ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ 2066

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – МҰСЫЛМАННЫҢ МІНДЕТІ

09 қыркүйек 2022 117 Оқу 1 минут

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Ислам діні мұсылмандарға Жаратушысын танып, Оған құлшылық етумен қатар, Жаратушының жаратқан жаратылыстарына да аса ұқыптылықпен қарауға, қоршаған ортаны қорғап, оны аялауға, тазалық сақтап, ысырап етпеуге үйретеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында:

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер беті түзетілгеннен кейін, онда бүлдірушілік жасамаңдар», – деп бұйырған.

Адам баласының тіршілігі дүниеге келген күнінен бастап-ақ қоршаған ортамен, табиғатпен тікелей қарым-қатынаста болады. Сондықтан қоршаған ортаны қорғауды табиғат байлығын сақтап, оны дұрыс пайдаланудың мәні ерекше. Халқымыздың: «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ», «Батырлар – ел байлығы, табиғат – жер байлығы», – деуінің сыры осы.

Дініміздегі қамқорлық, мейірімділік ұғымдары тек адамдарға мейірімділік көрсетумен шектелмейді. Мұсылман адам қоршаған ортаға, жан-жануарларға, табиғатқа деген мейірімділік танытуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзара мейірімді болмайынша толық иман келтірген болып саналмайсыңдар», – деді. Сонда сахабалар:  «Уа, Алланың Елшісі! Баршамыз мейірімді жанбыз», – десті. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің айтып тұрғаным, сендердің түсінгендерің секілді бір-біріңе деген мейірімділік емес. Керісінше күллі жаратылысты қамтитын мейірімділік», – деп айтқан.

Ендеше, мұсылман адам бүкіл жаратылысқа мейірімділік шуағын шашып, соның ішінде өзін қоршаған ортаға, табиғатқа, жан-жануарларға қамқорлық таныта білуі қажет. Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде қоршаған ортамен байланысымыз жөнінде баяндалған мынадай мәліметтерді білуіміздің маңызы үлкен:

 

Бірінші: Жануарлар әлемін қорғау

Құран қиссасында баяндалғанындай жер бетін топан су басқан уақытта Алла Тағала Нұх пайғамбарға кемесіне әр тіршілік иесінен бір-бір жұптан мінгізуіне әмір етілуі дініміздің жан-жануарларды қорғауға қаншалықты үлкен мән беретіндігін көрсетеді. Алла Тағала «Әнғам» сүресі, 38-ші аятында:

وَمَا مِنْ دَابَّةٍ فِي الْأَرْضِ وَلَا طَائِرٍ يَطِيرُ بِجَنَاحَيْهِ إِلَّا أُمَمٌ أَمْثَالُكُمْ ۚ

«Жер басып жүрген жан-жануардың, қос қанатымен самғап ұшқан құстардың түр-түрі өз алдына (өздерің сияқты тіршілік ететін) бірер үммет болып табылады», – деп айтқан.  

Сол себепті жан-жануарларды жазықсыз өтіруге, оларды қинауға, ұясын бұзуға болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мн сәлемі болсын) ешбір жазықсыздан-жазықсыз өлтірілген торғайдың өзі қиямет күні Аллаға жағдайын айтып, «Уа Раббым! Пәленше мені бір қажеттілігі үшін емес, бостан-босқа өлтірді», – деп шағымданатындығын ескерткен (имам Насаи).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жан-жануарларға деген мейірімділікті мынадай ғибратты оқиғамен түсіндірген:

«Алла бір ит үшін жаман атағы шыққан əйелді кешіріп, жəннатына алды. Құдық басында тілі аузына сыймай салақтап, шөлден қаталап жатқан əлдебір иттің тұсынан өтіп бара жатып, оның мүшкіл халін байқап қалған əйел дереу белінен белдігін шешіп, аяқ киіміне байлайды да, құдықтан, су алып береді. Осылайша ит ажалдан аман қалады. Міне, əйелдің итке деген осы бір əрекеті оның кешірілуіне себеп болды. Алла оған жəннатын нəсіп етті» (имам Бұхари, Мүслим).

Тағы бір хадисінде: «Бір әйел мысық үшін азапталды. Ол мысықты өлгенінше қамауда ұстап, сол үшін отқа түсті. Мысық қамауда болғанда оны тамақтандырмады, сусын да бермеді, не өзіне жерде жорғалағандарды ұстап жеуіне де мүмкіншілік жасамады», – деген (имам Мүслим).

Әлемге рақым етіп жіберілген Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі барлық жаратылысқа, соның ішінде жан-жануарларға да ерекше мейірімділік танытатын болған. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осыншалықты мейірімділігін көрген бір сахабасы: «Уа, Алланың Елшісі! Жануарларға да жасаған жақсылықтарымыз үшін сауап беріле ме?» – деп сұрағанда,  Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иə, əрбір жануарға жұмсақтық жасағаның үшін сауап бар», – деп жауап берген (имам Бұхари, Мүслим). Ендеше, жан-жануарларға, табиғатқа мейірімділікпен қараудың өзі Алла құзырында құлшылық һәм үлкен сауап.

Жан-жануарлардың ішінде адам баласының өмір тіршілігі үшін төрт түлік малдың орны ерекше. Алла Тағала қасиетті Құранның «Муминун» сүресі, 21-ші аятында:

وَإِنَّ لَكُمْ فِي الْأَنْعَامِ لَعِبْرَةً ۖ نُسْقِيكُمْ مِمَّا فِي بُطُونِهَا وَلَكُمْ فِيهَا مَنَافِعُ كَثِيرَةٌ وَمِنْهَا تَأْكُلُونَ

«Расында сендер үшін малдарда ерекше ғибрат бар. Сендерге олардың іштеріндегі (сүтін) ішкіземіз. Сондай-ақ малда сендер үшін көптеген пайда бар әрі олардың ет-майын да жейсіңдер», – деп айтқан.

Аятқа зер салсақ Алла Тағала малды біздерге пайдалану үшін берілгені айтылған. Қазақ халқының тіршілігінде ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, тұтынса – бұйымы, берсе – сыйы болған төрт түлік малдың маңызы зор болған. «Елдің көркі – мал, өзен көркі – тал», – деп, төрт түлікті үлкен нығметке балаған. Ата-бабаларымыз төрт түліктің әрқайсысының жаратылыс ерекшелігіне сай азығы мен жайылымы, күтімі мен бабы бөлек болатынын ертеден-ақ білген. Соған сәйкес жыл он екі ай мал қамын жасап, суыққа ұрындырмай, аптапқа қаталатпай, бабын таба білген. «Ақты төкпе, малды теппе», – деп, малға зорлық-зомбылық көрсетуден, оны текіп, ұрудан тыйған.

Екінші: Өсімдіктер әлемін қорғау

Жер бетіндегі жасыл желек Алла Тағаланың адамзат баласы үшін берілген үлкен нығметтердің бірі. Өйткені өсімдіктердің адам өмірінде атқаратын рөлі орасан зор. Олар адам өміріне де қажетті ауаны оттегімен байытып отырады.

Сол себепті өсімдіктерді қорғау жердегі өмірді қорғаумен пара-пар. Алла Тағала «Шуғара» сүресінің 7-ші аятында:

أَوَلَمْ يَرَوْا إِلَى الْأَرْضِ كَمْ أَنبَتْنَا فِيهَا مِن كُلِّ زَوْجٍ كَرِيمٍ

«Олар жер жүзіне зер салып қарамай ма? Онда жұп-жұбымен неше түрлі көркем өсімдіктер өсірдік», – деп өзінің берген нығметін паш еткен.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», – деп айтылғанындай, асыл дініміз мұсылмандарға жасыл желектің өсуіне мүмкіндік жасап, тал отырғызудың сауапты іс екендігін айтады.

Бір күні, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саңлақ сахабаларының бірі Әбу Дәрда Шамда көшет отырғызып жатады. Оның жанынан өтіп бара жатқан бір кісі ағаш егуін – дүниеге құмарлық, дүние тіршілігіне деген махаббаттан туындаған әрекет деп ойлайды. Әбу Дарданың істеп жатқан ісін жаратпағандай сыңай танытып: «Алла елшісінің сахабасы бола тұра мұндай іспен несіне айналыстыңыз?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда ол кісіге: «Мен жайлы бірден үкім беруге асықпа! Өйткені мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أَوْ يَزْرَعُ زَرْعًا فَيَأْكُلُ مِنْهُ طَيْرٌ أَوْ إِنْسَانٌ أَوْ بَهِيمَةٌ إِلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقَةٌ

«Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі», – дегенін естідім» – деп жауап береді (имам Бұхари ).

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

إِنْ قَامَتْ السَّاعَةُ وَفي ِيَدِ أَحَدِكُمْ فَسِيلَةٌ ،فَإِنْ اسْتَطَاعَ أَنْ لَا يَقُومَ حَتَّى يَغْرِسَهَ فَلْيَغْرِسْهَا

«Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін», – деген (имам Бұхари).

Бұл хадистерден адамның табиғатқа қарайласып, оның өсуіне мүмкіндік туғызуының қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді.

Қоршаған ортаға қатысты әдептеріміздің бірі – табиғатқа шыққанда оны ластауға, ағаш-тоғайларды қажетсіз сындыруына болмайды. Әсіресе өртке себепші болатын істерден барынша сақтануы қажет. Өйткені орман өртінің көбі орманда демалғысы келетін адамдардың әрекетінен орын алып жатады. Мәселен, сөндірілмеген шылым не сіріңке, аңшылық кезіндегі оқтан тұтанған жалынның салдары, орман ішінде кепкен шөп пен кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге алау жағуы, күннің сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кету сияқты өзге де істер тілсіз жаудың шығуына себепші болады. Ыбырай Жақаев: «Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз.  Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі», – деген екен.

Қисса

Бір патша нөкерлерімен кетіп бара жатып жеміс ағашының көшетін отырғызып жатқан қарияны көзі шалып: «Уа, ақсақал! Жасыңыз біршамаға келіп қалыпты. Мына отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре алмайтыныңды біле тұра, оны  несіне бейнеттеніп отырғызып жатырсың?» – деп сұрайды. Қарт басып көтеріп, байыппен сәлемдесіп болған соң: «Бізден бұрынғылар оырғызып кеткен ағаштардың, жемісін біз жедік. Біз отырғызған ағаштың жемісін өзіміз жемесек те, бізден кейінгі келетін ұрпақ жейді емес пе?» – деп, патшаның сұрағана сұрақпен жауап береді. Қарияның берген жауабы патшаға қатты ұнап қалып, қартқа бір уыс алтын бергізеді. Сонда қарт бір алтынды қолына ұстап тұрып: «Көрдің бе, балам: «Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көрмейсің», – деп едің, менің отырғызған ағашым бірден жеміс берді», – дейді. Бұл сөзге одан сайын риза болған патша қарияға тағы бір уыс алтын бергізеді. Қария тағы сол байыптылығын сақтап: «Жемісті тал жемісін жылына бір мәрте ғана беруші еді, менің еккен талым жылына екі мәрте жеміс беріп кетті», – дейді. Қарияның даналығына таң қалған патша тағы бір уыс алтын бергізіп, қасындағы нөкерлеріне: «Қой, мына жерден тезірек кетейік, әйтпесе қазынамыздың таусылатын түрі бар», – деген екен.

 Үшінші: Суды ысырап етпеу

Табиғат ресурстары ұқыпты пайдалану да дініміздің талаптарынан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 31-аятында: 

وكُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ

«Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар», – деп айтқан.

Сондықтан әрбір нығметті бағалап, оған шүкірлік етуді үйрететін асыл дініміз судың да қадірін жеке түсінуді насихат етеді. Мұсылман адам намаз оқу және дәрет алу барысының өзінде суды ысырап етпеуі қажет. Мысалы, Сағд атты сахаба дәрет алғанда суды қажетті мөлшерінен артық пайдаланып жатқанын көрген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Мынау не ысырап?» – деп сұрайды. Сағыд бұл сұрақтың мәнісін түсінбей: «Уа, Алланың елшісі! Дәретте де, ысырап бола ма?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, тіпті ағып жатқан өзеннен дәрет алар болсаң да ырысып етуге болмайды», – деп ескертеді.

«Су бергеннің – сауабы бар, су төккеннің – жауабы бар», – демекші, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сағыдқа жасаған ескертуінде әрбірімізге үлкен сабақ бар. Себебі, су – бүкіл тіршілік иелерінің негізгі құрамдас бөлігі. Адам баласы күнделікті өмірде су пайдаланатындықтан, оның орны алмастырылмайтын, өте бағалы жаратылыс байлығы деп табылады. Біздердің өмір сүруіміз үшін ауа қандай қажет болса, су да сондай қажет. Халқымыздың: «Еңбек – кірістің көзі, су – ырыстың көзі», – деуінде үлкен мағына бар. Алла Тағала Құран кәрімнің «Әнбия» сүресінің 30-шы аятында:

 وَجَعَلْنَا مِنَ الْمَاءِ كُلَّ شَيْءٍ حَيٍّ

«Әрбір тірі нәрсені (тіршілік иелерінің барлығын) судан жараттық», – деп су тіршілік көзі екенін айтқан.

Дініміздің әдебінде суды ластауға, оған дәрет сындыруға болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لا يَبُولَنَّ أحَدُكُمْ في المَاءِ الدَّائِمِ الذي لا يَجْرِي

«Сендерден ешкім ақпайтын тоспа суға дәрет сындырмасын...», – деген (имам Бұхари).

Ғалымдарымыз көлемі аз суға дәрет сындыру харам іс. Көлемі үлкен суға дәрет сындыру мәкрүһ тахриман, ал ағынды суға дәрет сындыру мәкрүһ танзиһан екендігін айтқан.

Жүсіп Баласағұни бабамыздың: «Үй сатып алсаң – көршіңе қара, жер сатып алсаң – суына қара», – деп айтқанындай, көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз судың қажеттілігін ерекше түсінген. Сондықтан да жазда жайлау, қыста қыстау ететін жерлерінің сулы болуына аса мән берген. «Бұлақ көрсең көзін аш», – деп, көктем келе бұлақтардың көзін ашқан.

Қадірменді жамағат!

Батысында Еділ өзен алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін, солтүстігнде Батыс Сібір жазығынан оңтүстігінде Тянь-Шань тауына дейін созылып жатқан қазақ даласының табиғаты өте бай. Ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері Жаратушының біздерге берген табиғат нығметтерін құт, береке деп біліп, аспандағы күннің де, астындағы жердің де қадірін ерекше бағалаған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі, 34-ші аятында:

وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لا تُحْصُوهَا

«Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар», – деп айтқанындай, жер бетіндегі өзен, көл, тағбиғат, өсімдіктер мен жануарлар әлемі адамзаттың өмір сүруі үшін аса маңызды болғандықтан, оларға зиян тигізіп, бүлдіру адамзатқа жасалған қастандықпен пара-пар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 41-аятында:

ظَهَرَ الْفَسَادُ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ بِمَا كَسَبَتْ أَيْدِي النَّاسِ لِيُذِيقَهُمْ بَعْضَ الَّذِي عَمِلُوا لَعَلَّهُمْ يَرْجِعُونَ

«Адамдардың қолекі істегендерінің кейбірінің сазайын татыру үшін құрылықта әрі теңізде бұзықтық шықты. Мүмкін олар, бағыттарынан қайтар», – деп айтқан.

Алла Тағаланың біздерге берген сұлу табиғатымызды бағалап, оған деген шүкірлігімізді қоршаған ортамызға зиян бермеу, керісінше оны сақтау мен молайтудың жолдарын ойлау арқылы атқаруымыз қажет.

Жаратушымыз баршамызды адамзатқа пайдалы болып, қоршаған ортаға қамқор болған ізгі пенделердан болуымызды нәсіп еткей!