Телефон қоңырауына Құран қоюға болады ма? 301

Телефон қоңырауына Құран қоюға болады ма?

30 қазан 2020 151 Оқу 1 минут

Ұялы телефонның қоңырауына Құран немесе азанды қоюға болады ма? Болмаса, не себепті болмайды?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Құран Кәрім – Алланың сөзі. Құран Кәрімді құрметтеу керектігі және Алла сөзіне деген құрметтің әр кезде және барлық жағдайда сақталу қажеттігі мына аятта анық айтылған. Яғни Құранның өзінде бұл жайлы: «Ақиқатында, бұл – Құран Кәрім. Ол Ләухул-Махфузда. Оны тазартылғаннан басқалар ұстамайды[1]», - деп дәрет және ғұсылы жоқ кісі Құранды қолға алуға болмайтындығы ескертілген.

Сонымен бірге, Құран кітабының үстіне басқа кітаптарды қоймау, Құран тұрған сөре жаққа аяқ созбау да Құранға қатысты әдептерге жатады. Ал, Құранды немесе азанды телефонның қоңырауы ретінде қолдану әдепке теріс саналады. Құран Кәрімде: «... Ал, кім Алланың рәміздерін құрметтеп ұлықтаса, сөзсіз, бұл – жүрегіндегі тақуалықтан[2]», - деп әмір етілген. Құран және азан – Алла рәміздеріне жатады. Құран Кәрім – Жаратушыны танытатын құлшылық кітабы. Құранды оқу, тыңдау және мағынасын түсіну – ғибадат. Ал, азан – бес парызға шақыратын Алланың рәмізі.

Демек, Құран мен азанды қоңырау үні ретінде пайдалану – құрметсіздік және тақуалыққа жат әрекет боп табылады.

Дайындаған: nurgasyr.kz


[1]Уақиға сүресі, 77-79 аяттар

[2]Хаж сүресі, 32-аят