Отбасым таңдауыма қарсы... тығырықтан қалай шығамын? 310

Отбасым таңдауыма қарсы... тығырықтан қалай шығамын?

30 қазан 2020 229 Оқу 1 минут

Сұрақ:

Мен бес уақыт намаз оқып, шариғат талаптарын толық ұстанғым келеді. Алайда, отбасым бұл таңдауыма қарсылық білдіруде.

Егер ата-анам Алласын танымаған, ислам жолын ұстанбайтын адамдар болса бір сәрі екен, қарсылықтарының себептерін түсінер едім. Алайда, анамның өзі де намаз оқиды. Биыл Алла қаласа Меккеге бармақ. Ағам да намазын түгел орындайтын, Меккеде де болған. Бірақ қазір белгілі бір себептермен құлшылығынан қол үзіп қалды. Өзім жайлы айтсам, менің қалауым – медресеге оқуға түсу еді. Дегенмен, қазір медициналық академияда білім алудамын. Жалпы діннен біраз хабарым бар етін, кітаптар оқып, ғаламтордағы сенімді дереккөздерден көп тың дүниелер тауып, сол арқылы сауатымды ашатынмын. Алайда, отбасымды еш көндіре алмадым. Әрбір ата-ананың өз баласына исламды үйретуі керектігін мысалдармен түсіндіріп жеткізуге де тырыстым, алайда ештеңе шықпады. Амалымның бәрі зая кетті. Қазір өзім оқып жатқан жоғары оқу орнына кіргенімде, кейде өзімді қоярға жер таппай қаламын. Өзіме өзім: «Мен мұнда не істеп жүрмін?» деген сұрақты жиі қоямын. Кейде сабақтан соң селқос қайтып келе жатып, бойымды бір өкініш кернеп, жыларман күйге түсемін. Бірде оқуға тапсырған құжаттарымды қайтып алып, бәріне қолды бір сілтегім-ақ келген. Алайда анам алдаңқыратып, ақыры оқуымды жалғастыруға көндірді. Және бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанған болатын.

Жауап:

Дін тұрғысынан:

Ата-анаға бағыну, оларға құрмет көрсету – дініміз қатаң міндеттейтін амалдардың бірі. Және мұны бізге Алла Тағаланың өзі бұйырды. Ата-ананың айтқан ақылдарына барлық кезде мойынсұнып, бұйрығын бұлжытпай орындау керек. Тек бұл бұйрығы Алланың бұйырғанына қарсы келмеуі керек. Ал сіздің жағдайыңызда анаңыздың тыйымы Алланың бұйрығына қайшы келіп тұр. Бірақ ол нәрсе ойланып шешілетін нәрсе.

Осыған бола намазыңызды қаза қылуға еш рұқсат жоқ. Алайда, ата-анаңызбен керісіп, жанжалдасып жеңем деп ойламаңыз. Намазыңызға бекем болыңыз, ата-анаңыз ауыр сөздер айтып, жекіп жатса да, үнсіз ғана тыңдап отыра беріңіз. Оларға дауыс көтеріп, қарсы жауап қайтарам демеңіз. Және намазыңызды бұған бола тастамаңыз.    

Жанұяңызды исламға шақырамын, насихат айтамын десеңіз, әуелі өзі мініңізді, мінезіңізді түзеп, көркем қарым-қатынас жасау арқылы жеткізіңіз. Жақсы жаққа өзгергеніңізді игі амалдарыңызбен аңғартыңыз.

Қазіргі таңда жоғары білім алып, оқып жатқан оқуыңызда да тиянақтылық пен төзімділік танытуға тырысыңыз. Сіз таңдаған, яки ата-анаңыз таңдаған мамандық – өте абыройлы әрі берекеліс іс, себебі өзгеге жәрдем бергенге Алланың да жәрдемі келеді. Алланың Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

الخلقعيالاللهوأحبالخلقإلىاللهمنأحسنإلىعياله

«Барлық жаратылыс – бұл Алланың «отбасы», ал Алла алдында дәрежесі үстемірек болғандар – Оның отбасына жақсылық жасағандар», - деген болатын.

Және бір хадисінде былай делінген: «Кімде-кім мұсылман бауырының қажетін өтесе, Алла Тағала оның қажетін өтейді» немесе «Кімде-кім мұсылман бауырының басына түскен қайғысын қайтарса, Алла Тағала Қияметте оның басына төнген қауіп-қатерді қайтарады».

Оқуыңызды тиянақтылықпен оқыңыз, берілген тапсырмалардың, жүктелген міндеттердің барлығын бұлжытпай орындаңыз, өз ісіңізді шынайы ықылас танытып атқарыңыз. Осылай жасасаңыз, абыройлы, сұранысқа ие маман боласыз. Ал ақыретте осы үшін алар сауабыңыз да зор болмақ.

Медресеге оқуға түсудің реті келмесе де, діни білім алуға толықтай мүмкіндігіңіз бар. Кешкілік уақытта медреселердегі сабақтарға қатысыңыз, тіпті болмаса медреседе білім алғандардан сабақ алып, үйренсеңіз де болады, т.с.с.

Алла Тағала құлшылығыңызды қаза қылмай атқаруды, ата-анаңызға ізеттілікпен, құрметпен қызмет қылуды һәм жақсы, ізгі істерді көптеп жасауды және оқуыңызды ойдағыдай аяқтауды нәсіп етсін. Ата-анаңызға да Алла хиядат беріп, тура жолға түсулерін және ақиқатпен жүру бақытын бұйырсын. Әмин!

Психологиялық көзқарас тұрғысынан:

Қазіргі кезде сіздікіне ұқсас жағдайлар өте көп кездеседі және осы турасында сауалдар да жиі жолданады. Сондықтан, ең әуелі сол сауалдарға жолданған жауаптармен танысып, оқып шықсаңыз болады.

Қажылық жасағалы жүрген немесе ендігі жасап үлгерген адамдар өзгеге діни талаптарды орындауға қалайша тыйым салады, тіпті де ақылға сыймайды. Сондықтан, біздің ойымызша, сіздің мысалыңызда мүлдем айтылмай кеткен немесе сіз жасырып отырған бір жайттар бар. Немесе оның барын сіз өзіңіз де білмейтін боларсыз. Бәлкім ата-анаңыз ислам міндеттеген құлшылықтарды орындауыңызға мүлдем қарсы емес те шығар. Тек «исламға сай өмір сүру» деген кең ұғым жайлы түсінігіңізді қабылдай алмайтын болар.

Әдетте албырттық пен асығыстыққа жол беретін жастардың кей мәселелерде үзілді-кесілді пікір айтып, шешім қабылдайтындығы бар. Сондықтан, реті келсе анаңызбен немесе сіз үшін жақын саналатын басқа бір адаммен ашық сөйлесіп, олардың не себепті немесе не нәрсеге қарсылық танытып отырғандығын анықтауға тырысыңыз. Не болмаса бұдан өзге де айтар уәждері болса, құлақ түріп, тыңдаңыз. Алайда, сөйлесу кезінде өзіңізді салмақты ұстаңыз. Оларды үзілді-кесілді айтылған сөздеріңізбен үркітіп, өзіңізге қарсы қойып алмаңыз. Туыстарыңызбен бекерге жанжалдассаңыз, жауыңызды көбейтесіз. Сіздік өктем түріңізді көрген олар сізге одан бетер қарсылық танытып, нәтижесінде жағдайды ушықтырып алуыңыз мүмкін.  Пікірлеріңіз бір жерде тоғысатын нәрселерге жіті мән беруге тырысыңыз, соған көп басымдық беріңіз, яғни оларға өз жақындығыңызды сездіртіңіз. Көзқарастарыңыз екі айырылатын мәселелерді әзірге жылы жауып қоя тұрыңыз.

Отбасыңыз діннің талаптарына, оның уақытылы орындалуына аса қатты мән бермегендіктен (мұны ағаңыздың намазын тастап кеткенінен аңғаруға болады), оларды этникалық мұсылмандардың қатарына жатқызуға болады. Ал сіздің дінді ұстанамын дегеніңіз оларға әсіре сілтеушілік, былайша айтқанда фанатизм болып көрінуі мүмкін деген күдік те жоқ емес. Ата-аналардың мұндай әрекетке баруы, өкінішке орай, бүгінгі қоғамда өте жиі кездеседі. Сондықтан, сізге сәл аптығыңызды басып, намаз оқимын деп шешкеннен кейінгі бойыңыздағы өзгерістерді, тәртібіңізді сырт көзбен бақылап көргеніңіз жөн болар.  Асығыс шешім қабылдамаңыз, сабырлы, салмақты болуға тырысыңыз, әйтсе де, ислам міндеттеген парыз құшылықтарыңызды атқарусыз қалдырмаңыз.

Ал оқуыңызға келер болсақ, бұл жағдайда ендігі ештеңе өзгерте алмайтындығыңызға анық көзіңіз жетсе, ілім алуда табандылық танытып, мамандығыңызды жақсылап игеруге тырысыңыз. Егер медицина саласын жетік меңгерген кәсіби, білікті маман болсаңыз, мұнымен мұсылмандарға қандай жәрдем беріп, пайда әкеле алатындығыңыз жайлы ойлаңыз. Себебі шариғатқа сай жүріп-тұратын, құлшылығы түгел дәрігер – мұсылмандарға өте қажет. Мүмкін Алланың қалауымен бұл таңдауыңыз өзгелерге ғана емес, өзіңіз үшін де қайырлы болар.

Islam.ru сайтынан аударған: www.nurgasyr.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шетелдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы nurgasyr.kz сайтына тиесілі.

Nurgasyr.kz сайтында жарияланған кез-келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде nurgasyr.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.