Қали  ишан 3135

Қали ишан

20 наурыз 2024 104 Оқу 1 минут

Ел ішінде дін ғұламалары, ишан-ахундар көп болған. Ақтөбе өңірінде ХІХ ғасырда өмір сүрген жүзден астам діни қайраткерлер белгілі. Солардың бірі  — Қали ишан Түлкібайұлы (1871-1934). Шығу тегі Әлімұлы — Кете — Әлімбет тармағынан. Атақонысы — Ақтөбе облысының қазіргі Қобда, Ойыл, Темір аудандары қиылысатын өңір, Қайыңды, Аққұдық елді мекендері. Ауыл медресесін бітірген соң, Самарқан, Бұхарада біраз жыл білім алған. Оқудың шегі жоқ, дін жолында оқыған шәкірттер он жылдан жиырма бес жылға дейін оқи береді екен. Ишан дәрежесімен елге келген соң Көлтабанда мешіт салдырып, бала оқытқан. Шәкірттер демалысқа кеткенде қарап отырмай, адал еңбекпен мал табатын болған. Қали ишан ірі денелі, қарулы адам екен. Жергілікті байдың шөбін шабуға келісіп, ақысына екі қой алады. Қойдың бірін пісіріп, екіншісін тірілей әкелуді тапсырған. Белгіленген аумақты бір күнде шалғымен шауып бітіріп, бір қойдың етін жеп, тірі қойды үйіне алып барады екен. Шөп шауып жүргенде кездескен тастың бәрін шапанының етегіне салып, шабындықтың жиегіне шығарып тастайтын әдеті болған. Сол үлкен тастардың бірі қазір де құлпытасының жанында жатыр.

Қали ишанның үш баласы, бір қызы болған: Мұхамбетияр, Зайнолла, Мұхамбетшәріп және Назира. Ишан балаларының тағдыры туралы болжам жасап, ұрпақтарына Аллаға құлшылығын үзбеуді аманаттап кеткен. Большевиктер дінге тыйым салып, қудалау күшейген жылдары балаларын жасырын оқытқан. Құран аяттарын тура мағынасында ауыздан-ауызға жаттатып, құлақтарына құйып тастаған.

Үлкен баласы Мұхамбетияр (1901-1942) фашистерге қарсы соғыста Курск доғасында шейіт болған. Соғыста бірге болған Қаражан Әбубәкіров мынадай дерек қалдырған. «Мұхамбетияр тұлғалы азамат еді. Денесіне тар болған шинельдің екі жағынан тіліп тастайтын. Балтырын қысқан соң етігінің қонышын да тіліп, қайырып қоятын. Бір күні соғыс алдында маған түс көргенін айтты. «Мен бұл соғыстан тірі қалмаймын. Ал сен аман қаласың. Елге сәлем айтарсың», — деді. Өзі айтқандай, сол күні шейіт болды».

Мұхамбетиярдан ұрпақ бар. Ұлы Абдулмәжит (1930-2012) кеңестік құжат бойынша Мәжит болып кеткен. Мәжиттен тараған немерелері бар.

Ишанның екінші ұлы Зайнулла соғыстан жаралы оралып, 1972 жылы қайтыс болған. Ұлы Қадірдің азан шақырып қойылған есімі Мадхар екен. Содан тараған ұрпақтары бар.

Үшінші ұлы Шәріп (Мұхамедшәріп, 1912-2004) соғыста барлаушылар ротасында қызмет еткен. Бірнеше рет жеңіл жарақат алған. Берлинге қырық шақырым қалғанда снаряд түсіп, ауыр жараланған. Украинада бір жыл госпитальде емделіп, 1946 жылы елге келген. Ауылға бір жыл бұрын «хабарсыз кетті» деген хат келген екен. Соғыстан кейінгі бейбіт заманда да «ишанның баласы» болғаны үшін біраз қуғын көрген. Өмір бойы ораза-намазын үзбеген Шәріп ақсақал жұмыста да адалдығын берік ұстанған. Социалистік жарыстың соңына түскен шопандар кеңшардың малына сырттан қой қосып, санақ кезінде көзбояу жасайтын кездері болған. «Сен де сөйтсейші» деген адамдарға: «Бізге өтірік айтуға болмайды ғой» дейді екен. Тура жолмен жүріп те, ұзақ жылдар бойы озат шопан атанған. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп, зейнетке шыққан. 2004 жылы 92 жасында өмірден өткен.

Қали ишанның қызы Назира да тағдырлы адам. Қобда өңірінде Жұмағұл хазірет Байшуақұлы (1858-1934 жж.) өмір сүрген. Руы — тарақты табын, сармантақ. Бұхарада оқыған. Тамды болысының Қызылшаң ауылында мешіт ұстаған. Қазір Қобда ауданында мешітінің орны бар. Бейіті — Өлетті қорымында. Басында бұлағы бар. Жұмағұл хазіреттің баласы Сағидолла Қалимен Бұхарада бірге оқыған. Қали ишан бой жеткен қызы Назираны Сағидоллаға береді. Олардың Сапура, Шүкірәлі деген балалары болған. Дін өкілдерін қудалау басталған кезде белсенділер балаларды зорлықпен тартып алып, балалар үйіне тапсырған. Сағидолла ишанды жер аударып жіберген. Аштық пен аласапыран жылдары балалар табылмай кеткен. Өлі-тірісі белгісіз. Олардың қайғысын көтере алмай, Назира өмірден ерте озған. Қабірі — Көлтабандағы мешіт жанында. Басында құлпытасы сақталған.

Сағидолла ишан (1876-1964 жж.) ол кезде Ақтөбе түрмесінде отырған. Қайын атасы Қали ишан өмірден өтерде: «Сағидолла келіп, менің жаназамды шығарсын», — деп хабар айтады. Оқудың күшімен түрмеден шығып кеткен Сағидолла ишан атасының жаназасын шығарып, жерлеп болған кезде қуғыншылар да жетеді. Қамыс арасына тығылған Сағидолланы таба алмай, шаршап-шалдығып түрмеге келсе, ишан түк болмағандай түрмеде отырады. Атуға оқталып, мылтық кезенгенде бөлменің төрт бұрышынан төрт Сағидолла көрінеді. Ұлты татар түрме бастығы ишанның тегін адам емес екенін мойындап, түрмеден босатқан. Сағидолла ишан тыныштық болмайтынын түсініп, Башқұртстанға көшіп кетеді. 1948 жылы бой тасалап Тәжікстанға кетіп, Ленинабад қаласы маңында имам болған. Науқас адамдарды емдеген. Жылымық жылдары елге қайтып келген. Өз өсиеті бойынша әкесі Жұмағұлдың мешітіне жерленген.

Қали ишанның немересі

Әшім Шәріпұлы — Қали ишанның немересі. Ишан атасын көрмесе де, әкесінің жанында жүріп, біраз әңгімесін көңілге тоқып өскен.

  • Менің азан шақырып қойылған есімім — Хашим. Барлық құжатта Әшім деп жазылған. Мұхамбет (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың арғы атасының есімі екен. Мұсылманның шариғат заңы мен каратэнің моральдық кодексі өте ұқсас. Адалдық, тазалық, кішіпейіл болу, әлсізге көмектесу, тәкаппарлықтан сақтану, өмір бойы кемелдікке ұмтылу, ата-ана мен ұстазды сыйлау — екеуінде де бар ереже.

1975 жылы ауылға «Қали ишанның ұрпақтарын іздеп жүрміз» деп екі адам келді. Дастарқан басына жайғасып отырып, жөндерін айтты. «1932 жылы аш-жалаңаш, бас ауған жаққа шұбырдық. Осы ауылдың маңынан өттік. Көзге Көлтабан мешіті түсті. Мешіт жанындағы жертөледе ілулі тұрған екі қойдың етін алып кеттік. Сол еттің күшімен жан сақтап, жиырмадан астам адам башқұрт жеріне жеттік. Үлкендердің айтуымен Қали ишанның мешітіне қол салғанымызды білдік. «Күнә жасауға мәжбүр болдық қой» деп әке-шешеміз талай жылап еді. Сол кісілердің айтуымен алдыңыздан өтіп, кешірім сұрауға келдік. Алыста жүрсек те сыртыңыздан мән-жайға қанықпыз», — деп, екі қойдың құнына балап, 25 сом тастады. Әкем де ол оқиғаны ұмытпаған екен.

