ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ИСЛАМ ДІНІ ҚАЛАЙ ТАРАЛДЫ? 3614

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ИСЛАМ ДІНІ ҚАЛАЙ ТАРАЛДЫ?

02 қыркүйек 2024 37 Оқу 1 минут

Аллаға сансыз шүкір, Қазақ елінде өткенге үңіліп, халқымыздың тарихи сорабындағы діни құндылықтарды сүзгіден өткізуге зор қадам жасалуда. Мұндай ілкімді бастамалар халықтың діни танымына өзгеріс енгізуге ұмтылған Ислам дінінің атын жамылған түрлі деструктивті ағымдардың өрісін тарылтып, дәстүрлі діни сенімнің мүддесін қорғап, дәрпін асыруға үлкен мүмкіндік тудырары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Ислам дінінің Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақ даласына таралу тарихын зерделеу аса маңызды. Өйткені Қазақ халқының төл исламтану мектебінің негіздері Ислам дінінің Орталық Азия мен Дешті-Қыпшаққа таралуы мен жерсіну процестерінде жатқаны баршаға аян.

Алғаш болып Ислам дінін қабылдаған Таяу Шығыстағы түркі мемлекеттері Толуни, Ихшид, Сажи, Орталық Азиядағы Самани, Ғазнауи, Тахири, Ғұри, Алтунташ, Мәмуни, Қарахан, Хорезмшах, Солтүстік Кавказ және Еділ бойындағы Хазария мен Бұлғарлар тарихын, сондай-ақ Мәуереннахрдағы Матуриди кәламдық мектебі, Ханафи фиқһтық мәзһабы және Ясауи, Кубрави, Хожеган (нахшбанди) сопылық ордендерінің қоғамның рухани дамуына қаншалықты қызмет еткенін ғылыми тұрғыда саралау – біздің дәстүрлі діни танымымызды жаңғыртуға өз септігін тигізетіні белгілі. Негізінде бұл мәселелерді жеке-жеке тақырыптарға бөліп, арнаулы зерттеулер жасауымыз шарт. Яғни Ислам дінінің таралуындағы саяси фактордан бөлек, діни-әлеуметтік себептер мен рухани үдерістерге дербес ізденіс қажет. Кәлам ілімнің таралуын, фиқһ мәзһабтарының дамуын, сопылық ағымдардың өрістеуін жеке зерттеп келіп, жүйелі түрде қорытындылау тарих шындығын әйгілейтіні белгілі.

Шынтуайтында Ислам діні түркештер билік құрған VII-VIII ғасырларда Орталық Азияға тарала бастады. Хақ дінінің Мәуереннахр мен Түркістан өлкесіне жерсінуі, жергілікті түркілердің төл сеніміне айналу процесі ұзаққа созылды. Оған сол кездегі аймақтық және ұлттық ерекшеліктер, геосаяси ахуал мен діни жағдай және т.б. факторлардың ерекше әсері бар еді. Жаулап алу соғыстары, ұлттық алалаушылық, әлеуметтік теңсіздік және кейбір экономикалық мәселелер Ислам дінінің таралуын кешеуілдетті. Ал түркілердегі харизматикалық басқару жүйесі, ескі және жаңа діннің арасындағы рухани сабақтастық, діннің өзге де артықшылықтары Исламның Орталық Азияға орнығуына екпінді ықпал етті.

Ислам діні Қарахан дәуіріндегі саяси тұлғалардың қолдауы арқылы Орталық Азияда доминанттық күшке айналды. Түркілердің діни дүниетанымы, қоғамдық қатынастарды реттеу құқықтық жүйесі, әлеуметтік және мәдени өмірінде үлкен өзгерістер орын алды. Ғылым мен мәдениет, моральды-этикалық құндылықтар қарыштап дамыды. Матуриди ақидасы мен Ханафи фиқһтық мәзһабы, әһлі сүннет сопылық мектептері аймақта үстемдік құра бастады. Ғылымның түрлі салаларында өркениетке бастар ұлы шығармалар дүниеге келді.

Ислам дінінің Мәуереннахр мен Түркістан аумағында салтанат құруы Қарахан мемлекеті дәуірінде жүзеге асты. Қарахан билеушісі Сатұқ Боғра хан 944 жылы Ислам дінін қабылдады. Оның баласы Мұса қағанның тұсында (960 жыл) Ислам діні Қарақан мемлекетінің мемлекеттік діні болып жарияланды. Қарахандықтар теріскейдегі түркілер арасына Ислам дінін таратуды өз міндетіне алды. Қарахандықтардың мемлекеттік құрылымы мен сот жүйесі және қоғамдық қатынастарды реттеу мәселелері шариғат нормаларымен жүзеге асырылды. Осы дәуірде Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақида мектебі Мәуереннахр мен Түркістанда доминаттық күшке айналды.

Қарахан билеушілері Бұқарамен қатар Самарқанды да Ханафи мәзһабының орталығы етті. Қарахан билеушісі Ибрахим Тамғаш Боғра хан (1041-1068) және оның ұлы Шамсилмулук хан (1068-1080) Самарқанда Ханафи ақидасы мен фиқһын үйрететін көптеген медреселер салды. Қарахан дәуірінде Ханафи мәзһабының дамығаны соншалық, Бұқарада «Садр» Ханафи мектебі, ал Самарқанда «Жузжанийа» және «Йадийа» атты өз әдіснамасы бар Ханафи мектептері болды.

Қарахан дәуірінде Мәуераннахрда кәлам мәселесі бойынша Әбу Мансұр әл-Матуриди (870-944) негізін салған Матуриди ақида мектебі өркен жайды. Әл-Матуридидің сенімдік көзқарастарын жүйелеп, ақида мектебін қалыптастырған оның ізбасары Нәжмиддин Әбу Хафс Омар ән-Насафи (1069-1142) еді. Оның «Нәсафи ақидасы» атты еңбегі Исламды қабылдаған мұсылмандардың төлқұжаты іспеттес болатын. Сондай-ақ Матуриди мектебінің түркілер арасында нығая түсуіне Сиражиддин Али ибн Осман әл-Уши (1179 жылы қ.б) де зор еңбек етті. Әл-Ушидің «Бад-ул-Амаали» атты еңбегі өз дәуірінде өте танымалдыққа ие-тін.

Қарахан дәуірін зерттеген тарихшылар Мәуереннахрдан Ханафи мәзһабының 300-ден астам өкілі шыққанын айтады. Олар 350-ден астам кітап жазып, 20 пәтуа жинағын шығарған. Орталық Азиядан өзге мәзһаб өкілдері емес, Ханафи мәзһабынан осыншама өкілінің шығуы, сөз жоқ Қарахан дәуірінде бұл мектептің салтанат құрғанын әйгілейді. Қарахан дәуірінде түркілердің әлеуметтік жүйесіндегі мораль философиясын және тіл ғылымы тақырыптарында қалам тербеген Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Иүгінекидің «Атабатул хақаиқ» (Ақиқат сыйы), Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік», Ахмет Ясауидің «Диуани-хикмет», Сүлеймен Бақырғанидің «Ақырзаман кітабы» атты шығармалары түркі тілінде жазылды.

Қарахан дәуіріндегі Ислам дінінің түркілердің жүрек төрінен орын алуына сопылық мектептердің де қосқан зор үлесі болды. Түркістанның піріне айналған Қожа Ахмет Ясауи (1166 жылы қ.б) және оның ізбасарлары Ислам дінінің Сүлеймен Бақырғани, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтық, Жүніс Әмре, Ашық Паша, Ғази Бурханиддин, Дехкани, Ахмед Даий, Насими, Қажы Байрам Әулие, Мансұр ата (1197 жылы қ.б), Сайд ата Хорезми (1218 жылы қ.б), Мұхаммед Даншмент Зарнұқи, Суксук ата, Исмайыл ата, Садыр ата, Бадыр ата, Зеңгі баба, Ұзын Хасан ата, шейх Иқани, Құсшы ата, Жүсіп ата, Шопан ата, Қажы Бекташ әулие, Сары Салтұқ, Шайық Лұқпан Перенде, Баба Машын, Әмір Әли Хакім, Хасан Бұлғани, Имам Мерғазы, Шайх Осман Мағрифи секілді хикмет иелері Хақ діннің түркілердің жан-дүниесінде салтанат құруына ерен қызмет етті.

Қарахан және Жошы ұлысында Ислам дінінің одан ары қарай беки түсуіне Қожогани және Кубрави тариқаттарының да қосқан үлесі зор болды. Қожа Абдулхалық Ғыждуани (1218 жылы қ.б) негізін салған қожагани тариқаты Бұқара аймағында сопылық ілімнің өркен жаюына мейлінше ықпал етсе, Нәжмиддин Кубра (1221 жылы қ.б.) негізін қалаған кубрави тариқаты Хорезм мен Дешті-Қыпшақта сопылық ілімнің дамуына зор үлес қосты. Нәжмиддин Кубраның ханакасынан шыққан Мәждуддин Бағдади, Нәжмаддин Дайиа, Радиуддин Әли Лала, Сададдин Хаммуә, Баба Камал Женди, Сейфеддин Бохарзи, Баһауаддин Уәлад (Румидің әкесі) секілді сопылар Ислам дінінің Мәуереннахр мен Түркістан аймағында нығая түсуіне қызмет етті. Әсіресе Сейфеддин Бохарзидің ықпалымен Алтын Орда билеушісі Берке хан мұсылман болып, ол Ислам дінін мемлекеттік идеологияға айналдырды. Одан кейін Ясауи тариқатының Ұзын Хасан ата, Зеңгі ата, Садр ата, Бадр ата секілді өкілдерінің ықпалымен Алтын Орда ханы Өзбек Ислам дінін қабылдап, Хақ дін толығымен түркілер арасында таралып үлгерді. Дегенмен ХІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қарақытай және ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде Орталық Азиядағы Ислам дінінің дамуы тежеліске ұшырады. Ислам өркениетінің орталықтарына айналған ірі қалалардың шапқыншылық кезінде қиратылуы түркілерде қанат жая бастаған Ислам дінінің тоқырауға ұшырауына әкеліп соқты. Ғылым мен мәдениет және өндіріс пен шаруашылық қатты зардап шекті. Кейін Шыңғысхан ұрпақтарының Хақ дінді қабылдауымен Алтын Орда және Шағатай (Моғолстан, Мәуереннахр) дәуірлерінде Ислам діні қайта дамуға мүмкіндік алды. Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай ордасы, Шәйбанилер, Қазақ хандығында Ислам діні осы Алтын Орда мен Моғолстан дәуіріндегі бекіген инерцияның негізінде бой түзеді. Оның ішіндегі ең маңызды тоқталатын жайт, Мәуереннахрдағы отырықшы тұрғындар мен Дешті-Қыпшақтың көпшелі халықтары арасында Ислам дінінің өзіндік үлгісі қалыптасты. Отырықшы халықтарда шариғаттың бояуы қанық болса, көшпелілерде шариғатпен бірге дала заңдары астасып-қойындасып, синкретті түрде дамыды.

Орталық Азияға Ислам дінінің таралуы туралы әл-Идрисидің «Нузхат әл-муштақ фи-ихтирақ әл-афақ», Зәкәрийа ибн Казунидің (1203-1283) «Әсар әл-билад уа ахбар әл-ибад», Қудама ибн Жағфардың (948 жылы қ.б) «Китаб әл-харадж уа санат әл-китаба» (Салық және хатшы өнері туралы кітап), Ибн Хордабектің «Китаб әл-масалик уа-л-мамалик», әл-Мақдисидің (947-1000) «Ахсан ат-тақасим фи марифат әл-ақалимда», әл-Бакридің (ХІ ғасыр) «Әл-масалик уа-л-мамалик», Сафи ад-дин Орун Қойлақидің «Насабнама», Ибнул-Әсирдің «Камил-ат тарихы», Кашифидің «Рашахаты», Ибн Халликанның «Уафайат», Хазинидің «Жауахир-ул-абрар мин амуаж ил-бихар», Жәмидің «Нафахат ал-унс», Мұхаммед Захир ад-дин Бабырдың «Бабырнама», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рәшиди», Утемиш қажының «Чингизнаме» т.б. тарихи деректерінде баяндалады.

Ислам дінінің Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақ даласына таралу тарихын зерделеу барысында ортағасырлық араб-парсы және түркі деректеріне қатысты зерттеушілердің тұжырымдары бір ізді емес. Мәселен, Тизенгаузен жасаған Алтын Орда дәуірінде қатысты тарихи мәліметтер жинағындағы (СМИЗО) ой-пікірлер мен кейінгі тарихи тұжырымдардың арасында үлкен айырма бар. Ислам дінінің Орталық Азияға таралуының тарихи келбеті, ондағы тарихи шайқастар мен келісімдер, саяси қайшылықтар мен рухани үйлесімдердің мәнін ашу, түсіндіру, алғашқы түркі-Ислам мемлекеттерінің сипаттамалары, құрылымы, тұрпаты, Мәуереннахрда өркен жайған Матуриди, Ханафи және Ясауи мектептерінің тарихи маңызы мен мәнін ашуда әрбір зерттеуші түрлі әдіснамаларды ортаға қойып, дербес тұжырымдар жасаған. Әлбетте зерттеу қорытындысындағы әртүрлілік – ғылым үшін зор рухани қазына. Десе де түрлі тұжырымдарды тарихи оқулықтарға жүйелеп, бірізді етіп беру өскелең ұрпақтың ой-санасының дұрыс әрі тұтастықта қалыптасуына оң әсерін тигізетіні түсінікті. Сол себепті еліміздегі Орта ғасырлардағы Ислам тарихын кешенді зерттеу аса маңызды.

 

Ермек МҰҚАТАЙ,

Шығыс Қазақстан облысының бас имамы

«Иман» журналы, №5, 2024 жыл