Ережеп айы – рухани кемелдену айы
Ислам дінінде ерекше мәнге ие уақыттар бар, олар адамға рухани өсіп, Алланың мейіріміне жақындауға мүмкіндік береді. Осындай айлардың бірі – Ережеп айы. Бұл ай – мұсылман қауымы үшін өзін-өзі тәрбиелеудің, өткен күнәларды кешіруді сұраудың, игі істермен сауап жинаудың бастауы. Мақалада Ережеп айының ерекшелігі мен артықшылықтары, тарихи және рухани оқиғалары, мұсылмандар үшін жасалатын құлшылықтары мен бұл айдың ғибраты кеңінен баяндалады.
Ережеп – ислам күнтізбесіндегі төрт қасиетті айдың бірі. Бұл айлар туралы Құран Кәрімде былай делінген:
«Расында, Алланың алдында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны – он екі, оның төртеуі қасиетті» (Тәубе сүресі, 36-аят).
Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл қасиетті айлардың төртіншісі Ережеп екенін айтып кеткен. Ережеп айының ерекшелігі – бұл айда шайқастар мен қанды қақтығыстарға тыйым салынған. Исламға дейінгі дәуірде де арабтар бұл айды құрметтеп, өзара қантөгісті тоқтатқан.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережеп айын ерекше ықыласпен қарсы алып, бұл айда көбірек ораза ұстап, намаз оқыған. Хадистерде бұл айдың артықшылықтары туралы былай делінген:
"Ережеп айында жасалған бір жақсылықтың сауабы – басқа айларда жасалған 70 жақсылықтың сауабына тең."
Бұл хадис Ережеп айының мұсылман өміріндегі рухани маңыздылығын көрсетеді. Ережеп айындағы ең ғибратты оқиғалардың бірі – Исра және Миғраж түні. Бұл түн – мұсылман үмбетінің рухани тарихындағы ерекше оқиға. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла Тағаланың құзырына көтерілген бұл сапарында бес уақыт намаз парыз етілді.
Исра – Пайғамбарымыздың Меккеден Құддыс қаласына, Миғраж – Құддыстан аспанға көтерілу оқиғасы. Бұл оқиға Алланың құдіретін және Оның Елшісінің мәртебесін көрсетеді. Исра және Миғраж түнінде мұсылмандар намаздарын шын ықыласпен оқып, арнайы дұғалар жасайды. Исра оқиғасынан кейін мұсылмандар Құддысты қасиетті қала ретінде танып, сол жаққа қажылыққа баруға ерекше көңіл бөлген.
Ережеп айында бір күн болса да ораза ұстау – үлкен сауап. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде былай делінген:
“Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала оның күнәларын кешіреді. Екі күн ораза ұстағанға сауап ретінде Жәннаттың есіктері ашылады. Ал үш күн ораза ұстаған адам тозақтан алыстатылады.” Бұл хадис Ережеп айының әрбір күнінде ораза ұстаудың сауапты әрі құнды екенін айғақтайды. Мұсылмандар үшін бұл ораза өздерінің рухани өмірін байытуға, ішкі сабырлыққа жетуге, сондай-ақ Аллаға шүкірлік етуге мүмкіндік береді. Бірде сахабалардан Әбу Һурайра (р.а.) Ережеп айында ораза ұстап, күні бойы мешітте құлшылық еткен адамды көріп, таңқалған екен. Ол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бұл амалдың сауабы туралы сұрағанда, Алла елшісі:
“Бұл ай – Алланың кешіріміне толы ай. Осы айда шын жүректен құлшылық еткендерге үлкен марапат бар,” – деп жауап берген. Бұл оқиға мұсылмандарды Ережеп айында ерекше құлшыныспен әрекет етуге шақырады
Ережеп – тәубе айы. Мұсылмандар бұл айда Алладан кешірім сұрап, өздерінің жасаған қателіктері үшін истиғфар айтады. «Астағфируллаһ» сөзін күнделікті айтып, жүректі рухани тазарту – бұл айдың басты амалдарының бірі. Және әлбетте садақа беру. Садақа – кез келген уақытта сауапты іс, ал Ережеп айында оның сауабы еселенеді. Мұқтаж жандарға көмек беру, жетім-жесірге жәрдемдесу – бұл айдағы ең ізгі амалдардың бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде аштықтан қиналып отырған мұсылмандарға өзіндегі барын таратып, кейін үмбетіне:
“Біреуге жәрдем беру – ең үлкен садақа. Ал мұны Ережеп айында жасаудың сауабы ерекше,” – деп өсиет айтқан.
Ережеп айы – дұға қабыл болатын ерекше уақыттардың бірі. Мұсылмандар Жаратушыға шынайы ықыласпен дұға етіп, өз тілектерін білдіреді. Сонымен қатар, «Субханаллаһ», «Алхамдулиллаһ», «Аллаһу Акбар» сияқты зікірлерді жиі қайталау да бұл айдың хикметін арттырады. Ережеп айының қадірін арттыратын көптеген ғибратты оқиғалар мен тарихи мысалдар бар. Солардың бірі – Мәдина қаласында орын алған мына бір оқиға.
Бірде Әбу Бәкір (р.а.) Ережеп айында науқас көршісіне көмек қолын созып, оның барлық мұқтажын өтепті. Кейін ол адам Исламды қабылдап, Әбу Бәкірдің осы айдағы игі ісі оны терең әсерлендіргенін айтқан екен. Бұл оқиға мұсылмандардың айналасындағы адамдарға жақсылық жасап, олардың жүрегін жұмсартуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Және мұсылмандарды Шағбан мен Рамазан айларына рухани тұрғыдан дайындайтын ай. Бұл айда жасалатын әрбір амал – келесі қасиетті айларда жасалатын құлшылықтарға негіз қалайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
"Кім Ережеп айын қадір тұтса, Алла Тағала оның келесі Рамазандағы құлшылығын жеңілдетеді," – деп айтқан.
Ережеп айы – күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, Алланың құдіретіне терең бойлау мүмкіндігі. Бұл ай мұсылманға жан дүниесін тазалап, өз амалдарын саралап, келесі қасиетті айларға дайындауға шақырады. Ережептің әрбір сәтін сауап жинауға арнайық, себебі Алла Тағала бұл айды пенделеріне ерекше мейірім көрсету үшін берген. Мұсылман үшін Аллаға бет бұрып, өзін-өзі рухани жетілдіруге ең керемет мүмкіндік. Бұл айда жасалған амалдардың сауабы еселеніп, келесі қасиетті айларға жол ашады. Әрбір мұсылман осы айдың қадірін түсініп, күнәлардан арылып, ізгі істерге ұмтылуы қажет. Ережеп айының әр сәтін құлшылықпен, дұға-тілекпен, садақа берумен және ораза ұстаумен өткізу арқылы Алланың разылығына жетейік. Алланың рақымы мен мейірімі мол бұл айда барша мұсылманға берекелі амалдар жасау нәсіп болсын!
Иманғали Марал
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының бас имамы