Ақтөбе: «Жастар және таза әлем» акциясы аясында сенбіліктер өтті 222

Ақтөбе: «Жастар және таза әлем» акциясы аясында сенбіліктер өтті

14 қазан 2020 260 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Әр аптаға бір шара» жоспарын бекіткен болатын. Осыған орай ҚМДБ «Жастар ісі» секторы 14 қазан күні бір мезетте «Жастар және таза әлем» атты республикалық акциясын өткізуді жариялаған болатын. Осы акция аясында кеше ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттер сенбілік өткізді.

Хадисте «Тазалық – иманның жартысы» делінген. Қала және аудан мешіттерінің имамдары бастаған сауапты іске жергілікті жастар мен еріктілер топтары да жұдырықтай жұмылып ат салысты. 

Алдағы «Рухани келісім күні» қарсаңында өткен тазалық акциясы аясында Ақтөбе қаласы мешіттерінің имамдары жергілікті ерікті жамағаттың көмегімен қаланың «кірпіш» елдімекені аумағындағы жаңа мұсылмандар қорымына барып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Тазалық кезінде зираттардың арасына жиналған әртүрлі қоқыстар және адам жүруге қиындық туғызатын арам шөптер тазартылды. Аталмыш сауабы мол іс-шараға Ақтөбе қаласы, Алматы аудандық әкімшілігі 3-4 қызметкерімен бірге «Камаз» көлігін бөліп, ал «Салттық қызметтердің бірыңғай орталығы» директорының орынбасары Әнуар Кужанов мекеменің трактор тіркемесін жіберіп, өз үлестерін қосты.

Бұл сенбілікке 40-қа жуық мешіттердің имамдары мен жамағаты, жастарынан құралған 250-ден аса адам қатысып, аталмыш қорым аумағынан «Камаз» бен «Газель» көліктеріне және трактор тіркемесіне толтырылған жалпы көлемі 37 тонна күл-қоқыс, құрылыс қалдықтары шығарылды

Ақтөбелік дін қызметкерлері осындай сенбіліктерді алдағы уақытта жиі ұйымдастырып, қоршаған ортаның тазаруына ұдайы үлестерін қосуды көздеп отыр. Игілікті істі Алла тағала сауапқа жазғай!


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі