ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ 2048

ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ

02 қыркүйек 2022 189 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Асыл дініміз Исламда білім үйрету, ұстаздық ету сауапты әрі құрметті іс деп танылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 9-аятында:

هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لا يَعْلَمُونَ

«Білгендер мен білмегендер тең бе?» – деп айтқан.

Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы.

Қазақ халқы: «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы», «Атпаз көрген – ат таныр, ұстаз көрген – хат таныр», «Ұстазыңды әкеңдей сыйла», – деп ұстаз адамды құрметтеп, сыйлауға шақырған.

Абай хәкім: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқанындай, адам бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына, оны тәрбиелеген ұстазының маңызы өте үлкен. Айталық, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан.  Олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.

Сол себепті де әр адам өзіне тәлім үйреткен ұстаздары алдында өзін қарыз сезініп, оларды  сыйлап, құрметтеуі тиіс. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   хадисінде:

مَنْ لا يَشْكُرُ النَّاسَ لا يَشْكُرُ اللَّهَ

«Адамдарға рахмет айтпаған Аллаға да шүкірлік етпеген болады» ,–деген (имам Әбу Дәуд).

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Ғалымның алдына келгеніңде көпшілікке берген сәлеміңнен оған бөлек сәлем бер. Оның алдыңғы жағына отырып әрі қолдарың және көздеріңмен ешқандай белгі көрсетпе. «Пәленше басқалай айтып еді», – деп айтпа. Тұруды қаласа киімінен тартпа, көп сұрақ қойма, дөрекі жауап беруші болма. Оның сырын біреуге айтпа әрі оның қасында ешқашан бос сөз сөйлеме. Одан қателік іздеме, ал егер қателесетін болса, оның ақталуын қабыл ет. Сен оны Алланың ризалығы үшін сыйлап, құрметтеуге тиіссің. Ал егер ол бір нәрсеге мұқтаж болса, басқалардан бұрын сен бірінші қажетінде болуың керек», – деген.

Мұсылман адамның ұстазы алдында атқаруы қажетті болған арнайы әдептер бар. Ұстаздармен қарым-қатынастағы әдебіміз мынадай амалдар арқылы  көрініс табады:

Бірінші: Ұстазды құрметтеу

Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі», – демекші, әр адам ұстаздарға деген ерекше құрмет көрсетуі қажет. Таус (Алла оны рахымына бөлесін): «Ғалымды сыйлау – сүннеттен» , – деп айтқан. Ұстазды құрметтеуге – оның алдында кішіпейілдік таныту, жүргенде алдына түспеу, есік ашып бірінші кіргізу, жөнсіз сұрақтармен мазаламау, бірінші болып сәлем беру сияқты істер жатады. Ұстаз адам бір мәселеге жауап берген кезінде «бәленше ол жайында былай деп айтқан» деудің өзі құрметсіздік деп танылады.

Әбу Ғубайд әл-Қасим ибн Саллам өзінің ғалымдарға деген құрметін: «Мен ешқашан мухадистен кіруге рұқсат сұраған емеспін. Әрқашан оның өзі шыққанша күтетінмін. Өйткені, Алла Тағаланың қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 5-аятындағы:

وَلَوْ أَنَّهُمْ صَبَرُوا حَتَّى تَخْرُجَ إِلَيْهِمْ لَكَانَ خَيْرًا لَّهُمْ وَاللهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Егер сен оларға шыққанға дейін олар сабыр етсе, әрине өздеріне жақсы болар еді» , – деп айтқанын осылайша түсінетінмін», – деп білдірген.

Бұрынғы өткен атақты ғалымдардың өмірін оқитын болсақ, олардың әрқайсысы өзінің ұстаздарына ерекше ілтипат пен құрмет танытқандығын байқауымызға болады.

