Ақтөбелік имам «Үздік имам» ІI республикалық интеллектуалды білім сайысында төртінші кезеңге өтті
Бүгін елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік имам» ІI республикалық интеллектуалды білім сайысында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы, Ерәлі қари Құлмағанбетұлы төртінші кезеңге өтті.
Жарыс қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады.
«Баршаңызды «Үздік имам» ІІ республикалық интеллектуалды білім сайысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл байқау жай ғана білім жарысы емес. Бұл имамның ілімін таразылайтын, ізденісін шыңдайтын, білімі мен білігін ел игілігіне жұмсауға жігерлендіретін маңызды рухани-танымдық басқосу деп санаймын.
Сондықтан білім додасына қатысып отырған әрбір имамды жеңімпаз деп есептеймін. Өйткені, сіздер облыс пен ірі қалаларда жеңімпаз атанып, республикалық сайысқа түсіп отырсыздар. Бүгінгі білім байқауына қатысып, білімдеріңізді жетілдіруге ұмтылудың өзі үлкен жетістік емес пе? Ендеше, сіздерге білім сайысында сәттілік тілеймін. Алла Тағала зейіндеріңізді ашып, берекесін жаудырсын», – деді Бас мүфти.
Байқауға қатысушылар «Қасиетті Құран», «Хадис шәріп», «Бабалар даналығы», «Дін мен дәстүр», және «Көркем насихат» кезеңдері бойынша өзара сынға түсуде. Өңірлерден іріктелген 20 үздік имам қатысқан додада үш кезеңнің қорытындысы бойынша Астана, Шымкент қалалары, Абай, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 10 имам келесі айналымға өтті.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі














































