ӘР ІСІҢДІ ӘДІЛДІКПЕН ӘСЕМДЕ 2036

ӘР ІСІҢДІ ӘДІЛДІКПЕН ӘСЕМДЕ

31 тамыз 2022 104 Оқу 1 минут

Мұсылманға тән көркем мінездің бірі – әділдік. Бұл сипат мүміннің әр ісінде көрініс табуы тиіс. Әр істен әділдік кетсе адам өмірінің берекесі болмайды. Өйткені Алланың көркем есімдерінің бірі «әл-Адл», яғни Әділетті болғандықтан, әділдікті жақсы көреді. Жаратушы Иеміз Құранның «Нахл» сүресінің 90-аятында әділ болуды бұйырған.

Әділдік сөзінің ұғымы кең. Соның бірі – Аллаға әділ болу. Бұл – Жаратушы Иеміздің әмір еткеніне амал етіп, тыйым салған ісінен іргемізді аулақ салу деген сөз. Қарапайым мысал келтірейік. Алла өсімге тыйым салды. Бірақ бұған бойсұнбай, келген сынаққа шыдас бермей, кредит алып қоямыз. Сөйтіп, қиындыққа душар болғанда Алладан жалбарынып бұл сынақтан құтқаруын сұраймыз. Енді ойланып көрелік. Осы ісіміз қаншалықты әділ? Асылында Алла күнәдан сақтанған пендесіне тығырықтан шығар жол көрсетеді емес пе?..

Содан кейін адам өзіне әділ болуы керек. Мұны қалай түсінеміз? Алла адамға денсаулық пен уақыт сынды нығметті берді. Осы нығметтің қадірін білу әділдік болып саналады. Мәселен, қолымызда көп қаражат бар делік. Алла берген сол ақшаны қайырлы істерге жұмсасақ – өзімізге әділдік жасағанымыз. Ал тыйым салған нәрсеге ақшаны сарп ету – әділетсіздік.

Раббымыз «Бақара» сүресінің 165-аятында: «Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер. Әрдайым жақсылық жасаңдар, істеріңді барынша тиянақты етіп істеңдер. Шүбәсіз, Алла (әр ісі тиянақты, игілікке жаны құмар) ізгі жандарды жақсы көреді», – деп баяндайды.

Мұсылман баласының тағы бір сипаты – айналадағы адамдарға әділ болуы. Бұл өтірік айтпау, біреудің ақысын жемеу, уәдеге берік болу, таразыдан алдамау т.б. сипаттар арқылы өлшенеді.

Бірде имам Әбу Ханифаға бір кісі келіп, киім сатады. Сатушы оны 100 дирхамға бағалайды. Алайда имам оны 500 дирхамға сатып алады. Себебін сұрағанда лайықты бағасына алғанын алға тартады. Өйткені ол жібек матадан жасалған бағасы қымбат киім екен. Міне – әділдік.

Балаға қатысты әділдік жолын ұстану – басты мәселенің бірі. Әсіресе сыйлық алғанда бәрін ескеру керек. Біріне алып, екіншісінің көңілін қалдыруға әсте болмайды. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір баласына сыйлық алып, екіншісіне көңіл бөлмеген адамды бұл ісінен қайтарып, екінші рет бұлай жасамауды ескерткен екен.   

Адамдар арасында (мейлі ол басшы, туыс, таныс, әріптес, т.б. болсын) әділдік жолын ұстану – аса маңызды әрі сауапты іс. Алла Тағала Құранда: «Екі топтың арасын әділ түрде жарастырыңдар һәм әркез қара қылды қақ жарғандай тура болыңдар. Өйткені Алла турашылдарды жақсы көреді!» деп әмір етеді («Хужурат» сүресі, 9-аят).

Адамдардың ақысын беруде әділдік принципі басты орында болу керек. Әсіресе, кейбір мекеме басшылары өз қызметкеріне жұмыс күнінен тыс уақытта тапсырма береді. Тіпті, өзінің жеке шаруасы үшін шақырып алатын кісілер де кездеседі. Әрине бұл – дұрыс емес. Мұндай жағдайда үстемақы төленуі тиіс. Бұл адамгершілікке де, шариғатқа да тән нәрсе.

Әділдік – адам баласының әр ісін әсемдейтін құндылық. Ендеше, әр ісіңді әділдікпен әсемде...         

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі