Рамазаннан кейінгі жағдайымыз 653

Рамазаннан кейінгі жағдайымыз

18 мамыр 2021 318 Оқу 1 минут

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір сүйінші хабарында: «Алла Тағала айт күні періштелерінің алдында Өзінің пенделерін мақтаныш етіп: «Періштелерім! Өз ісін атқарған қызметшінің хақы қандай?», - деп сұрағанда, періштелер: «Уа, Раббымыз! Оның хақы – ақысын толық төлеу»,-дейді. Сонда Хақ Тағала: «Періштелерім! Менің құлдарым оларға міндеттеген парызымды орындап, Маған дұға ету үшін айт намазына шықты. Өзімнің құдіреттілігім, ұлықтығым, жомарттығым, жоғары мәртебе және дәрежеммен ант етемін! Мен олардың дұғасын қабыл етемін!»,-деп кейін пенделеріне: «Қайта беріңдер! Мен сендердің күнәларыңды кешіріп, жаман істеріңді жақсылықпен ауыстырдым», - дейді. Осыдан соң адамдар күнәлары кешірілген халде қайтады», - делінген.

Мінекей, ораза ұстаушы жан осылайша Жаратушы Иеміздің арнайы сыяпатына кенелумен рамазанды олжалы аяқтайды. Өкінішке орай, рамазан айымен қимай қоштасамыз. Біз он екі айдың сұлтанын ерекше дайындықпен қарсы алуға әрекет еттік. Құтты айда оразаны мейлінше пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткендей етіп тұтуға барымызды салдық. Күндізін оразамен ал, түнін намаз оқып өткіздік. Құран тиләуат ету, тарауих намаздарында сағаттап тұру және дұғамен өткізуге ұмтылдық. Рамазанға дейін қандай болдық, одан кейінгі рухани жағдайымыз қалай өзгерді? Рамазан айында иманның ләззатын біршама сезінгендей болдық. Алайда, осы оразадағы ахуалымызды келесі рамазанға дейін сақтай аламыз ба? Ендеше, рамазан айынан кейін рухани қалпымызды сақтап қалу үшін бірнеше аятты басшылыққа алуға кеңес береміз.

Бірінші аят. Өзгеруді өзімізден бастайық.

إِنَّ اللَّهَ لا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ

«Расында қандай да бір қауым өз ішінде өзгермейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді...» (Рағыд сүресі, 11-аят).

Мәселен, сіз – әкесіз. Сіз – бала-шаға мен жұбайыңызға әрбір іс-әрекетте үлгі тұлғасыз. Отбасы тәрбиесіне қатысты ұл-қызыңызға көптеген жақсы ой салатын сөздерді көп айтатын шығарсыз. Бірақ, сол сөздер сіздің жүріс-тұрысыңыздан көрініс таппаса, айтқан сөзіңіз желге кетеді. Зая болады. Темекі шегіп тұрып, балаңызға «темекі шекпе» дегеніңіз қаншалықты өтімді болмақ. Демек, бала-шаға мен әйеліңіздің жақсы болуын қаласаңыз ең әуелі сол жақсылыққа бейімділік өзіңізден көріну керек. Ұжымда да, ағайын-туыс арасында да осы қағида бойынша әрекет еткеніміз жөн.

Екінші аят. Еңбегіміз зая кетпесін.

وَلَا تَكُونُوا كَالَّتِي نَقَضَتْ غَزْلَهَا مِن بَعْدِ قُوَّةٍ أَنكَاثًا

«Жібін жақсылап иіріп алғаннан кейін қайта тарқатып жіберіп, бүкіл еңбегін еш қылған байғұс әйелге ұқсап...» (Нахыл сүресі, 92-аят).

Бұл керемет жол көрсетуші аят. Иә, рамазанда басқа айларда жасамаған көптеген ізгі амалдарды жасадық. Қайырымдылық не екенін де үйреніп, біраз адамға көмек те бердік. Бірақ, рамазан кетті деп, той бітті дегендей рамазаннан алдыңғы қалпымызға қайта түсу – қателік. Аяттың меңзегені осы. Яғни, күні бойы аш жүріп ауыз бекітіп, Құран оқып, түндерде тарауихта тұрып, жақсы жағынан өзгеруге тырысып жасаған амалдарымыз бейне бір иірілген жібі тарқатылып кеткені секілді еңбегіміз еш кетпесін! Қысқасы, рамазаннан кейін оразадағы алған иман қуаты артпаса кемімеуі тиіс.

Үшінші аят. Туралықтан танбайық.

فَاسْتَقِيمُوا إِلَيْهِ وَاسْتَغْفِرُوهُ 

«...Ендеше Оған тұппа-тура бет алыңдар және Одан күнәларың үшін кешірім тілеңдер...» (Фуссылат сүресі, 6-аят).

Рамазан жүректегі иманға серпіліс берді. Рамазан айында рухани ауаны жұтып, оның әсерін айналадан сезіне алдық. Пендешілікпен ағайын-туыс, көрші-қолаң және әріптестің арасына түскен сызатты жойып, қайта татуластық. Көңілдегі реніш кетті. Ендеше, осы алған тура бағытымыздан танбау сіз бен бізге ұлы бір міндет.

Рамазан – бізге нәпсіні тізгіндеуді үйретті. Өзгеге көмектесуді үйретті. Рамазан – бізді құранға ғашық етті. Сағаттап құлшылық жасауға тәрбиеледі. Рамазан – бізге сабырлы адамның бейнесін көрсетті. Райяан қақпасын қағармыз деген үміт сыйлады. Рамазан – Жаратқанның Өзі ғана өлшеп беретін сауапқа жетеледі. Рамазан арқылы Жаратқанға жақындауға тырыстық.

Ендеше, ораза ұстаған бауырым, рамазаннан кейін осы асыл қасиеттерді бойымызға сіңірген қалпымызда қалуға тырысайық! Құран – әрқашан айнымас досыңыз болсын. Сабыр – әрбір жетістікке жетуге, әр шыңды бағындыруда жәрдемші болсын. Жомарттық – мұқтажға көмек қолын созуға жетелесін. Бойыңыздағы күш-қайрат елді елдестіруге, жақсылық жасауға жұмсалсын. Білім-парасатыңыз – Алланы тануға, жағымды жаңалық ашуға арналсын. Батырлығыңыз – әлсізге күш көрсетуге емес, оларға қорған болуға бағытталсын. Рухани жаңғыруға жол ашқан Рамазанмен қайта қауышуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін! Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әмин!


Құрметпен,

Ақтөбе облысының Бас имамы 

Төлеби қажы ОСПАН