24 Шәууәл
Отбасы-құрмет пен мейірім ордасы 4410

Отбасы-құрмет пен мейірім ордасы

10 сәуір 2025 33 Оқу 1 минут

Отбасы – қоғамның ең маңызды ұясы, ал Исламда ол ерекше орынға ие. Мұсылманға отбасының құндылықтары, тəрбие мен өзара құрмет жөнінде көптеген насихаттар мен аяттар айтылған. Отбасы – бұл тек бірге тұратын адамдардың жиынтығы емес, бұл махаббат, мейірім, құрмет, түсіністік жəне тəрбиенің ордасы. Бұл туралы əлемдердің Раббысы, Жаратушы Алла тағала қасиетті Құран Кəрімде: «Сендерден кімдер иман келтіріп, жақсы амалдар істесе, оларды біз əкесіне, балаларына жəне жұбайларына қайтара аламыз, əрі оларды жұмақ бақшаларында мəңгілікке орналастырамыз.» (Тахрим сүресі, 6-аят) дейді. Аяттың мағынасына үңілсек, шариғатта отбасының маңыздылығы қамтылған. Яғни, əрбір мұсылман үшін отбасы тек дүниелік байланыс емес, рухани да өзара байланыс орнататын орын болып табылады. Жұбайы мен балаларды тəрбиелеу, оларды дұрыс жолға салу - ер азаматтың ең маңызды міндеттерінің бірі. Себебі, жанұя мəселесінде отағасының ең көркем мəмілесін көрсете білген ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ең жақсы сенуші – ең жақсы мінезді болғаны. Ал сендердің ең жақсыларың - өз отбасына ең жақсы қарағандарың» (Тирмизи) - деп отбасындағы қарым- қатынастың озық үлгісін насихаттап, үмметіне ұғындырды.

Исламда отбасы мүшелеріне жақсы қарау, оларға құрмет көрсету, олардың көңілін қалдырмау – үлкен сауап. Сондай сауапқа себеп болу үшін шаңырақ шаттығында бірнеше қарым қатынас негізін басшылыққа алған жөн:

1.Махаббат пен мейірім. Отбасында махаббат пен мейірімнің болуы асыл дініміздің басты принциптерінің бірі. Бұған қатысты Алла Тағала жұбайлар арасындағы махаббатты Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім сияқты, сендер де оларға киім сияқтысыңдар»-деп жұбайлардың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі, бір-бірін қорғап, қолдау көрсетіп, көмек беруі керектігі айтылған.

2. Құрмет. Отбасы ішіндегі құрмет – рухани өмірдің маңызды негіздерінің бірі. Əкеге жəне анаға құрмет көрсету, жұбайлар арасындағы өзара сыйластық пен жылулықты арттырмақ. Сондай жылулықты көріп өскен бала да бойына әдептілік дәнін сіңіріп, ата-анасына деген құрметті түсініп, мәнін ұқпақ. Əке мен анаға деген құрмет туралы Құранда: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жылды алады. Ендеше: «(Уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)». (Лұқман сүресі, 14- аят)-деп баяндалады. Аяттағы ата-анаға шүкіршіліктен мақсат; балаға берген тәрбиесі, өсіп-өнуіне себепкер болғаны үшін рахмет айту, сый-құрмет көрсету деген мағынаны білдіреді дейді тәпсірші ғалымдар. Бұл туралы Бұқар жырау бабамыз:

Тірлігіңде сыйласқан,

Ата менен анаңды айт.

Адам үшін жаратқан,

Қызықты нәубет балаңды айт-деп отбасындағы әр жанның орны сыйластықпен нығаятынын дәріптеген.

3. Жауапкершілік. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Əрбір адам өз отбасына жауапты,»- (Бұхари) деп, əрбір адам өзінің отбасы мүшелеріне тиісті деңгейде жауапкершілікпен қарап, олардың материалдық қажеттілігінен өзге рухани, тұлғалық тарапына дұрыс тәрбие мен бағыт-бағдар беру керектігін назарда ұстаудың маңыздылығын айтқан. Бұл жайлы Әбубәкір Кердері:

Шамаң келсе сыйлаңыз,

Атаң менен анаңды…

Ізгі бала махшарда

Бір жаныңа панаң-ды-деп балаға берілген тәрбие келесі дүниеде де көрінетін жеміс екендігін түсіндіреді.

Отбасы – бұл тек бірге тұратын адамдар ғана емес, бұл мейірім мен құрметтің, тəрбие мен шартсыз махабаттың ордасы. Сол себепті де дінімізде отбасы құндылықтары жоғары бағаланып, əрбір мүшесіне өз міндеттері мен жауапкершіліктері жүктелген. Жұбайлар арасындағы өзара сыйластық, ата-ананың балаларға деген қамқорлығы, балалардың ата-анаға деген құрметі – барлық мұсылмандар үшін бұл дүниелік қана емес, қияметте де ерекше ескерілетін маңызды амалдарға жатады. Сондықтан шариғатымыз осы құндылықтарды сақтау арқылы отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен түсіністігін арттыруды көздейді.

Алла тағала баршамызды өмір сүру қағидаттары Пайғамбар өнегесіне сай, ізгі ұрпақ тәрбиелеуші берекелі отбасылардан еткей!


Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы

Нұрлыбек Шакизадаұлы