Мысалы, Имам Шағби (Алла оны мейіріміне бөлесін) былай дейді: «Бір жаназа намазын оқығаннан кейін Зәйд ибн Сабитке (Алла оған разы болсын) мініс көлігін жақындаттым. Осы кезде Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) келіп, үзеңгіні ұстап бергісі келді. Бұны көргенде, Зәйд: «Уа, Алла елшісінің ағасының баласы! Олай істеме, үзеңгіні жібер», – деді. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Жоқ, бізге ғалымдарға құрмет көрсету бұйырылған», –деп, оған көлігіне отыруына жәрдемдесті. Бұны естігенде, Зәйд (Алла оған разы болсын) дереу: «Олай болса, бізге де ардақты Пайғамбарымыздың туыстарына осылай құрмет көрсету бұйырылған», – деп, Ибн Аббастың қолынан сүйді».

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оны мейіріміне бөлесін: «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», – деген.

Бұқара ғалымдарының бірі медреседе сабақ беріп отырып қайта-қайта орнынан тұрады. Себебін сұрағанда: «Ашық тұрған есіктен ұстазымның ойнап жүрген баласы әлсін-әлсін бой көрсетіп қала берді. Ұстазыма құрмет ретінде әр көрінген сайын мен орнымнан тұрдым», – деп, ұстаздың жақындары мен бала-шағасын да құрметтейтіндігін көрсеткен.

Қисса

Имам Мәлик (Алла оны мейіріміне бөлесін) бір күні Һарун Рашидке барады. Сонда халифа оған: «Уа, Абдулланың әкесі! Сен «Муатта» кітабыңнан менің балаларыма келіп сабақ беріп тұруыңды қалаймын» – дейді. Сонда Имам Мәлик халифаға: «Уа, мүминдердің әміршісі! Алла Тағала сізге ұлы мәртебе берсін! Асылында білімнің қадірі сіздерден басталады. Егер сіздер білімді құрметтесеңіздер, білім құрметті болады. Ал, білімді қорласаңыздар білім қадірсіз нәрсеге айналады. Сол себепті білім – барып берілмейді, білім – келіп алынады» – деп, халифаның баласы өз аяғымен келіп, білім үйренгені жөн екендігін өсиет етеді.  Бұны естіген халифа Һарун Рашид: «Сөзіңіз өте орынды», – деп, балаларына өзге балалардай мешітке барып, сабаққа көпшілікпен бірге қатысуларын бұйырады. Тіпті халифаның өзі де балалары мен бірге имам Маликтің дәрісіне қатысып тұратын болған.

Екінші: Ұстазды жақсы көру

Ғалымдар – Алла Тағала екі дүниеде де дәрежелерін көтеріп қойған қадірлі адамдар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мужәдәлә» сүресі, 11-аятында:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آَمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», – деп айтқан.

Сондықтан да білім алуды көздеген адамның жүрегінде білім иелеріне деген ерекше құрмет пен махаббат болуы тиіс. Себебі, білім иесін жақсы көру – білімді жақсы көрудің көрінісі. Абай хәкім:

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз.

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз, – деп, ұстаз адамдардың артынан махаббатпен еруді өсиет еткен. Білімге махаббат қойып, ғалымдарды қадір тұтқан адамға білім де тез қонады. Сол себепті де хәкім қара сөзінде: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі», – деген.

Шәкірттің ұстазға деген махаббаты – оны құрметтеуі, қызметінде болуы, берген тапсырмаларын орындауы, оның алдында дауыс көтеріп сөйлемеуі сияқты істерден білінеді.  Мысалы, адамзаттың ардақ тұтар ұстазы болған хазіреті Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары қандай дәрежеде жақсы көріп, онымен қандай көркем түрде қарым-қатынас жасағандығы белгілі.  Алла Тағала  Құран аяттары арқылы сахабаларға Алла елшісіне  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметтің қалай атқарылуы керектігін үйретіп отырған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 2-3-аяттарында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَرْفَعُوا أَصْوَاتَكُمْ فَوْقَ صَوْتِ النَّبِيِّ وَلاَ تَجْهَرُوا لَهُ بِالْقَوْلِ كَجَهْرِ بَعْضِكُمْ لِبَعْضٍ

