Тәртіпке бас иген құл болмайды 3933

Тәртіпке бас иген құл болмайды

19 қараша 2024 30 Оқу 1 минут

Жаратушымыз әлемді өзінің шексіз ұлылығымен жаратып, теңдессіз тәртіпке негіздеген. Адамзаттың кескін-келбеті мен оның бойындағы әр ағзаның үйлесімді түрде қызмет атқаруы таңдай қақтырар жүйемен өрбуде. Аспан әлемі мен өзге де тіршілік көздерінің өмір сүру дағдылары да көзге көрінбес тәртіпке бағынған. Ал, барша жаратылыс атаулыдан ең абзал болған адам баласының өмір сүрген қоғамында арнайы заңға бағынуы қалыпты құбылыс. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар,» (“Ниса” сүресі, 59-аят)-деп баяндаған.

Раббымыз Алла тағала пендесіне бұйырған әмірлерінің өзін мінсіз қалыптасқан жүйемен міндеттеген. Мысалы, намаз оқушының күні арнайы реттілікпен бес уақытқа ыңғайланған. Сол секілді ораза тұтушыға белгіленген айлар болса, зекет берушіге де көрсетілген мөлшер бекітіліп, қажылық құлшылығы да жүйелі амалдармен атқарылады. Егер Жаратушымыздың бізге осындай мінсіз тәртіп орнатпаса, адам баласының өмірі астан-кестең шығып, ісі берекесіз болар еді. Сондықтан да, адамның жеке басынан бастап, мемлекеттік жүйеге дейінгі аралықта темірдей тәртіптің болуы өте маңызды.

Адамдардың дұрыс өмір сүруі үшін әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауы маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтамай, өзгелерге зиян тигізу күнәлі іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында: «Сондай мүмин ер мен мүмин әйелдерге жазықсыз зиян тигізгендер, әрине олар жала жауып, ашық күнә жүктеп алды», – деп айтқан. Әркім өзі өмір сүретін ортаның мүлкін сақтауы, заңына бағынуы, адамдардың құқығына құрметпен қарау, жол ережесін бұзбау, өзгелерге зиян бермеу, табиғатты ластамау сияқты т.б. істер негізгі тәртіпке бағыну болып табылады. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында:  «Жер беті түзетілгеннен кейін, онда бүлдірушілік (бұзықшылық) жасамаңдар», – деп ескерткен. Мұсылман адам өзге адамдарға зиян беретін кез келген іс-әрекеттен сақтануы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі лағынеттеушіден сақтаныңдар!» – дегенде: «Уа, Алланың Елшісі! Екі лағынеттеуші дегеніңіз кімдер?» – деп сұрғанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар адамдар жүретін жолға не олар көлеңкелеп отыратын жерлерге дәрет сындырушылар», – деген» (имам Мүслим).

Қоғамдағы берекені сақтау үшін бабаларымыздан қалған «Тірлік басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да, білек бір» деген ізгі ниетті сақтау аса маңызды. Себебі, бүгінгі бейбіт күніміздің жарқын болуы елдік тәріпке сызат түсірмей, қоғамдағы ауызбіршілікті жұдырықтай жұмылу арқылы ұстап қалған халқымыздың ерен еңбегінен.

Бірде Төле би бабамыз төсек тартып, қатты бір дертке душар болып, ауырып жатқан шағында оның бас жағында Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би, аяқ жағында Көкі би, Мәлік би, Ержан би отырса керек. Сол сәтте сәлем беріп, үйге ұқыпты, қызылды-жасылды әдемі киінген, үстіне қару-жарақ асынған, егде тартқан үш адам кіріп келеді. Келгендер Төле биге қарап: «Біз үшеуміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халқымыздың ендігі алдан күтер бақыты бола ма, аяулы еліңізге қандай өсиет айтып кетесіз?» – депті келген топтан ұшқырлық танытып сөйлеген құстұмсық кісі. Төле би жөткірініп, басын көтеріп алып:
«Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны,
атаға бөлінгендер адыра қалады, – дей келе, қазақ халқы осы күнге дейін өзара достық, ынтымақта болып келдік, ендігі қазақ бақыты таздың басында, соқырдың көзінде, пұшықтың мұрнында қалмаса екен», – депті. Осы орайда Құран Кәрімде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер»-деп баяндалған әмірді бабаларымыз қаншалықты ұстанып, ел тағдыры үшін маңыздылығын терең ұққандығын көре аламыз.

«Қазақ даласында түрме болмаған» дейді. Бірақ, бұл заң болмаған деген сөз емес.Керісінше жоғары аталған мысалдағыдай ел ішіндегі тәртіпті сақтап, қоғамдық ынтымақтың себебімен ұлтымыз бүгінгі тәуелсіз деңгейге жетті.

Жау басынар халықты

Басқарушы оңбаса.

Малша айдап адамды,

Орынсыз күштеп зорласа.


Күннің көзін жасырар,

Аспанды бұлт торласа,

Елдің бағы ашылар,

Әділеттік орнаса-деп Сүйінбай Аронұлы жырлағандай мемлекеттің заңы елдің қауіпсіздігі үшін қызмет атқарса, халықта тиісінше билікке бағынып, ынтымақ-бірлігін сақтаса қоғамның берекесі арта түспек.

Алла тағала елімізді амандықтан, жұртымызға тыныштықтан айырмай, ауызбіршілігін мықты еткей! Ата заң күні баршамызға құтты болсын!



РАНТ мүшесі, Нұрлыбек Күзенбаев

Ұқсас жазбалар

ІШІМДІКТІҢ ЗИЯНЫ

ІШІМДІКТІҢ ЗИЯНЫ

01 қаңтар 2023 110
ӘЙЕЛДІҢ ҚУЛЫҒЫ

ӘЙЕЛДІҢ ҚУЛЫҒЫ

25 қаңтар 2021 558
ЗЕКЕТ

ЗЕКЕТ

01 мамыр 2023 67