Ақтөбе: Имамдар 2024 жылды қорытындылады 3908

Ақтөбе: Имамдар 2024 жылды қорытындылады

11 қараша 2024 459 Оқу 1 минут

Ақтөбе өкілдігінің 2024 жылды қорытындылау жиынында қала, аудан имамдарының есебі тыңдалды.

Есеп беру жиналысы Ақтөбе қаласы «Business Empire» конференц залында өтті. Оған облыстың бас имамы Амантай Садиев және қала, аудан бас имамдары және мешіт қызметкерлері қатысты. Алқалы жиынды өңірдің бас имамы ашып жүргізді. Жиында имамдар ҚМДБ-ның тапсырмаларына сәйкес, негізгі 5 бағыт бойынша: Дін мен дәстүр, діни оқу-ағарту, ізгі қоғам, ихсан және насихат, жат ағымдардан сақтандыру шараларына қатысты жыл бойы жүргізген жұмыстарын әрі ҚМДБ бөлімдерінің жылға жоспарлаған шараларын егжей-тегжейлі баяндады.

Сондай-ақ, ҚМДБ бекіткен «2024 жыл – «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында атқарылған қоғамдық шаралар, жастар секторы, әйел-қыздар секторының жұмысы, қажылық насихаты, отандық туризм «Darhan Dala» жобасы, діни оқу орындарына шәкірт даярлау, мешіт құжаттарын рәсімдеу, діни рәсімдердің орындалу барысын қадағалау, шаруашылық шаралары сынды мәселелер бойынша да есептері тыңдалды.

Сонымен қатар жиында Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев сөз сөйледі. Ақтөбе облысы имамдарының мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына, бірлігі мен ынтымағына айрықша рөлдерін атап өтіп, мемлекет пен дін істерінің маңызына тоқталды. Өз кезегінде Бас имам Дін істері басқармасы басшысы мен басқарманың дін қызметкерлерін ескерусіз қалдырмай, әрдайым қол ұшын созып көмек беріп жатқандарына алғысын жеткізді.

Жиын соңында өкілдік тарапынан наиб имамдар қала, аудан мешіттерінің жұмысына арнайы талдау жасалып, көрсеткіштеріне қарай баға берілді. Бас имам қайырымдылық шаралары мен діни рәсімдерді атқарып, әртүрлі бағытта халыққа қызмет жасағандары үшін барша имамдарға алғыс білдірді.