СӘЛӘФИЛІК АҒЫМЫ 2605

СӘЛӘФИЛІК АҒЫМЫ

02 наурыз 2023 92 Оқу 1 минут

Ислам ғұламаларының көбінің пікірінше мұсылмандардың алдыңғы үш толқыны «сәләфу солихин» немесе «сәләф» деп аталған. Олар – исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары, табиғиндер (сахабаларға ергендер) және атбағут-табиғиндер (табиғиндерге ергендер). Сәләфтар Құран мен сүннетке ғана сүйеніп, соған сай амал еткен. Сондықтан олар хақ жолдағылар деп саналды.        

Қазіргі кезеңде өздерін «сәләфтар жолындамыз», яғни «сәләфи» деп атайтын діни идеологтар және олардың жақтастары өз идеологияларын Қазақстан аумағына араб елдерінен экспансиялап әрекет етуде. 

«Сәләфия» (сәләфизм) идеологиясының жақтастары, яғни «сәлафилер» Ислам дінінің монотеистік «таухид» концепциясын ұран етіп, мұсылмандарды Алланың бірлігіне шақыру, исламды бидғаттан тазарту, яғни, дінге жаңалық енгізулерге қарсы күресу, дінімізді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманындағыдай қалпына келтіру сияқты утопиялық идеялар мен мақ- саттарды көздеп, уағыз-насихаттарын жүргізуде. Ал іс жүзінде панарабистік бағыттағы саяси-фундаменталистік дүниетанымды ұранға айналдырып, сондай-ақ елімізде діни догматикалық қайшылықтарды туғызып, діндарларды бір біріне қарсы қоюмен және қоғамды бөлумен айналысуда.

Бұл ағымның негізін қалаушы – ХVІІІ ғасырда қазіргі Сауд Арабиясындағы Нәжд өлкесінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб (1703-1792). Ол алғашқы діни ілімдерді ханбали мәзһабы негізінде оқыды. Кейін Мекке мен Мәдина, Басра мен Бағдадта білімін жалғастырды. Сосын өз еліне оралып, діни жетекшілік қызметін бастады.  Басында арабтың бірнеше бәдәуи, яғни көшпелі шөл тайпалары тарапынан қолдау табады. Содан кейін өзінің саяси күресін кең ауқымда жүргізе бастайды. Араб елдерін біріктіру деген ұранмен шыққан бұл әрекет көп ұзамай Сауд династиясының саясатына, кейіннен осы әулеттің ресми идеологиясына айналады. Ал XIX ғасырдың басында бұл қозғалыс Арабия түбегінің көп бөлігіне жайылып үлгерді.

Уаһабилер ағымы фиқһи мәзһаб ретінде алғашында Ибн Тәймия (1263-1328) мен Ибн Қайим Жәузидің (1292-1350) жолын ұстанған. Уаһабилік қозғалысы кейініректе «сәләфия» деп атала бастады.

Сәләфилердің негізгі сипаттары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымынан айырмашылықтары:

  • діни қағидаларды ақылмен түсіндіруді терістеп, Құран және хадистерді тікелей мағынасында ұғынады;
  • Исламды түрлі жат әдеттер және барлық бидғаттардан тазарту қажет деп есептейді;
  • Алла мен адам арасындағы уасилә (дәнекерлік) мүмкіндігін жоққа шығарады;
  • зайырлы мемлекеттік құрылымды мойындамайды;
  • діни көзқарасына байланысты кейбір азаматтық міндеттерден (әскери борышты өтеу, мектепке бару т.б.) бас тартады;
  • зайырлы өмір салтына тән бірқатар үрдістерден (суретке түсу, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді атап өту т.б.) бас тартады;
  • матуриди және ашғари сенім мектептерін, сондай-ақ сүнниттік бағыттағы төрт мәзһабты мойындамайды;
  • кез келген сопылық жолын адасушылықта айыптайды;
  • ұлттық салт-дәстүрлерді бидғат әрі адасушылық деп санайды;
  • сәләфилік идеологиясын ұстанбайтын мұсылмандарға төзімсіздік танытады.

Өз кезегінде сәләфия ағымы ақида (сенім) немесе саяси мәселелерге байланысты әртүрлі ағымдарға бөлініп, бүгінде түрлі атаулармен әрекет етуде. Қазақстанда сәләфилік бағытындағы «мадхалия»«сурурия»«тәкфир» және «хаддадия» ағымдарының жақтастарын кездестіруге болады.

Сәләфия жақтастары Исламның «таухид» концепциясын басты идеологиялық платформа ретінде ұран еткенімен, сондай-ақ ұстаздары мен негізгі діни әдебиеттері көбінесе бірдей болса да, олардың діни-саяси ұстанымдары, дінді тарату форматы және әдістері әртүрлі, кейде бір-біріне қайшы келуі де мүмкін.

 

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі