ШАҒБАН – ШАРАПАТЫ МОЛ АЙ 4118

ШАҒБАН – ШАРАПАТЫ МОЛ АЙ

31 қаңтар 2025 15 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Қадірлі жамағат!

Баршаңызды шарапаты мол Шағбан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!

Қасиетті Рамазан айының келгенін сүйіншілейтін Шағбанда әр шаңыраққа шаттық, бақыт пен береке тілеймін. Алла Тағала осы айда жасайтын дұға-тілектерімізді, құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей!

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне Шағбан айы кіргенде тазаланып, ниетімізді дұрыстауды өсиет еткен.

Алла елшісінің тағы бір хадис-шарифінде айтылғандай, Шағбан айында жасалған дұға кері қайтарылмайды. Ендеше, шарапаты мол Шағбан айында шынайы ниетпен еліміз бен жеріміздің игілігі үшін көп дұға жасайық.

Ізгі ғұламалардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады?» деген.

Осы айда ниетімізді түзеп, мүмкіндігінше нәпіл ораза ұстап, дұға жасап, көп жақсылық жасауға тырысайық. Құран оқып, қиналған жандарға, науқастарға, қиындыққа тап болған мұсылмандарға Алладан жеңілдік, шипа тілейік.

Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға береке нәсіп еткей! Ел іргесін берік етіп, Шағбанның шарапатына бөленуді, қасиетті Рамазан айына аман-есен жетуді жазғай! Әмин!