— Тоналған жертөлені таңертең көрдік. Әкем: «Жетіскеннен алды дейсің бе, құдай жеткізер», — деді де қойды. Қиын уақыттар еді. Қырық жыл өтсе де ұмытпай, орнына қайтарып әкелдіңдер. Кешірімді болу — мұсылманның парызы. Аман болыңыздар, — деді. Тоқсаныншы жылдары ауылға Хабиб Аққұш ұстазды ертіп бардым. Әкемнің Құран оқыған қырағатын тыңдап, қатты таңданды. «Құран Кәрімді оқудың керемет үлгісі!» деп бағалады. Осы екі оқиға есімде қалды, — дейді Әшім аға.

1992 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатына ТМД құрамасы сапында шақырту алған Қазақстан каратэшілері де барады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар. Мемлекеттік рәміздер енді ғана жарияланып, бірақ барлық жерге жетіп үлгермеген. Спорт комитеті Ту таба алмай, Мәскеудегі елшілікке сілтейді. «Бізге жаңа ғана екі ту келді. Біреуін сіздерге берейік, екіншісін елшілік ғимаратының төбесіне ілеміз», — дейді дипломат жігіттер. Әшім Шәріпұлы Францияда бас жүлдеге қол жеткізді. Сөйтіп, Қазақстан елінің көк жалауы әуеге көтерілген. Талай жарыстарға қатысып жүрген дүниежүзінің тәжірибелі спортшылары бұрын көрмеген көк жалауға ұзақ қараған екен. Яғни Әшім Қалиді Тәуелсіз Қазақстанның көк жалауын әуелеткен алғашқы спортшы деуге болады.

Әшім Шәріпұлы — саналы ғұмырының қырық жылын спортқа арнаған кәсіби спортшы.  Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 7 дан (каратэ), 4 дан (джиу-джитсу) иегері.

Каратэ спортынан КСРО чемпионы (Қазан, 1991), Еуропа чемпионы (Франция, 1992) және Әлем чемпионы (АҚШ, 1994) атанған тұңғыш қазақ. Қазақстанның абсолютті чемпионы, Қазақстан мен Орта Азия кубогының иегері болды. Джиу-джитсудан Әлем чемпионы атанған кезде (Португалия, 2014 ж.) 52 жаста екен.

Ақтөбе өңірінде спорттың жекпе-жек түрлерінің басым бөлігінде Әшім ағаның қолтаңбасы бар. «Айкидо мен у-шу спортына қатысым жоқ. Олардан басқа он бес-он алты спорт түріне араластым. Мысалы, кикбоксинг, ММА, панкратион, грепплинг, джиу-джитсу дегендер каратэ спортына өте жақын. Қазақтың «Батырға оң-терісі бәрібір» дегені де осы. Түп негізі — жекпе-жек. Қайткенде де күш пен әдіс-айлаңды асырып, қарсыласыңды жеңу үшін бес қаруың сай болуы керек. Ел намысы мен ер намысы — бір ұғым. Жеңіс таза болуы керек. Мыңдаған адам қарап отырады. Жүздеген фото-видео түсіріп жатады. Спортшының ең бақытты сәтінің бірі — жеңіс тұғырында тұрған кезі. Мойнына алтын медаль тағылады. Еліңнің жалауы желбіреп, барлық тулардан да биікке көтеріледі. Отаныңның Әнұраны орындалады. Елдің аманатын орындап, мерейін өсіру рухыңды көтереді. Жылдар бойы төккен тер, көрген қиындықтар уақытша ұмытылады. Уақытша ғана. Жеңіс жалғасты болу үшін тер төгу тоқтамайды. Ең қиыны — өзіңді өзің жеңу», — дейді спорт ардагері.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,

тарихшы.