Ақтөбе: Наиб мүфти конфессияаралық дөңгелек үстелге қатысты 2177

Ақтөбе: Наиб мүфти конфессияаралық дөңгелек үстелге қатысты

13 қазан 2022 216 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Жарық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рухани келісім күні» қарсаңында елорда да өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі» барысында көтерілген мәселелерді жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында Батыс өңірлік «Конфессияаралық келісімнің Қазақстандық моделі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Қайназарұлы, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Болат Мажағұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Ораққызы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Жәнібекұлы, батыс өңірлерінің дін істері басқармаларының өкілдері (БҚО, Атырау, Маңғыстау облыстары) мен діни бірлестіктерінің басшылары және Ақтөбе облысы аумағындағы барлық діни бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері, белсенді ҮЕҰ мүшелерінен құрылған делегация, БАҚ өкілдері т.б қатысты.

Аталған шарада наиб мүфти «Конфессияаралық қатынастарды нығайтудың исламдағы рөлі» атты тақырыпта баяндама жасады.

«Конфессияаралық келісімі бар елдің келешегі кемел. Қазақстанда мұсылмандармен қатар, православие, католицизм, протестантизм, буддизм және иудаизм өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Қазақ жерінде түрлі конфессия өкілдерінің, түрлі этнос өкілдерінің бір үйдің баласындай тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатқанына күллі әлемнің көзі жетті. Бұл да болса – халқымыздың ежелден береке-бірлікке жақ болғанының айғағы. Қазақстанның толеранттылық пен түсіністікті қолдауы бекер емес. Себебі, біздің түп-тамырымыз тұтастықтан, діңгегіміз асыл дінімізден бастау алады.

Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын нығайтуға оң ықпал ету мақсатында биылғы 2022 жылды ҚМДБ қызметі аясында «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жариялап, осы бағытта бірқатар маңызды да ауқымды іс-шаралар өткіздік. Бұл бағыттағы жұмысымыз алдағы уақытта да жалғасын таба береді»,-деп ҚМДБ төрағасының орынбасары атап өтті.

Одан өзге дөңгелек үстелге қатысушылардың тарапынан «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі» туралы өзге мемлекеттің көзқарасы туралы қойған сұрағына наиб мүфти тұшымды жауап берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі