар (р.а.): «Сендер де бара беріңдер»,- деді.

Одан кейін: «Маған (Мекке алынбай тұрып мұсылман болған) осы жердегі Құрайыш (руынан болған) үлкендерді шақыр»,- деді. Мен оларды шақырдым. Олардан екі адам да қарсы келмей: «Өзіңмен бірге келген халықты (ауру тарап жатқан жерге кіргізбей), кері алып кетуіңді құп көреміз»,- десті.

Сонда Хз Омар (р.а.) адамдарға дауыстап: «Мен таң ертемен көлігіме мінемін (жолға шығамын), Сіздер де өз көліктеріңізге мініңіздер»,- деді. Сол кезде Шам өлкесінің әскербасы, сахаба Әбу Убайда Ибн Жаррах (р.а.): «Уа, Омар! Алланың тағдырынан қашып барамысың?»,- деді. Сонда Хз Омар (р.а.): «Әттең бұл сөзді сен емес басқа біреу айтқанда ғой Ей, Әбу Убайда»,- деп, оған қарсы шығуды қаламай, былай жауап қайтарды: «Ия, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып барамыз. Қалай ойлайсың, мысалы, сенің түйелерің болса және бір жағы құнарлы, шөбі мол жайылым, екінші жағы шөбі жоқ, құнарсыз жер болса. Сол екі түрлі жердің қайсыбіріне түйелеріңді жайсаң да Алланың қалауымен (тағдырымен) жайған болып есептелмейсің ба?»,- деді. Дәл сол уақытта сахаба Абдурахман Ибн Ауф (р.а.) келді де: «Бұл мәселеде менің бір білетінім бар, Алла Елшісі (с.ғ.а.): «Бір жерде оба ауруын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Ал оба ауруы бар жерде болсаңдар, аурудан қашып, ол жерден шықпаңдар»,- деп бұйрық беріп жатқанын естіп едім»,- деді. Бұны естіген Хз Омар (р.а.) Аллаға мадақ айтып, жолға аттанды[6].

Атақты хадистанушы ғалым Имам Науауи (1233-1277 ж.), аталмыш хадисті саралай келе, сахабалардан, ислам ғалымдарынан жеткен түрлі пікір, ұстанымдарды түсіндіре келе қорытындылап, бұл хадис: «Ең әуелі Аллаға шын жүректен тәуекел ету, Оның жазған тағдырына, қазасына ешбір күмәнсіз сену керектігін, Алла Тағаланың о баста білген жазмышына, барлық нәрсенің Алланың қалауымен болатындығына иман келтіру қажеттігін баяндайды. Екіншіден; сақтық шарасын жасау (түрлі қауіп-қатерден), қорғану. Және өз қолыңмен қауіп-қатерге итермелейтін себептерден сақтану».

Сонымен қатар Сахаба Хз Омардың (р.а.) оба ауруы тарап жатқан өңірге кірмей, кері қайтуы, өзі айтқандай, Алланың жазмышынан қашу емес (немесе тағдырдан озу да емес), керісінше Алла Тағала жаудың қаруынан қорғануды қалай бұйырған болса, дәл сол сияқты адамдарды қауіп-қатерге итермелейтін себептерден де сақтануды, қорғануды бұйыруда»[7],- деген.

Демек, ауырмай тұрып, ауырмаудың амалын жаса немесе сақтансаң сақтайды демекші, мешіттерде жамағатпен намаз оқымау, бет перде тағу, қол беріп амандаспау, т.б. себептер: Алланың тағдырына қарсы шығу немесе Құдайдан қорықпай тәуекелшілдіктен бас тарту емес. Керісінше, ардақты Пайғамбарымыз: «Әуелі түйеңді байла, содан кейін Аллаға тәуекел ет»[8], немесе жоғарыда аталғандай, жұқпалы ауру тарап жатқан жерге кірмеңдер»,- деу арқылы біздерді сақтануға шақыруда. Яғни, Аллаға тәуекел ету үшін де, әуелі сақтану керек.

Алла Тағала «Білетіндер мен білмейтіндер теңбе?»[9],-деп білмейтіндерді білетіндерден үйренуге шақырған. Ал күнімізде жұқпалы ауруды анықтап, ем домын, сақтық шараларын ғылыми түрде баяндап түсіндіретін және бұл індеттің адамнан адамға жұғатынын 100 пайыз дәлелдеп отырған медицина ғылымы. Яғни бұл саладағы білім иелері дәрігерлер. Біз, қатардағы халық ол ғылым-білімнің қыр-сырын, жұқпалы аурудан сақтану жолдарын дәрігерлерден артық біле алмаймыз. Демек қасиетті құранда айтылғандай, дәл бүгінгі күні ауруды адамнан адамға жұқтырмас үшін дәрігерлердің нұсқаулықтарына назар аударып, олардың сақтық шараларына құлақ асуымыз міндет.

Ал енді біздің елде жұқпалы оба ауруы жоққой, Хз Омармен байланысты болған уақиғаның бізге не қатысы бар деген сөзді, сау ақыл айта алама?! Жоқ әрине. Себебі оба ауруы біздің елге де бүкіл әлемге де тарап үлгерді. Ол баршаға аян. Және ең маңыздысы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ескертуіне, Халифа Омардың (р.а) шешіміне, оның даналық әрекетінің мәнісін, мақсатын түсінуге көңіл бөлу қажет.

Дәрі ішу бір себеп, бірақ шипаны беретін дәрі емес, Алла Тағала. Піс, аузыма түс демей, аш қалмау үшін, қол жайып қайыршы болмау, бала-шағаңды бағу үшін еңбек ету де бір себеп. Бірақ ризық-несібені еңбек не ақшадан емес, Алла Тағаладан деп сенуіміз қажет. Дәл сол сияқты аурудан сақтану да бір себеп, бірақ бізді қорғайтын себептер емес, Бір Алла ғана!

Сонымен қатар қатты әбігерге түсіп, қайғылану «қорқаққа қос көрінеді» демекші мәселені ушықтырып, қазақша айтқанда ауруды шақырады. Және Аллаға деген шынайы тәуекелімізге, жүректегі сенімімізге селкеу түсіреді.

Олай болса иманымыз кәміл, көңіліміз көтеріңкі, түйеміз байлаулы болсын, ағайын!


Нұрлыбек ШӘКИЗАДАҰЛЫ,

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы