Шариғатта жұма уақыты бейсенбі күні кешке кіре ме? 1743

Шариғатта жұма уақыты бейсенбі күні кешке кіре ме?

02 маусым 2022 3067 Оқу 1 минут

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Жұма күні таң намазына азан шықырылуымен жұма күндізі кіретіндігіне еш талас жоқ. Алайда жалпы толық күннің басталуы мен аяқталуын айқындау үшін діни мәтіндердегі дәлелдерге көз жүгіртуіміз керек.

Ең алдымен жұма күнінің қасиеттілігі мен сол уақыттарда жасалған амалдардың абзалдығы жайлы көптеген хадистер келгенін айтып өтсек болады. Солардың бірінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жұма күнінде бір сәт бар. Мұсылманның намаз оқып, дұға жасаған сәті сол уақытқа сәйкес келсе, онда Алла оның сұрағанын береді»[1] деп айтып, ол уақыттың өте аз екенін саусақтарымен көрсетеді.

Осы орайда халық арасында жұма күні нақты қай уақытта кіреді деген кезекті сұрақ туындайды.

Оны білу үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына келесі хадистерімен дәлелдеп көрелік.

Сахаба Абу Сағид Әл-Худриден жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):

إِنَّ مَنْ قَرَأَ سُورَةَ الْكَهْفِ يَوْمَ الْجُمُعَةِ أَضَاءَ لَهُ مِنَ النُّورِ مَا بَيْنَ الْجُمُعَتَيْ

«Расында кім жұма күні «Кәһф» сүресін оқитын болса, келесі жұма аралығында ол үшін нұр шашылып тұрады»[2] дейді.

Сондай-ақ екінші бір мына хадисте:

مَنْ قَرَأَ سُورَةَ الْكَهْفِ لَيْلَةَ الْجُمُعَةِ، أَضَاءَ لَهُ مِنَ النُّورِ فِيمَا بَيْنَهُ وَبَيْنَ الْبَيْتِ الْعَتِيقِ

«Кімде-кім жұманың түнінде «Кәһф» сүресін оқитын болса, оқыған кісі мен Қағбаның арасында нұр жанып тұрады»[3] деп айтады.

Аталмыш екі хадистегі «жұма күні» және «жұма түні» деген сөздерге мән берер болсақ, ол уақыттар бір тәулік, яғни 24 сағатты қамтып тұр. Осыған сүйене келе ғалымдарымыз жұма күнінің (тәулігінің) алғашқы сәті бейсенбі күні күннің батуымен кіреді деп тұжырымдаған. Ол алғашқы уақыт – жұма түні болып саналады. Ал жұманың күндізі жоғарыда айтқанымыздай таң намазына азан шақырылумен кіреді.

Қорытындылай айтарымыз, жұма күнгі дұға қабыл болатын ерекше сәтке дұғамыздың дәл түсуі үшін бейсенбі күні күн батқаннан бастап келесі жұма күнгі күн батқанға дейінгі аралықта алақанымыз жаюлы болу керек.


Нұрбол Смағұлов

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы


[1] Муслим, 852 хадис, Бұхари, 935 хадис.

[2] Бұхари, 6470 хадис.

[3] Бұхари, 6471 хадис.