Күлкі намазды бұзады ма? 307

Күлкі намазды бұзады ма?

30 қазан 2020 1203 Оқу 1 минут

Егер намаздағы кісі өзгелер еститіндей дауыспен күлсе, намазымен қоса дәреті де бұзылады. Әбу әл-`Аалия:

«Көзінде зағиптығы бар бір кісі мешітке кіргенде Аллаһтың елшісі жамағатпен намаз оқып тұрған еді. Ол мешіттегі бір шұқырға сүрініп құлаған. Сонда жамағаттың бір тобы күліп қойған. Намазын аяқтаған соң Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) күлген кісілерге дәреттері мен намаздарын қайта атқаруларын бұйырған», – деген1.

Ал егер өзі ғана еститін дауыспен күлсе, намазы ғана бұзылады. Әбу Суфиян (Аллаһ оған разы болсын):

«Жәбирден (Аллаһ оған разы болсын) намазда күлген кісі туралы сұралғанда ол: «Дәретін қайта алмайды, бірақ намазын қайта оқиды», – деді деген2.

Күлімсіреу не жымию намазды бұзбайды. Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) :

«Намазды күлімсіреу бұзбайды, бірақ дауыстап күлу бұзады», – дегенін жеткізген3. Тағы бір хадисте Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің: «Жымию намазды бұзбайды, бірақ дауыстап күлу бұзады», – дегенін жеткізген4.

  1. Жамалуддин ибн Али ибн Мухаммад әл-Жаузи. «ат-Тахқииқ фи Әхаадиис әл-Хиләәф»: 1/196. Дәрежесі: мурсал.
  2. «Муснад Әби Йа`лаа»: 4/204. Хусейн Салиим Әсад: Муслимның шартына сай тізбегі сахих, – деген.
  3. ат-Тобароони. «әл-Мужам ас-Соғиир»: Дәрежесі: тізбегі әлсіз.
  4. әл-Байһақи. «Сунан әл-Куброо»: 2/251. Дәрежесі: тізбегі әлсіз. Бұл хадистердің дәлелге алыну себебі: олардың мағынасына қайшы сөйлейтін сахих хадистер мүлде жоқ.

«Ислам ғылымхалы»