Шалқар: Республикалық форумда қабылданған құжаттар таныстырылды
Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен VI Республикалық имамдар форумында ел болашағы мен діни тұрақтылық үшін аса маңызды екі құжат қабылданды. Осы құжаттар Шалқар ауданында арнайы жиында аудан имамдарына таныстырылды.
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінде өткен басқосуда ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков форум аясында қабылданған құжаттардың мәні мен мазмұнын егжей-тегжейлі түсіндіріп, маңыздылығын айтты.
Имамдар форумында қабылданған құжаттар мыналар: «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы; «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» құжаты.
Бас имам Абзал Медетбеков бұл құжаттар отбасы институтының тәрбиелік мәнін айқындап, діни рәсімдерде бірізділікті қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті. Әсіресе, құдайы ас беру барысында орын алатын ысырап пен бәсекеге жол бермеу, дастарқан мәзірінің мазмұны мен мәніне ерекше мән беру қажеттілігіне тоқталды.
Одан өзге жиналыс барысында мешіт қызметінің сапасын арттыру, діни дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстарын жүйелеу, Құрбан айт мерекесіне дайындық мәселелері де жан-жақты қаралды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі