Рамазанға дайындық 1468

Рамазанға дайындық

29 наурыз 2022 223 Оқу 1 минут

Рамазан – сауаптар еселеніп жазылатын ай. Ендеше, бұл айда мейлінше көп жақсылықтар мен ізгі амалдарды жасап қалуға, жаман әдеттерден аулақ болып, бойымызда бар теріс қылықтардан арылуға тырысқанымыз жөн. 

Рамазан айына дайындық Ережеп, Шағбан айларынан басталады. Ғалымдарымыз Ережеп айында ораза ұстаудың мұстахаб амалдарға жататындығын айтады.

Ал, Имам Бұхари мен Муслим (Алла ол кісілерді рақымына бөлесін) жеткізген хадисте Айша анамыз (Алла ол кісіге разы болсын) «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазаннан басқа ешбір айды толықтай оразамен өткізбеген. Оның (с.ғ.с.) Шағбан айындағыдан көп ораза ұстағанын көрмедім», - деген екен (Бұхари, 1969, Муслим, 1156).

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Шағбан айында көп ораза ұстауының себебі сұралғанда «Бұл Ережеп пен Рамазанның арасындағы адамдардың көбі ғапылдықпен өткізіп алатын ай. Бұл ай – амалдар әлемдердің Раббысының құзырына көтерілетін ай. Сол себепті, менің амалымның аузым ораза болған күйімде көтерілгенін қалаймын», - деп жауап береді (Нәсәи, 2356).

Бұл айлар өткен Рамазанда белгілі бір себептермен қаза етіп алған оразаларын өтей алмай жүрген адамдарға таптырмас мүмкіндік. Осылайша, Рамазанға ешқандай қарызсыз кіруімізге болады. Егер, өткен жылдан қазамыз болмаса, нәпіл оразалар ұстау арқылы ағзамызды да бір айлық тоқтаусыз ұсталатын Рамазан айына дайындаймыз.

Барлық адамның әр ай сайын белгілі бір күндерде ораза ұстауға мүмкіндігі бола бермеуі мүмкін. Кейбіріміздің мүмкіндігіміз болса да, ғапылдықпен ораза ұстай алмауымыз ықтимал. Сондай жағдайда Ережеп пен Шағбан айлары Рамазанның жақындап келе жатқанын ескертіп, ғапылдықтан оянуымызға себеп болады.

Сондай-ақ, бұл айларда ораза ұстаумен қатар, түнгі уақыттарда нәпіл намаздар оқып немесе құптан намазының сүннеті мен үтір намаздарында ұзақтау сүрелер оқып, Рамазандағы бір айлық Тарауық намазына да дайындық қылғанымыз жөн болады. Сол кезде, Тарауық намазында қаридың Құран Кәрімді хатым қылғанын тыңдап, намазымызда ықыласпен тұруымыз жеңіл болады.

Бұл айларда садақа беруді де тұрақты әдетімізге айналдырып, жақсылықтардың сауабы еселене түсетін қасиетті Рамазанның әр күнінде мүмкіндігімізше ізгі амалдарды тұрақты түрде орындауға мықтап ниет етуіміз қажет.

Сонымен қатар, Рамазан айының артықшылықтары мен оразаның пайдалары жайлы да тереңінен ой жүгіртер болсақ, көптеген сырларға қанығарымыз анық. Себебі, Алла Тағала парыз қылған әрбір құлшылықтың астарында даналыққа толы көптеген сырлар мен пайдалар бар екені сөзсіз. Солардың қатарында ораза да бар. Әрине біз оразаны Алла парыз қылғаны үшін ұстаймыз. Алайда, ораза таң атқаннан кеш батқанға дейін ас-судан тыйлыумен ғана өлшенбейді. Оразаның қандай пайдалары бар, оны міндеттеудің астарында қандай сырлар жатыр екен деп үңіліп қарайтын болсақ алдымыздан біраз нәрсе шығады.

