Құрбан шалудың  хикметі неде? 4561

Құрбан шалудың хикметі неде?

03 маусым 2025 95 Оқу 1 минут

 «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді. Ал ислам шариғатындағы ұғымы – құрбан айт күндерінде Алла Тағаланың разылығын көздеп, арнайы малды шалу амалы.

Яғни, Алланың бұйрықтарын орындау арқылы адам Жаратушысына жақындай түсіп, Ақырет күні үлкен сыйға кенеледі. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят).

Құрбан шалу – Құрбан айт мерекесінде орындалатын құлшылық және тек қана Алла разылығы үшін шариғат шарттарына сай малды құрбан ету арқылы жүзеге асады. Құрбан шалу – тек мал сою емес, оның астарында терең рухани мән-мағына, адам баласының Аллаға жақындау ниеті, тақуалығы, ризашылығын білдіруі жатыр. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде бұл ризашылықтың қияметте қандай нығметке бөлейтіндігін былай деп түсіндіреді: «Адам баласы Құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар». (Тирмизи).

Жаратушының бізге бұйырған құрбандық амалында көптеген хикметтер бар. Оның ең біріншісі – нәпсіні тәрбиелеу. Біз малымызды құрбан ету арқылы – Алла разылығы үшін бар қымбатымызды, тіпті жанымызды да құрбан етуге дайын екенімізді ишаралаймыз. Осы тұста ниетіміздің аса маңызды орында екендігін Алла Тағала Хаж сүресінің 37-аятында былай деп баяндайды: «Олардың (құрбандық малдарының) еттері де, қандары да Аллаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың (құрметпен, ықыласпен жасаған істерің) ғана жетеді...». Демек, Рахмен Иеміз біздің мал-мүлкіміз бен дүниемізге еш мұқтаж емес, керісінше Алланың бұйрығын орындау арқылы адам баласы өз-өзін жақсылыққа жетелейді.

Екіншіден, қоғамдағы мұқтаж жандардың қажетін өтеп, өзімізге игі іс жасау арқылы жүрек тыныштығын сыйлау. Шалған құрбандықтарымызды өзгелермен бөлісумен міскін жандардың алдындағы мұсылмандық хақымызды өтейміз. Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». («Хаж» сүресі, 28-аят). Иә, әлемдік ақпараттарға назар салсақ дүние жүзінде жылына миллиондаған мал сойылады, бірақ бұл сойылған малдың еттерінен мұқтаж жандар мақұрым қалуда. Ал Құрбан айтта осы жағдайы нашар адамдардың жүзіне күлкі үйіріліп, көңіліне сәл де болса қуаныш ұялайды. Яғни, асыл дініміз адамның көңіліне шаттық сыйлау парыз құлшылықтан кейінгі ең жақсы амал екенін әрдайым дәріптейді. Бұл жайында Ғұмар Қараш атамыз:

…Үшінші, айта барың күштілерге,

Азуылы арыстандай тістілерге.

Көп үйір болуышы тәңірі сүймес,

Күші жоқ әлсіздердің малын жерге.

Жеп хақын жетімдердің, жесірлердің,

«Көңілім енді өзіңе түсті» дерге.

Дүниені қандай талқан етсе-дағы,

Бір күні кірмей қалмас күшті жерге-деп жырларымен кейінгі ұрпаққа насихат еткен.

Үшіншіден, құрбандық шалу арқылы Раббысына деген шынайы бойұсынушы, риясыз иман етуші екендігінің көрінісін айқындайды. Яғни, құрбандық тарихының бастауы Ибраһим пайғамбардың Алла бұйрығына бойсұнуы мен Исмайыл пайғамбардың мойынсұнғыштығын еске алып, соны өз өмірінде мысал етеді. Сондай, бұйрыққа қарсы келмейтін ілтипатты құлдар жайлы Құранда былай делінген: «Ал кім Аллаға, пайғамбарға бой ұсынса, міне солар Алла нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шаһидтер және салиқалы құлдармен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас!» («Ниса» сүресі, 69-аят). Яғни, құрбандық амалы пендені мақтаулы құлдардың қатарына енгізбек.

Құрбан шалу – исламдағы мейірім мен тақуалықтың, мойынсұну мен шүкіршіліктің ғажайып көрінісі. Ол – пенденің Аллаға деген адалдығын, мұқтажға деген жанашырлығын, қоғамға деген жауапкершілігін паш ететін рухани тәрбиенің өзегі. Сондықтан да, әрбір мүмін мүмкіндігі болса, бұл қасиетті ғибадатты орындауға асығуы тиіс. Алла Тағала шалған құрбандарымызды қабыл етіп, жүректерімізге тақуалық пен мейірім ұялатсын!


Нұрлыбек Шакизадаұлы

РАНТ мүшесі, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы