Шынайы достық немесе достан дұға... 191

Шынайы достық немесе достан дұға...

30 қыркүйек 2020 5226 Оқу 1 минут

«Достан дұға» деген қазақта әдемі сөз бар. Досқа тілеулес болып, игі дұға жасау бүгінде ұмыт қалған сүннеттердің бірі. Атақты ғалым, имам Шафиғидің баласына Ахмед ибн Ханбал: «Әр түні сәресі уақытында мен дұға ететін алты досымның бірі – сенің әкең», - деген екен. Ғұлама Ахмед бин Ханбал әр түні таң алдында арнайы тұрып құлшылық ететін. Яғни, дұға-тілек қабыл болатын сәресі уақытында. Үзеңгілес достарына, өзі аға-іні тұтатын бауырларына ізгі тілек тілейтін. Солардың ішінде, ерекше тілеулес болған алты досы болды. Оның бірі һәм бірегейі – имам Шағифи екен. Имам Шафиғи оған ұстаз әрі дос болған. Замандас жолдасы, үзеңгілес серігі. Екеуі де заңғар тұлға еді. Бірде бір кісі Имам Шафиғиден: «Сіз имам Ахмедті зиярат етеді екенсіз. Сіздердің араларыңызда пікірде қарама-қайшылық бар емес пе?, - деп сұрайды. Сонда имам Шафиғи: «Жұрт Ахмедті зиярат етесің, ол сені зиярат етеді дейді. Асыл қасиеттер ешуақытта жоғалмайды. Егер ол мені зиярат етсе, оның қасиеті. Ал, мен оны зиярат етіп жатсам, ол да оның қасиеттілігі», - деп имам Ахмедті өзінен жоғары қоятындығын білдіріпті.

Бірде имам Шафиғи қатты ауырып қалады. Досының жағдайын сұрап имам Ахмед келеді. Үйіне қайтып келген соң, уайымдап Ахмед ибн Ханбалдың өзі де төсек тартып жатып қалады. Мұны естіген имам Шафиғи ертесіне есін жиып, досының хал-жағдайын сұрауға келеді. Сонда досының аяққа тұрғанын көрген имам Ахмед те дертінен айығып:

Жан досым төсек тартқасын,

Жағдайын көріп бауырдың.

Көңілін сұрап қайтқасын,

Уайымдап мен де ауырдым.

Ғазиз дос біліп бұл жайды,

Халімді сұрап келген-ді.

Көргеннен кейін мұндайды,

Менің де жаным емделді - деп өлең жолдарымен қуанышын білдірген екен. Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Имандағы ең берік достық Алла жолындағы сүйіспеншілік пен Алла жолындағы ашу», - деген екен (Имам Ахмед).

Басқа бір хадисте: «Кімде-кім бауырының сыртынан дұға-тілек жасайтын болса, арнайы бекітілген періште: Әумин, саған да осы тілек болсын», - дейді (Имам Муслим), - деп айтқан. Бұл хадис жайлы имам Науауи (р.а.): «Бұрынғы адамдар өзіне дұға жасамақ болса, әуелі сол тілекті мұсылман бауырына тілейді екен. Өйткені, осылай жасаған тілек қабыл болады», - деп айтқан. Ахмед ибн Ханбалдың баласы: «Әке! Имам Шафиғиге көп дұға етесіз, оның сыры неде?», - деп сұрайды. Сонда әкесі: «Балам! Имам Шафиғи мына дүниеге күн сияқты, ал адамдар үшін амандық тәрізді еді. Бұл екеуін не нәрсе алмастыра алады дейсің?», - деген екен. Міне, бұл екі ғалымның арасындағы шынайы достық еді. Бір дос аздық етпейді. Мың дос көптік етпейді. Жаратқан Ием баршамызға осылай Алла үшін шынайы дос болуды нәсіп еткей!


Төлеби қажы Оспан,

Ақтөбе облысының Бас имамы