ҰРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ 3626

ҰРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ

03 қыркүйек 2024 30 Оқу 1 минут

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Адамның жеке басына және қоғамға зиян алып келетін ауыр күнәлі істердің бірі – ұрлық. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында:

          وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ

«Бір-біріңнің мал-мүлкіңді арам жолмен жемеңдер», – деп біздерді өзгенің мал-дүниесіне қолсұғу, ұрлық жасау, алдап-арбау, біреудің жеке мүлкін тартып алу сияқты тыйым етілген жолдар арқылы нәпақа табудан тыйған. 

Жалпы ұрлық деп – өзгенің мүлкін жасырын жымқыруды айтады. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық кімнен ұрланғанына байланысты екі түрлі болады. Бірі жеке адамға зиян алып келетін ұрлық, ал екіншісі көптің мүлкіне, елдің қазынасына қол сұғу арқылы қоғамға зиян алып келетін ұрлық. Ұрлықтың қайсысы болса да күнәсі ауыр. Бірақ халықтың мүлкіне қол сұғу жеке адамға зиян келтіруден де ауыр. Сондай-ақ ұрлық дегенде тек заттай мүлікті ғана рұқсатсыз алу дегенді білдірмейді. Мысалы, шығармашылықта авторлық құқықты сақтамау, өзгенің еңбегін келісімінсіз көшіру, қазіргі таңдағы өзге адамның жеке мәліметтерін рұқсатсыз алып, атынан несие алу сияқты істердің барлығы да ұрлыққа жатады.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламды қабылдаған адамдардан маңызды істерді атқарулары турасында серт алған. Сондай істердің бірі – өзгенің мал-дүниесіне зиян бермеу, ұрлық жасамау болған. Хадис шәріпте:

          بَايِعُونِي عَلَى أَنْ لَا تُشْرِكُوا بِاللَّهِ شيْئًا، وَلَا تَسْرِقُوا، وَلَا تَزْنُوا

«Алла Тағалаға ортақ қоспауға, ұрлық жасамауға, зинақорлыққа бармауға маған серт беріңдер», – деген (имам Бұхари).

«Ұрлық түбі – қорлық» демекші, ұрлықпен келген дүние, жиналған мал ешқашан адамға пайда алып келмейді. Қайта берекетсіздік пен бақытсыздыққа душар етеді. Хакім Абай:

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиналмас,

Сұм нәпсiң үйiр болса, тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың, ондай iстен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, – деп өзгенің ақысына қол салып, ұрлық жасаудан сақтандырған.

Қазақ халқының көшпелі ғұмыр-салтында киіз үйді құлыптамаған. Оның орнына есікті баумен байлап жүре беретін. Байлаулы тұрған есікті үй егесінен өзге адам ашпауы қажет делінген түсінік болған. Есіктің бауын рұқсатсыз ашып не кесіп, іштегі заттарды рұқсатсыз алып кеткен ұрыны «баукеспе ұры» деп атайтыны сондықтан. Баланың тұсауын кескенде де аяғына ала жіп байлап, біреудің ала жібін аттамасын деген ниетпен ырымдап, жөні дұрыс адамға кестіруінде де үлкен тәрбиелік мән бар.

«Дін – тәрбие діңгегі» демекші, асыл дініміз әр адамның рухани шыңдалып, бойында жақсы қасиеттерді тәрбиелеп, жамандықтан арылуға үйретеді. Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде баядалған мынадай құндылықтар біздерді өзгенің ақысына кіруден, ұрлықтан, өзге де тыйым етілген істерден сақтайды:

 

Бірінші: Алла Тағаланың көріп, бақылап тұрғанын білу

Ұрлықты адам көбіне адамдардың көзінен тысқары, ел ұйықтап жатқанда, жасырын түрде жасайды. Параны да тығып, өзгелерге көрсетпей беруге тырысады. Адамдардың көзіне көрінетін немесе бейне бақылау тұрғанын көргенде адам ондай іске бармайды. Ал Алла Тағала иман еткен мүмин жан Жаратушының әркез оны бақылап тұрғанын жүрегімен сезініп, әрбір үлкенді- кішілі істері үшін ертең ақыретте сұралатынын біліп, адамдардың көзінен жасырын да, жария түрде де тыйым етілген істерден сақтанады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَهُوَ مَعَكُمْ أَيْنَ مَا كُنتُمْ وَاللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ

«Сондай-ақ Ол (Алла) қайда болсаңдар да сендермен бірге. Алла не істегендеріңді толық көруші», – деп ескерткен («Хадид» сүресі, 4-аят).

Алла Тағаланың көркем есімдерінің ішінде «Әл-Ғалим» – барлық нәрсені білуші, «Әс-Сәмиғ» – барлық нәрсені естуші, «Әл-Басир» – барлық нәрсені көруші, «Әл-Хабир» – барлық нәрседен хабардар делінген көркем есімдері бар. Демек Жаратушы барлық нәрсені білуші, барлық нәрсені естіп, оны көруші. Әрі әрбір істен хабардар. Ол үшін ешнәрсе жасырын емес. Тіпті қараңғы түні, қара тастың үстіндегі қара құмырсқаның кетіп бара жатқанын көріп, аяғының дауысын естиді. Ол әрбір жапырақтың түсуінен де хабардар.

Сондықтан да адамдардың көзінше құлшылық жасап, жалғыз қалғанда тыйым етілген істерге бару иманы кемел жанның ісі емес. Ондай адамның ақыреттегі ахуалы турасында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен үмметімнің ішінде бір қауым қиямет күні Тиһама тауындай әппақ (тап-таза) сауаптармен келеді. Алайда Алла Тағала ол сауаптарды шашылған шаң-тозаңға айналдырып жібереді», – деп айтқан. Сонда Сәубан (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Біз білмей олардың қатарында болып қалмауымыз үшін бізге ол адамдарды сипаттап беріңіз», – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Расында олар – сендердің бауырларың. Сендер секілді адамдар. Сендер секілді түнгі құлшылықтан өз несібелерін алады. Бірақ олар Алла Тағаланың тыйымдарымен оңашада, жалғыз қалса, сол тыйымдарды бұзады», – деген (имам Ибн Мәжә).

Тағы бір аятта Алла Тағала:

          يَعْلَمُ خَائِنَةَ الأعْيُنِ وَمَا تُخْفِي الصُّدُورُ

«Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі», – деп айтқан («Ғафыр» сүресі, 19-аят). Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) аталмыш аяттағы: «көздердің қиянатын» дегенді: «Адамдардың арасында болғанында кетіп бара жатқан әйелге ұрланып қарап, ал қасындағылардың өзіне назар аударғанын байқаса, көздерін төмен қарата қалған ер адам жайында», – деп түсіндірген. Ал көзіміздің ұрланып қарауын көруші Алла Тағала ісіміз арқылы жасалған қиянатты біліп, Оның есебін алатыны сөзсіз.

 Екінші: Ақыретке иман

«Ақырет» сөзі – дүние тіршілігінің соңғы уақытын, яғни біткенін, аяқталғанын білдіреді. Ақырет сөзі қасиетті Құран аяттарында түрлі атаулармен аталған.  Мысалы, «Яумул ахир» – ақырғы күн, «Яумул бағс» – қайта тірілу күні, «Яумул қияма» – қиямет күні, «Яумуддин» – дін мен жаза күні, «Яумул хисаб» – есеп күні, «Яумуттәлақ» – қауышу күні және тағы да өзге атаулармен аталады.  Ақырет күнінің бұлайша түрлі атаулармен аталуы – ақырет мәселесінің қаншалықты үлкен маңызға ие екенін көрсетеді.

Ақыретте он сегіз мың ғаламның Иесі, Құдіреті күшті Құдай Тағаланың құзырында есеп беретініне иланатын адам не өзіне не басқаға зиян тигізбейді. Қоғамда ұрлық-қарлыққа, зұлымдық атаулыға, әділетсіздікке, қатігездікке, түрлі бұзақылық және бүліктерге жол бермейді. Себебі ол ақырет күні қайта тірілетініне және осы тіршіліктегі істеген барлық іс-амалдарының есебін беретініне нақ сенеді. Мәңгілік бақытқа осы есеп-қисаптан жаңылмай өткенде ғана жететіндігін біледі. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَوْمَئِذٍ يَصْدُرُ النَّاسُ اَشْتَاتًاۙ لِيُرَوْا اَعْمَالَهُمْ. فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا. يَرَهُۜ وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ

«Сол күні адам баласының амалдары көрсетілу үшін топ-топ болып (қабірлерінен) шығады. Сонда кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оның ақысын алады, ал кімде-кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, ол оның жазасын алады», – деп, адам баласы үлкенді-кішілі барлық амалдары үшін сұралатынын, тіпті шаңның тозаңындай нәрсе де есепсіз қалмайтынын баян еткен («Зілзәлә» сүресі, 6-8-аяттар).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا تَزُولُ قَدمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ: عَنْ عُمُرُهِ فِيمَا أَفْنَاهُ؟ وَعَنْ شَبَابِهِ فِيمَا أَبْلَاهُ؟ وَعَنْ مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَفِيمَا أَنْفَقَهُ؟ وَعَنْ عَلِمهِ مَاذَا عَمِلَ فِيهِ؟

«Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай, құлдың аяғы жылжымайды. (Олар): Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал-дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі?» – деген (имам Тирмизи).

 Үшінші: Бөтеннің мал-дүниесіне көз сүзбеу

Адамға өзгенің қолындағы дүниеге іштарлық қылуына, рұқсатсыз алуына, тыйым етілген жолмен иемденуіне болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

          کُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَی الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ

«Мұсылманның қаны, дүние мүлкі және ар-намысы келесі мұсылман үшін харам», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Ұрлық және басқа да адамның мал-дүниесіне жасалынатын қиянаттың негізгі себептерінің бірі – өзгенің қолындағы дүниеге қызығу, адал жолмен қол жеткізе алмағандықтан арам жолмен иемденуге тырысу болып табылады. Сондықтан да өзгенің дүниесіне қатты қызығып, жүрекке кіргізуге болмайды. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Таһа» сүресінің 131-аятында:

وَلَا تَمُدَّنَّ عَيْنَيْكَ إِلَىٰ مَا مَتَّعْنَا بِهِ أَزْوَاجًا مِّنْهُمْ زَهْرَةَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا لِنَفْتِنَهُمْ فِيهِ وَرِزْقُ رَبِّكَ خَيْرٌ وَأَبْقَىٰ

«Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі қайырлы да тұрақты», – деп айтқан.

Жайылып жүрген қызыл түйелерді көрген адамдар Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, ана қызыл түйелерге қараңызшы», – дегенде, Хақ сардары: «Мен қызыл түйелерді қызықтау үшін жіберілмедім», – деп өзгенің мал-дүниесіне қызықпаудың көркем үлгісін көрсеткен.

 Қисса

Баяғыда кедей тұратын, бірақ та бала тәрбиесіне, әдет-ғұрыпқа үлкен мән беретін үйдің аяғы ауыр жас келіні қымызға жерік болса керек. Үйінде сауып ішетін биесі жоқ, көрші үйге қымыз ішкісі келіп бара қалса, есік ашық, үйде ешкім жоқ екен. Ілулі тұрған торсықтағы қымызға көзі түседі. Алып ішейін десе, бойы жетпейді, торсықтың бүйірін тесіп, түтік шимен бірер жұтып, тесікті қайта бекітіп шығып кетеді.

Қаншама жылдар өткенде сол келіншектің баласы тура сол көрші үйдің балаларымен ойнап жүріп, әлдебір затты ұрлап кеткені белгілі болады. Баяғыда қымызды тесіп, ұрлап ішкені болмаса, ол келіншек баласын тағылымды тәрбиемен өсірген, қай жерден қателескенін есіне түсіре алмайды. Сонда баяғы көрші үйдің бәйбішесі келіншекті ұлымен бірге үйіне шақырып, алдымен екеуінен кешірім сұрайды. Мән-жайды түсінбеген келіншек: «Неге кешірім сұрайсыз, біз сіздің үйдің мүлкін ұрлап, кірерге тесік таппай тұрмыз емес пе?» – дейді. Сонда бәйбіше бір шындықтың бетін ашып: «Осы балаға аяғың ауыр кезде қымызға жерік болып, біздің үйге қымыз ішкің келіп кірген болатынсың. Мен сыртта жүр едім, сен үйде біз жоқ болсақ та, жерік асың ұятқа жеңістік бермей торсықтағы қымызды түтікпен бірер ұрттадың. Соны мен сыртта жүріп көріп қалдым, бірақ қылмысқа баламап едім, ұялып қалар деп өтірік көрмегенсіген болдым. Сонда өзім шақырып алып, жерік асыңды сұратпай, ұрлатпай ұсынуым керек еді, кішкентай түтікпен жұтқан бір жұтым қымызың мына баланың болмашы қылығы болып шығып тұрғанын қарасайшы!..» – деген екен.

 Төртінші: Адал жолмен ризық табудың маңызын ұғыну

Мұсылман өзгенің ақысына кірмей, адал кәсіп жасап, табатын ризық-несібесіне харам атаулының араласпауына басты назар аударуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

          طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ

«Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген (имам Бәйһақи).

Хәкім Абай мал табуды қалаған, алайда еңбек етуді білмей, оны арам жолмен табуды көздейтіндерді сынап: «Мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен», – дейді.

