Мәуліттегі басты мәселе не екенін білесіз бе? 359

Мәуліттегі басты мәселе не екенін білесіз бе?

09 қараша 2020 212 Оқу 1 минут

Тәубе сүресінде: «Расында сендерге өз араларыңнан (яғни, араларыңда туып өскен) хақ пайғамбар келді. (Оның сендерге жанашырлығы соншалық – азапқа немесе қиын жағдайға душар болғандарың былай тұрсын) тіпті, болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар әрі мүміндерге сондай жанашыр өте мейірімді[1]», - деген аят бар. Бұл аят – ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үмбетіне деген сезімін нәзік суреттейді. Бірінші қасиеті, сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін деген мейірбандылық. Ол кісінің күні-түні үмбеті үшін жүрегі сыздайтын. Үмбетіне зәредей залал келуі пайғамбарымызға өзіне тиген зияннан анағұрлым ауыр тиетін. Адам баласы мұндай мейірімді тек анасынан ғана көрсе керек. Екінші қасиеті, «ынтық болу және ынтызарлық». Үмбетіне пайдалы әрбір дүниені іздейтін. Артынан ерген мұсылмандарға ең қажетті әрі керекті дүниелерді ойлайтын. Бұл да баласына жылы мен жұмсақты ұсынған ата-анаға ғана тән қасиет. Соңғысы, жанашырлық пен мейірімділік. Бұл қос қасиетіне байланысты Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің: «Алла Тағала сені неліктен – жанашыр әрі мейірімді дегенін енді түсіндім», - деп айтқан.

Бұл әз пайғамбардың (с.ғ.с.) Тайф қаласына барған кездегі оқиғасы еді. Аталмыш қаланың тұрғындары ардақты Пайғамбардың сөзін мұқият тыңдап, артынан үлкен опасыздық жасады. Жер бетіндегі ең ардақты адамға ата жауындай қарап балаларының қолына тас пен таяқ беріп ұруға бұйырды. Қаланың шетіне аман-сау шығып, денесіндегі жарақатынан қансырап отырған пайғамбарға лезде көктен періште түсті. Бір ауыз әмір берсе, қаланы астаң-кестең етуге даяр тұрды. Сонда мұншама қорлық пен жәбір көрген пайғамбар: «Иә, Раббым! Болашақта бұлардың арасынан Аллаға иман ететін ұрпақ өсіріп шығара гөр», - деген жанашырлықпен дұға тіледі. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осыншама мейірімділігін көрген періштенің өзі таң қалды. Сол кезде ұлық періште Жәбірейіл: «Алла Тағала сені неліктен – жұмсақ әрі мейірімді дегенін енді түсіндім», - деген екен.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сендердің ешқайсысың мені бала-шағасынан, ата-анасынан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл иман келтірген бола алмайсыңдар[2]», - деген сөзі бар. Бұл хадис адамның табиғатының бір қырын көрсетеді. Адам ең бірінші өзі туған баласын жақсы көреді. Баласын өзіне ұқсағаны үшін жақсы көреді. Сондай-ақ, ата-анасын да жақсы көреді. Мұның барлығы адамның өзін жақсы көруінен туындайды. Жалпы, ата-анаға және бала-шағаға деген махаббат дұрыс болуы үшін оның бастауы дұрыс болуы қажет. Үмбетім, үмбетім, - деп дұға еткен пайғамбарды жаннан артық жақсы көру бұл сезімдерді жүйелей түседі. Мәселен, ұзақ жылдар бойы намаз оқып, ораза тұтып жүріп пайғамбарға деген махаббаттың дәмін сезбеуіміз мүмкін.

Ал, баласы үшін әр нәрсеге даяр тұрады. Бұл бір шетінен табиғи тума түйсік. Бұл сезім адам мен жануарға ортақ түйсік. Баласы жыласа, сұрағанын дереу тауып береді. Ал, саналы жақсы көру бұл басқаша болады. Саналы жақсы көру баланың адам боп қалыптасуы үшін жасалатын қадам. Сондықтан ата-ана баланы жастайынан білімге, өнерге және спортқа береді.

Имам Мұхаммедтің хадис еңбегінде: «Балаларыңа үш қасиетті үйретіңдер: Пайғамбарды жақсы көру, оның әулетін жақсы көру және Құран оқуды[3]», - деген риуаят бар. Қазақты бір ауыз сөзбен «Мәмбет» деп атаған. Бала күнімізде мұны қорлық сөзі деген түсінікпен өстік. Алайда бұл қазақтың пайғамбарына деген сүйіспеншілігі мен құрметі екен. Бұл дегеніңіз қазақтың әр шаңырағында бір Мұхаммедтің болғанын білдіреді. Балаға күнделікті жасалатын сүннет амалдарды үйреткен жөн. Оның сыры мен хикметін түсіндіру арқылы ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сый-құрметі мен сүйіспеншілігін бойына сіңіре аламыз.

Бүгінгі таңда, мәуліт – бидғат деп дауласу көп. Төрткүл әлем салауат айтып, өнегелі өмірін оқумен айналысып жатқанда осы бір құтты амалды жасаудың орнына дау-дамаймен уақыт өткізудеміз. Әр жылы бір рет оның өмірбаянын оқып тұрса, біздің қоғам анағұрлым мейірімді болар еді. Қоғамдағы көптеген келеңсіздіктердің шешімі мен жауабын оның ғибратты ғұмырынан табуға болар еді. Айтпағымыз, мәуліттегі басты мәселе негізсіз дауласумен уақытты зая ету емес. Мәуліттегі басты мәселе – сүннетпен өмір сүруді үйрену. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянымен танысу болып табылады.


Алмат Әли

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы


[1] Тәубе сүресі, 128-аят.

[2] Муслим.

[3] Жамиғ Сағир.