Оразаның біздің денсаулығымызға тигізер пайдасы орасан зор. Ораза 11 ай бойы тыным таппай жұмыс істеп тұрған асқазанымызды демалдырып, бойымыздағы зиянды заттардың шығуына, артық салмақтан арылуымызға септігін тигізеді. Ал, артық салмақтың зарарлы екендігі айтпаса да белгілі. Сондай-ақ, өзіміз байқамай жүрген ауруларымызға да шипа табуымыз мүмкін. Себебі, ашыққан кезімізде организм өз-өзін емдей бастайды, нақты айтқанда, түрлі ауруға шалдыққан клеткаларды қорек етіп, оларды ыдыратып жібереді. Қазіргі уақытта ашығу медицинасы деген саланың қанат жайып келе жатқандығы да сондықтан. Бұл үшін, сәресі мен ауызашарда жейтін тағамдарымыздың сапасы мен көлеміне мән беріп, тамақтан соң бірден ұйқыға жатудан сақтануды да естен шығармауымыз керек.

Ал енді, рухани пайдаларына келейік. Ораза тілімізді түрлі жаман сөздер мен өсек-аяңнан тыюға үйретеді, ашуымызды жеңе білуге, сабырлылық пен салмақтылыққа тәрбиелейді. Таңертеңнен кешке дейін су-тамақтан тыйылу оңай нәрсе емес. Осы қиындықтарға сабыр ету арқылы адам өз-өзін шыңдай түседі, мінезін сабырлылыққа тәрбиелейді.

Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаған кездеріңде жаман сөз (өсек-өтірік, ғайбат, былапыт сөздер) сөйлемеңдер, айқай-шу шығармаңдар! Біреу сендермен ұрсысса немесе ерегессе «Менің аузым берік», - деп айтыңдар», - деген өсиет қалдырған (Бұхари, 1894; Муслим, 1151). Басқа бір хадисінде «Кімде-кім өтірік пен бос сөздерден, бос істерден және күнә жасаудан тыйылмаса, оның тамақ пен судан бас тарқанының Аллаға ешқандай қажеті жоқ», - дейді (Бұхари, 1903).

Бұл хадистерден оразаның мақсаты адамды ас-судан айыру емес, бойындағы жаман қылықтары мен теріс мінездерінен арылтып, жағымсыз әдеттерінен тазартып, рухани кемелдікке жеткізу екендігін көреміз. Ешбір адам күні бойы ашығып, шөлдеп келіп, кешке ұстаған оразасының сауабынан айырылып қалғысы келмейтіндігі белгілі. Олай болса, аштық пен шөлге қалай шыдаса, теріс сөз сөйлемеу, уақытын тиімді пайдалану, ашуға ерік бермеу, ешкімді себепсіз ренжітпеу секілді игі істерге де барынша сабыр етуге тиісті. Сол кезде ғана ұстаған оразасының пайдасын толықтай көре алады.

Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде ораза ұстаған кісінің аузын ашқызған адамға да ораза ұстаушының сауабындай сауап берілетіндігін айтқан (Имам Ахмед ибн Ханбал, Имам Тирмизи риуаят еткен). Ендеше, Рамазан айындағы сауапты амалдардың бірі – ауызашар беру екендігін де естен шығармауымыз керек. Ауызашар беру – мұсылмандардың арасындағы ауызбіршілікті арттырып, бай мен кедейдің арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты туғызатын, қоғамның бірлігін күшейтетін ізгі амал.

Олай болса, осы бастан Рамазанға деген дайындығымызды пысықтап, бұл қасиетті айда істегіміз келетін ізгі амалдардың тізімін қазірден құрастырып, сауапты да, жауапты айды барынша тиімді пайдаланудың қамына ертерек кірісуіміз керек. Алла Тағала баршамызды Рамазан айына аман-есен жеткізіп, Рамазанның мол берекесіне кенелуімізді нәсіп еткей!


Бақыт ТОЙШЫБАЕВ 

Шалқар ауданының Бас имамы