«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес заяға» делінгеніндей, адал еңбек ету үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Бірақ қиындығына шыдап, адал еңбек еткен адам міндетті түрде екі дүниеде ол еңбегінің жемісін көреді. Халқымыздағы: «Бейнет, бейнет түбі – зейнет», «Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар», – делінген сөздер осыны меңзейді. Ақын Мағжан Жұмабаев бұны:

Бұл жалған ойын емес, бейнет жері

Қылғанға адал еңбек зейнет жері.

Жалғанның бір мүшесі бола алмассың,

Қиналып, маңдайыңның ақпай тері – дейді.

Осыны терең түсінбегендіктен кей адамдар тез байып кетуді, тезірек көп пайдаға кенелуді ойлайды. Бұл ойын жүзеге асыру үшін тыйым етілгенді аттап жататындар да кездеседі. Соңында үлкен өкініш пен қайғыға душар болады. Сондықтан өміріңізде «тек адал етілген жолмен еңбек етемін, отбасымды адал ризық-несібемен асыраймын» деп мақсат етіп алыңыз. Баяғыда ізгі аналарымыз отағасын таңертеңгісін жұмысына шығарып салып жатып: «Отағасы, біз аштыққа сабыр етіп шыдаймыз. Алайда, ақыреттің азабына бір мезет те шыдай алмаймыз. Сол үшін сізге өтініш, шаңырағыңызға тек адал жолмен табылған нәпақа алып келіңіз» деп өтініш жасайды екен.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

          مَنِ اقْتَطَعَ حَقَّ امْرِئٍ مُسْلِمٍ بِيَمِينِهِ، فَقَدْ أَوْجَبَ اللهُ لَهُ النَّارَ، وَحَرَّمَ اللهُ عَلَيْهِ الْجَنَّةَ. فَقَالَ رَجُلٌ: وَإِنْ كَانَ شَيْئاً يَسِيراً يَا رَسُولَ اللهِ ؟ فَقَالَ : وَإِنْ كَانَ قَضِيباً مِنْ أَرَاكٍ

«Кімде-кім мұсылман адамның хақын (жалған) антымен бөліп алса, Алла оған тозақты міндеттеп, жұмақты харам етеді», – деді. Бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Тіпті, мардымсыз нәрсе болса да ма?» – деп сұрады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тіпті, арак ағашының бір таяғы болса да», – деп жауап берді (имам Мүслим). Хадисте келген «арак» атауы мисуак жасалынатын ағаш түріне қолданылады.

 

Қисса

Бір күні хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) базарда бір адамға өзінің мініс көлігін аманаттап тапсырады. Қайта айналып келсе, жаңағы кісі жылқысының жүгенін ұрлап, қашып кеткен екен. Жүгенсіз жылқыны әзер дегенде ұстап, сол жердегі бір кісіге базардан жүген сатып алып келуіне өтініш жасайды. Сөйтсе әлгі кісі базардан хазіреті Әлидің өзі жоғалтқан жүгенін сатып алып келіпті. Сонда ол: «Мен бұл адамға жылқымды қарап бергені үшін сол жүгеннің құнындай ақша беруді ниет еткен едім. Бірақ өзінің адал жолмен табуға мүмкіндігі бар ризығын арам жолмен тауыпты», – деген екен.

 

          Қадірменді жамағат!

Бабаларымыз: «Молда мен жолдас болсаң азаның қаза болмас, Ұрымен жолдас болсаң қазаның таза болмас», «Ұрыға мал құтаймас» немесе «Сұқ семірмес, ұры байымас» демекші ұрлықпен табылған малда береке болмайтыны айтпаса да айдан анық. Мүмин адам бұл ауыр күнәлі істен бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

          لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ

«Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұры адам ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Кісі ақысына қол сұғып, ұрлық жасаушы адам тәубе етіп, Жаратушы Алла Тағаладан кешірім сұраумен қатар, оның ақысына кіріп, ұрлық жасалған адамнан да кешірім тілеп, алған затын қайтарып беруі қажет. Дүниеде кешірім алмаса, ертең қияметте ол адамдар қиянат етушінің сауабына ортақтасады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Муфлис (банкрот) деген мынадай адам: қияметте амал дәптерінде өте көп намаз, ораза, зекет сауаптары болады. Бірақ кейбір адамдарға түрлі жолмен зияны тиген. Оның сауабы ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітпей тұрып сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп, жәһәннамға тасталады», – деген (имам Мүслим)

Алла Тағала біздерге адал кәсіп, берекелі ғұмыр нәсіп еткей! Бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі