Рамазан — рақым айы 23

Рамазан — рақым айы

16 тамыз 2020 119 Оқу 1 минут
  • Асемхан Бақтиярұлы, сұхбатымыздың басын Рамазан айы туралы түсінікпен бастасақ…

  • Жалпы айлардың сұлтаны атанған Рамазан айының бірнеше атауы бар. Рамазан — Құран түскен ай, сабыр айы, рахмет айы, ізгілік айы. Осы айда мұсылман адам оразамен қатар өзінің рухани кемелденуіне жол ашуы керек. Жақсылық жасап, айналасына мейірімділіктің шуағын көбірек шашса, нұр үстіне нұр болар еді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Рамазан айы келгенде жәннәт есіктері ашылып, тозақ есіктері құлыпталады және шайтан шынжырлармен байланып тасталады» — деген. Яғни, қасиетті айда адамдардың молынан сауапқа кенелуіне жол ашылады. Біздің халқымыздың ежелден рамазанды ерекше қастерлеп, «Он екі айдың сұлтаны» деп атағаны да содан. Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау мадақтар болсын! Олай болса, осынау таңдаулы айдың өзіне тән артықшылықтары да бар. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен. Рамазан айы — жылына бір рет келетін зор мүмкіндік.

-Карантин кезінде ораза ұстау халыққа қиындық тудырмай ма?

Ораза — адамдарды төзімділікке, сабырлыққа шыңдайды. Аллаға шүкір, шілденің аптаған ыстығында да, жұмыста жүріп, ораза ұстаған кездерден де өттік. Қазір көпшілігіміз үйдеміз және күн де ыстық емес. Осындай сын сағатында Аллаға құлшылық етіп, Жаратушыдан көбірек жәрдем тілегеніміз абзал.

-Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты, биылғы ораза несімен ерекшеленеді?

  • Бұл жағдайда биылғы оразаның бір айырмашылығы ретінде мұсылман Ораза — нәпсінің (эго) тойымсыздығынан туындайтын азғындықтан, оның жаманшылығынан сақтайтын және күнәларымыздың кешірілуіне бірден-бір себепкер болатын маңызды құлшылықтың түрі. Ардақты Пайғамбарлардың тарауық намазы мен ауызашарын өз үйлерінде өткізетінін айтуға болады.

  • Яғни, тарауық намазы отбасында оқыла ма?

  • Тарауық — сүннет намаз болып саналады. Әрине, жамағатпен оқудың сауабы мол болар еді. Дегенмен, індет қаупіне байланысты әркімнің отбасының ортасында оқығаны жөн. Еліміздегі қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты, Мүфтияттың тарапынан тарауық намазын әркім өзінің отбасымен бірге оқу ұсынылды.

  • Ораза кезінде ас беріп жатады. Осы мәселе қалай болмақ?

  • Әрине, дінімізде ауызашар беру сауапты іс болып саналады. Дегенмен, пандемияға байланысты адамдардың денсаулығы басты назарға алынып, ас беру, ауызашар сияқты шаралардан уақытша бас тартуымыз керек. Өзіңіз үйде құран оқып, садақа берсеңіз, үлкен сауап аласыз.

  • Жалпы, ораза кезінде асқа қаншалықты көңіл бөлген дұрыс? Дастарханда қандай тағамдар тұруы тиіс?

  • «Ас — адамның арқауы», сондықтан біз де ата жолдан танбай, денсаулығымызға зияны аз, күмәнді қоспаларсыз, пайдалы азық-түлік пен тағам түрлерін тұтынғанымыз абзал. Сондықтан ораза кезінде сәресін ішкенде, ауыз ашқанда, қатты тойып тамақтанбаған абзал. Біздің кейбір бауырларымыз кешке дейін қарным ашып қалмасын деп сәресіде артық жеп, ауыз ашқанда, қомағайланып жатады. Сонымен қатар, күнделікті дастарханымызда Алла Тағала тыйым салған тағамдардың тұрмауын қадағалап, Алланың біз үшін адал еткен нығметтерін игілігімізге жарата білсек деймін.

  • Биылғы пітір садақаның жан басына шаққандағы мөлшері қандай?

  • ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның жәшіктері мешіттің ауласында тұрады. Сол жерге салса болады. Сонымен қатар, халық жиі, көп баратын азық-түлік дүкендерінде, супермаркетте жәшіктер орналастырылған. Биыл арнайы шыққан ораза кестесі бар, сол ораза кестесінде терминалмен салатын ҚМДБ-ның арнайы шоты ашылды.

  • Қасиетті айдың қарсаңында халыққа айтар тілегіңіз?

  • Құрметті мұғалжарлықтар, төтенше жағдай кезінде үйде отырып, еліміз үшін дұға жасайық! Пайғамбарымыз айтқандай, бұл ай дұғалар қабыл болатын ай. Президентіміздің Жарлығымен жүзеге асып жатқан істер бірінші кезекте халықтың денсаулығын сақтау жолында атқарылып жатқан игі шаралар екендігі баршамызға аян. Сондықтан, сабырлық танытып, береке-бірлікте болу басты міндетіміз болғандықтан, тәртіпке мойынұсынуымыз керек. Еліміздегі барша ораза ұстаушыларды ел басына келген сынақтан аманесен өтуге және ел іргесінің бүтіндігі мен жұртымыздың тыныштығы үшін Жаратушыдан дұға тілеуге шақырамын.