أَن تَحْبَطَ أَعْمَالُكُمْ وَأَنْتُمْ لاَ تَشْعُرُونَ. إِنَّ الَّذِينَ يَغُضُّونَ أَصْوَاتَهُمْ عِنْدَ رَسُولِ اللهِ أُولَئِكَ الَّذِينَ امْتَحَنَ اللهُ قُلُوبَهُمْ لِلتَّقْوَى لَهُم مَّغْفِرَةٌ وَأَجْرٌ عَظِيمٌ

«Әй мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысының үстіне көтермеңдер. Өзара бір-біріңе дауыстағандай Пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер. Амалдарың жойылып, оны сезбей де қаласыңдар. Шынында Пайғамбардың жанында дауыстарын бәсеңдеткендер, міне солар, Алла жүректерін тақуалық үшін сынағандар. Оларға жарылқау әрі зор сыйлық бар» , – деп айтқан.

Хазіреті Омар да (оған Алла разы болсын) осы аяттар түскеннен кейін ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында өзге біреуге сырын айтып тұрған адамдай, өте бәсең түрде сөйлейтін болған екен. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның сөзін түсінбей қалып: «Омар қаттырақ айт», – дейтін еді.

Мұсылман адам осындай қасиетті Құран аяттарын үлгі ете отырып, пайғамбарлардың мирасқорлары болған ғалымдарды жақсы көріп, құрметтей білуі тиіс. Мысалы, имам Имам Шафиғи (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мен имам Маликтің қасында болғанымда ұстазыма естілмесі үшін кітаптың беттерін ақырын әрі асықпай ашып парақтайтынмын», – деген.

 Үшінші: Ұстаздың сөзін бөлмеу

Ұстазбен сөйлесу барысында шәкірттің сөзінен ерекше ілтипат сезілуі тиіс. «Ұстаз алдында тілің тый, ұста алдында қолың тый» демекші, ұстаз тұрғанда оның алдына шығып сөйлемеу, ол сөйлеп жатқанда сөзін бөлмеу, ұстаз сөзін аяқтағанда ғана сөйлеу сияқты әр адам білуі маңызды. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жиналған адамдармен әңгімелесіп отырған кезде оған бір бәдәуи келіп: «Қиямет қашан болады?» – деп сұрады. Алла елшісі  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған жауап берместен, әңгімесін одан әрі жалғастыра берді. Сонда кейбір адамдар: «Ол бәдәуидің айтқанын естіді де, бірақ оған оның айтқаны ұнамады», – десе, енді бірі: «Жоқ, ол естіген жоқ», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін аяқтағаннан кейін: «Қиямет жайлы сұраушы қайда?» – деді. Бәдәуи: «Мен мұндамын, иә Алланың елшісі», – деп дауыстады. Сонда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аманат опат болған кезде қияметті күте бер», – деді. Бәдәуи: «Ол қалайша опат болады?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол іс бұған лайықсыздарға жүктелгенде болады және сол уақытта Қияметті күте бер», – деді» (имам Бұхари).

Сахарада мекен еткендіктен бәдәуи халқы әдептен, өркениеттен алыс әрі мінездері де дөрекі келетін. Хадистен көргеніміздей, келген бәдәуи Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін бөліп, сұрақ қояды. Ал Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса, бастаған әңгімесін үзбей, аяғына дейін тәмамдағаннан кейін барып, әлгі кісінің сұрағына жауап береді. Бұл хадистен біздің тақырыбымызға байланысты екі сабақ алуға болады.

  1. Әңгімелесіп жатқан басқа адамдардың сөзін бөлмеу;
  2. Қандай да бір әңгіменің басын бастаған адам сөзін үзбей аяғына дейін тәмамдау.

Төртінші: Ұстазды жөнсіз сұрақтармен мазаламау

Білім алу барасында дұрыс сұрақ қоя білудің мәнісі зор. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 43-аятында:

فَاسْأَلُواْ أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ

«Білмеген болсаңдар білім иелерінен сұраңдар», – деп бұйырған. Бұл аятта Алла Тағала адамның білмегенін сұрап алуы міндет екендігі айтылуда. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

شِفَاءُ الْعِيِّ السُّؤَالَ

 «Білместіктің шипасы – сұрақ», – деген (имам Әбу Дәуд).

Дұрыс қойылған сұрақ-білімнің жартысы саналады. Әр ісінде әдептілікті сақтайтын мұсылман адам сұрақ қоюдың жөні осы екен деп, ойына келген кез- келген сұрақты қоя беруіне болмайды. Оның да өзіндік әдептілігі бар.

Мысалы, ұстазға қойылатын сұқрақ нақты әрі түсінікті болуы керек. Себебі, қысқартып айтуға болатын сұрақты ұзақ оқиғамен өрбітіп әкеліп сұрау – сұрақ әдебіне қайшы келеді. Бір жағынан бұл жауап беруші ұстаздың да уақытын алуы мүмкін. Әрине, егер қысқа қою түсініксіз болып, оны кеңінен баяндау қажетті болған жағдайдың мәнісі басқа. Алайда, «Сүннеттің анасы» деп аталған, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Жәбірейіл періштенің адам кейіпінде келіп қойған сұрақтарына мән берер болсақ:  «Маған Ислам жөнінде хабар бер», «Маған иман жөнінде хабар бер», «Маған ихсан жөнінде хабар бер», – деген түрде өте анық әрі нақты сұрақтарды қойғандығын байқаймыз.

Сол сияқты сұрақ қоюшы ұстазға қояр алдын сұрағының орынды не орынсыз екендігі турасында ойланып, ой елегінен өткізіп барып, сұрағаны дұрыс болады. Имам Әбу Ханифа мешітте отырғанында, басына сол заманның ғалымдарына ұқсас қылып сәлде киген, бір адам кіріп келеді. Сонда Имам Әбу Ханифа әлгі кісіге құрмет ретінде аяқтарын жинаңқырап отырады. Әлгі кісі Әбу Ханифаға: «Иә Әбу Ханифа, ораза ұстаушы ауызын қай уақытта ашуы қажет?», – деп сұрақ қояды. Сонда имам Әбу Ханифа: «Күн ұясына батқанда», – дейді. Әлгі адам: «Егер күн түннің ортасына дейін батпаса не істейді», – дейді.  Имам Әбу Ханифа жымиып, қайтадан аяқтарын кішкене созыңқырап, еркін отырған екен. 

Қадірменді жамағат!

Абай Құнанбайұлы: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп айтқанындай, ұстаздық ету – үлкен қайрат пен жігерді, ұстамдылық пен сабырлықты қажет ететін мамандық. Хазреті Әли (Алла оған разы болсын): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», – деп, бір әріп болсын үйреткен адамға адам баласы алғыс білдіруі тиіс екендігін айтқан. Сол себепті де әр адам білім үйретіп, ісімен үлгі болып жүрген ұстаздарды құрметтеп, сыйлай білуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ الْعُلَمَاءَ وَرَثَةُ اْلأنْبِياءِ، إِنَّ اْلأَنْبِياءَ لَمْ يُورِثُوا دِيناراً وَلَا دِرْهَماً إِنَّمَا وَرَثُوا الْعِلْمَ فَمَنْ أَخَذَهُ أَخَذَ بِحَظٍّ وَافِرٍ.

«Шынында ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені»– деген. 

Алла Тағала ұрпағымызға пайдалы білім беріп жатқан ұстазарымызды аман-есен етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!