25 Шәууәл
Рамазаннан кейінгі рухани нәтиже: Жаңарған жүрек, күшейген иман 4406

Рамазаннан кейінгі рухани нәтиже: Жаңарған жүрек, күшейген иман

06 сәуір 2025 117 Оқу 0 минут

Рамазан – адамның рухани тазаруы мен жан дүниесін тәрбиелейтін берекелі ай. Бұл айда адам өз нәпсісімен күресіп, сабыр мен тақуалыққа дағдыланады, жүрегін тазартып, Аллаға жақындай түседі. Бірақ Рамазанның нағыз жемісі оның біткеннен кейін қандай адам болып қалатынымызда. Бұл тек бір айлық құлшылық емес, өмірімізге өзгеріс әкелетін, жүрегімізге Алланың нұрын ұялататын мүмкіндік.

Рамазаннан кейінгі ең маңызды нәтиже – осы айда жеткен биіктіктен қайта төмендемеу. Көп адам ораза біткен соң бұрынғы әдеттеріне қайтып оралып, қасиетті айда тапқан рухани байлығын жоғалтып алады. Алайда Рамазанның шын мәніндегі берекесі – оның жүрегімізге қалдырған әсерінде. Бұл айда күнәдан аулақ болуға, тілді жаман сөзден тиюға, көзді харамнан қорғауға, сабырлы болуға, өзгеге жақсылық жасауға үйрендік. Ендеше, неге осы қасиеттерді жыл бойы сақтамасқа? Ораза кезінде рухымыз тазарды, жүрегіміз жұмсарды, иманымыз күшейді. Енді осы тазалықты ары қарай жалғастыру маңызды. Намазға енді тұрған адам оны жалғастырсын, Құран оқуға әдеттенген адам оны өмірінің бір бөлігіне айналдырсын. Жақсылық жасауды үйренген жүрек мұны тек Рамазанмен шектемей, күнделікті өмірінің қағидасы етіп алсын. Өйткені Рамазан – бізге Аллаға қайтудың, шынайы мұсылман болудың мүмкіндігін сыйлайтын уақыт. Бұл ай бізге тақуалықты үйретті. Енді осы тақуалықты сақтай білу – нағыз мұсылманның белгісі. Ораза кезінде жалбарынған жүрек Рамазан өткен соң да дұғадан алыстамауы керек. Күнәлардан сақтанған жан, бұл тазалықты өмір бойы сақтауға тырысуы керек. Өйткені ең үлкен жеңіс – өзіңді жеңе білу, нәпсіңді тәрбиелеп, Алланың разылығына лайық болу.

Рамазан – уақытша емес, тұрақты өзгеріске бастайтын ай. Егер осы айдың бізге берген нұрын, тазалығын, тақуалығын ары қарай жалғастыра алсақ, міне, нағыз нәтиже сол болмақ. Алла Тағала жүрегімізді осы берекелі айдағыдай таза етіп сақтасын, Рамазан бізге тек бір айлық емес, өмірлік сабақ болсын!


Марал Иманғали

Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының бас имамы