ӘДІЛДІК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БАР 2044

ӘДІЛДІК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БАР

02 қыркүйек 2022 105 Оқу 1 минут

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауын Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды бетбұрыс деп қабылдадым. «Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады» деді Президент өз сөзінде. Әділдік бар жерде, береке бар, берекелі қоғам бар. Ал әділдік жоғалған жерде адам өмірінің берекесі болмайды.

Әділдік – нағыз мұсылманның сипа­ты, адамның әр ісін әсем­дей­тін құндылық. Алла Тағала­ның көркем есімдерінің бірі – «әл-Адл», яғни Әділетті. Сон­дықтан Жаратушы Иеміз әділ­дікті сүйеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Негізінде Алла әділдікті, игі­лік­ті және ағайынға қарай­ласу­­ды бұйырады. Сондай-ақ ар­сыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды», делінген («Нахл» сүресі, 90-аят). Әділ болудың аясы кең. Яғни өтірік айтпау, біреудің ақы­сын жемеу, уәдеге берік болу, таразыдан алдамау, т.б. сипаттардың бәрі де – әділдіктің көрінісі.

Мемлекет басшысы Жол­дауында Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформалардың нақ­ты бағдарларына тоқталды. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қол­дау, бәсекелестікті дамыту, салық және бюджет саясаты, жер қойнауын игеру, су тапшылығы, инвестиция тарту, ұлттық табысты әділ бөлу, еліміздің тран­зит­тік қуатын арттыру, жер­гі­лікті жолдарды жақсарту, ауыл шаруа­шылығын дамыту, т.б ма­ңызды міндеттерді шешудің жолдарын көрсетті. «Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы еліміздің басты құндылығы адам екенін баса айтып, тұрғындардың әлеуетін көтеру мақсатында ұлттық байлықты тең бөлуді және баршаға бірдей мүмкіндік беруді ұсынды.

Президент Жолдауында табысты ұлт болудың маңызды шарты білімнің сапасын көтеру екені айтылды. Осы бағытта оқушылардың жақсы білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатынын хабарлады. Жоба аясында еліміздегі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілетінін атап өтті. «Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде» дей келе балаларды білімге бау­лып келе жатқан ұстаздардың беделін көтеру бағытында да оң өзгерістер жасалатынын айтты. Шынында, мемлекетіміздің дамуы жолында ұстаздардың сіңірген еңбегі зор. Президент Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екенін айтып, ұстаздарға ерекше құрмет көрсетті.

Жолдауда әсіресе балаларға көп жағдай жасалатыны, атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатыны, сондай-ақ «Ұлт­тық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қолға алынатыны ай­тылды. «Ұлттық қордың жыл са­йын­ғы инвестициялық табы­сы­ның 50 пайызын балалар­дың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімі­нен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді», деді Президент. Бұл – Әділетті мемлекет орнатудың, Ұлттық қордың халық игілігіне жұмсаудың нақты қадамы.

Хақ Тағала Құранда: «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (айтқан сөздерің мен үкімдеріңнің бәрін естуші) һәм Басир (не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруші)» («Нисә» сүресі, 58-аят) деп әмір етеді. Әділетті мемлекет орнатудың тағы бір көрінісі қазылар қауымының қайта жасақталуы деп білемін. «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жа­ңартып жасақтау керек», деді Мемлекет басшысы. Қазылардың білікті, адал, жемқорлықтан таза болуы қажеттігіне баса мән берді. Сондай-ақ судьялардың дер­бестігін арттыру, күштік құры­лымдардың судьяларға қысым көрсетуі, жалпы сот жүйесін реформалауға қатысты нақты бағыттар айтылды.

Президент бүкіл қоғамға қатер төндіретін кісі өлтіру, қарақ­шылық жасау секілді қыл­мыс­тар мен отбасылық зорлық-зом­былықтың көбейіп бара жатқанын да еске салды. Отбасылық зор­лық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын айта келіп: «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын», деді. Расында, әрбір мұсылман ер адам өз отбасына жауапты. Отағасы өз отбасына қамқор болуға тиіс. Хадисте: «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың», – делінген.  

Соңғы үш жылда елімізде синтетикалық есірткі тұты­натын­дардың 10 есе көбейгенін алға тартып, мұндай есірткі сауда­сын «аса қауіпті әрі ауқым­­ды әлеуметтік кесел» деп баға­лады. Прези­дент тиісті ор­гандарға жалпы­­ұлт­тық деңгейде синтетикалық есірт­кіні өндіруге және таратуға қар­сы күрес жүр­гізуді және осы бағыт­та кешенді жоспар әзірлеуді міндет­теді. Сондай-ақ интернет және теле­фон арқылы жасалатын алаяқ­тық­тың да жолын кесуді тапсырды.

Мұндай реформалардың бар­лығы да мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаң­ғырта түсетінін мәлімдеген Мем­лекет басшысы Жолдауын: «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ой­лауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы» деп нықтады. Шынында, бұл реформалардың барлығы да береке мен бірлікті ту еткен Әділетті Қазақстанның жаңа бағ­дары деп білеміз.

Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда: «Көкті (аспан әлемін) көтер­ді және Таразыны (әділ­дікті, болмыстағы мінсіз өлшем мен тепе-теңдікті) орнатты. Таразыдан (әділдіктен, негізгі өлшем мен тепе-теңдіктен) ауытқып, шектен шықпауларың үшін. Таразыны әділ тартыңдар (сөзде де, істе де қара қылды қақ жарғандай әділ болыңдар). Таразыдан жемеңдер, өлшем мен тепе-теңдікті бұз­баңдар» («Рахман» сүресі, 7-9-аяттар) деп әмір етеді. 

Әділдік бар жерде береке бар. Мемлекет басшысы айтқандай, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық, қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

egemen.kz