Пәтуа сағаты: жамағат сұрағына шариғат аясында жауап берілді
Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде пәтуа сағаты өткізіліп, жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға шариғат аясында жан-жақты жауап берілді.
Пәтуа сағаты барысында құлшылық тәртібі, отбасылық қатынастар, адал-арам мәселелері, күнделікті өмірде кездесетін діни жайттар кеңінен сөз болды. Наиб имам жамағатты діни сауаттылықты арттыруға, әрбір мәселеде Құран мен сүннетке сүйене отырып дұрыс шешім қабылдауға шақырды.
– Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – мешітке келушілердің діни білімдерін арттырып, шариғат мәселелерін тереңірек түсінуге ықпал ету. Сонымен қатар қоғамда туындайтын түрлі діни сұрақтарға нақты жауап беріп, дұрыс бағыт-бағдар беру, – дейді Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің наиб имамы Алдияр Алуадинов.
Айта кетейік, пәтуа сағаттары алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, жамағаттың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беру жалғасын табады.





































