Пайғамбар (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету 254

Пайғамбар (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету

28 қазан 2020 522 Оқу 1 минут

Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бейіті жер бетіндегі қасиетті орын. Қази Ғияд «Шифа фи тағриф хуқуқ Мустафа» кітабында: «Оның қабірі жердегі ең абзал орын екенінде дау жоқ», - деп жазады.

Табиғин ғалымның бұл пікірін шафиғи мазһабының белгілі ғалымы, имам Субки қуаттап: «Барлық ғалымдар бірауыздан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бейіті жердегі ең абзал орын», - дейді. Ғалым Қарафи ол қабірдің құтты болуының себептері ретінде Құран кітабының мұқабасы Алла сөзіне ең жақын тұрғандықтан ардақталады, сол сияқты Алланың ең мәртебелі пайғамбары (с.ғ.с.) жатқан қабір де сол себепті құтты деп түсіндіреді. Ибн Сәләм (р.а.): «Бір заттың басқалардан артық болуы өзінен ешбір әрекет болмай-ақ жүзеге асуы мүмкін. Алла елшісінің (с.ғ.с.) қабірі Жаратушының рақыметі, ризашылығы және періштелерінің дұғасы жауғандықтан құт мекенге айналған», - дейді. Әбу Бәкір (р.а.) жеткізген риуаятта былай делінеді, сахаба: Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) өзіне ұнамды жерге жан тапсырады», - деп айтқанын естідім, - дейді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша (р.а.) анамыздың бөлмесінде көз жұмды. Сахабалар әз пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жерлеуге қатысты бірнеше ұсыныстары болды. Біреулері туған елі Меккеге апарып жерлеу керек десе, кейбірі мұсылмандар бейіті «Бақиғ» зиратына қояйық десті. Сонда, Абдурахман бин Ауф (р.а.): Мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): Пайғамбар көз жұмған жеріне жерленеді, деген сөзін естім едім, - деді. Барлық сахабалар да осы сөзге тоқтап, Айша анамыздың (р.а.) бөлмесіне жерледі. Уақыт өте келе, Әбу Бәкір (р.а.) қайтыс болар шағында, қызына: Мені досымның жанына жерлеңдер, - деп, пайғамбар (с.ғ.с.) жанына қоюды өсиет етті. Соңыра, мұсылмандар анасы Айша (р.а.) бөлмесінде үшінші кісі де жерленді. Ол мұсылмандар әміршісі – Омар бин Хаттаб. Айша (р.а.) анамыз бұл жөнінде: Ол орынды өзіме арнап қойған едім. Омар қайтыс болар шағында, екі досымның жанына жатуға рұқсат бер, деп өтінді, - деп еске алады. «Мадхал» кітабында: «Барлық ғалымдар бірауыздан, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак денесі жатқан жер ең абзал орын деген», - деп жазылған. Мулла Әли бин Сұлтан Қари (р.а.) өзінің «Мирқат» кітабында: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) мүбарак денесі жатқан жер Меккеден, Кағбадан тіпті Аршыдан да абзал, бұған ғалымдар имжағ еткен», - деп жазады.

Демек, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бейітіне арнайы зияратпен бару шариғатта ешбір жат емес. Керісінше, құпталған амал. Сонымен бірге, ардақты Алла Елшісі бейітіне бет бұрып тұрып дұға жасаудың дінімізге ешбір оғаштығы жоқ. Жаратушының назары түскен, мейірімі төгілген орынға бет-жүзімізді бұрып тілек айту ізгілерден қалған түзу салт.        

Бірқатар ғалымдар, оның ішінде қази Ғияд, Ибн Хаж, шейх Исхақ ибн Ибраһим: «Мабрур, яғни қабыл болған қажылықтың белгісінің бірі Мадина шаһарында сапар шегіп, Алла елшісі (с.ғ.с.) мешітінде намаз оқу. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) раузасында, яғни жәннат бақшасы деп аталған мінбері мен қабірінің арасында құлшылық етіп, пайғамбар (с.ғ.с.) отырған, қолы тиген жерлерді теберік етуі. Бұл орын ардақты пайғамбар қадам тиген, жеті қабат көктен Жәбірейіл (ғ.с.) уахимен келген құт мекен. Міне, осы жерді зиярат жасап, теберік етіп дұға-тілек айту шариғатымызда негізі бар дүниелер. Кешегі өткен сахабалар және мұсылман ғалымдары арнайы келген құт мекен».

Бұл мәселе жөнінде Тақиуддин Әли бин Абдулкафи Субки «Шифа сиқам фи зиярат хайрил-анам» атты құнды еңбек жазған. Сонымен қатар, Ибн Хажар Һайтами және қази Ғияд (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.) басына барып, қабірін зиярат ету барша мұсылманға сүннет», - деп жазады. Ғұлама Қасталани «Мауаһиб Лабуния» кітабында: «Пайғамбар (с.ғ.с.) бейітін зиярат ету – мұстахап», - деп жазады.  Науауи мен Ибн Һумәм: барша мұсылман ғалымдары бірауыздан айтқан десе, тағы бір деректі зиярат ету – уәжіп,міндет, - деген. Жалпы, «уәжіп» деп ой білдірген ғалымдар көп.

Ойды түйіндей келе айтарым, қазақ үшін пайғамбар (с.ғ.с.) және әулиелер басына зиярат ету жат емес. Десе де, мәселенің екінші жағы бар. Зияраттың белгілі талаптарын білу қажет. Шариғаттың қатаң талаптары бұзып, сенімге жат әрекеттерден аулақ болу қажет.

Мадияр Пірімқұлов