Ақтөбе: Бас мүфти 3 мешітке қызметтік автокөліктің кілтін табыстады
Бүгін ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына орай дін жанашырлары мен кәсіпкерлер Ақтөбе қалалық орталық мешіті және Хромтау аудандық «Нұр» мешіті мен Байғанин аудандық орталық мешітіне жаңа Chevrolet Cobalt қызметтік автокөлік уақып етті. Аталған көліктердің кілтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде салтанатты түрде табыстады.
Асыл дінімізде қайырымдылықтың ең абзалы – уақып. Шариғатта «уақып» белгілі бір мүлікті жарамсыз болғанға дейін Алла жолында тұрақты түрде пайдалану мақсатында арнау дегенді білдіреді.
Бұл автокөліктер мешіттің діни-ағартушылық жұмыстарын жандандырып, шалғай ауылдарға жетуге, әлеуметтік көмек пен қайырымдылық шараларын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Уақып арқылы жүзеге асып жатқан мұндай бастамалар қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін нығайтуға қызмет етеді.
Сондай-ақ игі іске демеушілік жасаған ақтөбелік жомарт кәсіпкерлерге Бас мүфти айрықша алғысын білдіріп, ризашылық ниетін жеткізді.
Одан өзге автокөлік иелері Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Алмат Әли, Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Марал Иманғали және Байғанин аудандық мешітінің бас имамы Ержан Көрпебаев республикалық «Мұнара» телеарнасына сұхбат берді.
Айта кетсек, Ақтөбе облысы өкідігінде жалпы 8 қызметтік жаңа автокөлік табысталды.
- Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті
- Ойыл аудандық мешіті
- Темір аудандық «Досжан ишан» мешіті
- Қобда аудандық «Шәріп молда» мешіті
- Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешіті
- Ақтөбе қалалық орталық мешіті
- Хромтау аудандық «Нұр» мешіті
- Байғанин аудандық орталық мешіті
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі








































