ИҒТИКАФ ҚАНДАЙ АМАЛ? 3525

ИҒТИКАФ ҚАНДАЙ АМАЛ?

28 наурыз 2024 13 Оқу 1 минут

Иғтикаф араб тілінде «бір жерде тұру, бір нәрсені тұрақты түрде істеу, өзін бір жерге қамау» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы мағынасы азан шақырылып, қамат түсірілетін мешітте иғтиқафқа ниет етіп, ораза ұстап белгілі бір мезгіл сол жерде қалуды білдіреді.

Иғтикафтың үкімі түріне байланысты әрқалай болады:

Уәжіп иғтикаф. Бір істі тілімен немесе ол іске кірісумен, яки бір іс бола қалса, иғтикафта отырамын деп нәзір (серт) ету арқылы өзіне міндеттеу. Мысалы, «Алла Тағаланың разылығы үшін бір немесе одан да көп күн иғтикаф жасаймын» деу арқылы жүзеге асырады.

Бекітілген сүннет иғтикаф. Рамазан айының соңғы он күнін иғтикафта өткізу – бекітілген сүннет. Алайда кифая сүннет. Яғни бір мешіттің жамағатынан бір кісі орындаса, қалғанының мойнынан жауапкершілік түседі. Айша анамыздан жеткен риуаятта: «Алла елшісі Алла Тағаланың рақымына кеткенге дейін Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикафта отырды. Одан кейін әйелдері оны жасады», – деген.

Мұстахаб иғтикаф. Бұдан басқа кездерде иғтикаф жасау – мұстахаб. Иғтикафтың рүкіні – мешітте отыру, шарты – ораза ұстау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иғтикаф тек оразамен болады», – дейді. Бұл уәжіп пен бекітілген сүннет иғтикафқа қатысты. Нәзір мен сүннет иғтикаф кем дегенде бір күн болуы тиіс. Өйткені ораза бір күннен аз болмайды. Иғтикафқа бір күнді ниет еткен адам күндізгі уақыт пен түндерін де мешітте өткізуі қажет. Ал мұстахаб иғтикафта аз ғана уақыт отырса жеткілікті. Яғни мешітке намаз оқуға кіргенде иғтикафқа ниет етсе, мешіттен шыққанша иғтикаф жасаған болып есептеледі.

Ер адамдар иғтикафты жамағатпен намаз оқыла тын мешітте орындаса, әйелдер үйінің намаз оқуға арналған жерінде иғтикафқа кіре алады. Мешітке иғтикафқа кірген ерлерге не нәрсе шарт етілсе, үйде отырған әйелдерге де сол талаптар міндеттеледі. Иғтикаф жасаушы адам әйелін сүйіп, құшақтауы, сондай-ақ иғтикафта отырған жерінен ешқандай үзірсіз бір сағатқа шықса, Әбу Ханифаның пікірінше, иғтикафы бұзылады. Иғтикафқа кірген адам мешіт ішінде тамақ ішуіне, жеуіне, ұйықтауына, жақсы сөз сөйлеуіне болады. Шариғи қажеттілік (дәрет сындыру, бой дәреті себепті ғұсыл құйыну т.б) жағдайларда мешіттен шығуға рұқсат етіледі.

Иғтикаф құлшылыққа берілу мақсатында жасалады. Иғтикафқа кіру – нәпсіні тізгіндеудегі ең оңтайлы тәсілдің бірі. Сонымен қатар иғтикафқа бекінген кісі Раббысына құлшылық ету үшін оңашаланады. Осылайша адамның жүрегі дүние тіршілігінен алшақтап, жаны рақат табады. Сондай-ақ Рамазан айының соңғы он күндігінде иғтикафқа отыру Қадір түніне тура түсу ықтималын көбейтеді. Айша анамыздан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз Рамазан айының соңғы он күнінде түндерін ғибадатпен өткізетін. Отбасын намазға оятып, әйелдеріне жақындамайтын», – деген. Оған қоса Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнін Рамазанның соңғы он түнінен іздеңдер», – деді. Сондықтан мұсылмандар иғтикаф кезінде жаман сөз айтпай, уақытын көбірек намаз оқу, білім алу, зікір ету, Құран оқу, түнгі намазға тұрумен өткізуге көңіл бөлуі керек.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №3, 2024 жыл