«Нұр Ғасыр» мешітінде апталық отырыс өтті 1996

«Нұр Ғасыр» мешітінде апталық отырыс өтті

23 тамыз 2022 136 Оқу 1 минут

Ақтөбе облыстық орталық мешітінде жамағат арасында бірлік пен бауырмалдықты нығайтуға бағытталған шара аясында апталық отырыс өтіп, оған 300 адам қатысты. 

Игі басқосуда облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қатысып, «Білім алудың маңызы» тақырыбында  уағыз айтты.

«Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70- ке жуық қолданылады. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады», депі Серікжан Еншібайұлв білім алудың маңыздылығана тоқталды.

Сонымен қатар қалалық орталық мешіттің наиб имамы Ерәлі Құлмағанбетұлы «Пайғамбарымыздың ﷺ соңғы сәті» тақырыбында насихатын арнады. Уағыз барысында Пайғамбарымыздың ﷺ соңғы қажылығы, қоштасу құтпасы, науқастануы мен қайтыс болуы кеңінен айтылды. Сонымен қатар Алла Елшісінің ﷺ жаназасы мен жерленуі жайында толыққанды айтып өтті.

Шара соңында облыстың Бас имамы жамағатқа мұсылман арасындағы бауырмашылдықты сақтай отыра көп ұлтты мемлекетіміз бүгінгідей бейбіт өмірде, рухани үйлесімде дами беруіне, Алла Тағала егеменді, тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанда әрдайым тыныштық, бірлік, ынтымақ болуына, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымағы жарасқан ел болуға шақырды.

Айта кетсек, тамыз айында бастау алған бейсенбілік жамағат арасында отырыс 3 рет ұйымдастырылып, оған облыстық орталық мешіттің ұстаздары Қайрат Дәрменов пен Елмұрат Мырзабаев және наиб имамы Абзал Медетбеков, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Нұржан Смағұлов қатысып, жамағаттың ауызбіршілігі, көркем ахлақ мәселесі т.б тақырыптарда насихат баяндалды. Бүгінге дейін уағыз насихатқа 420 адам қатысқан. Аталған шара әр аптаның бейсенбі күні ақшам намазынан кейін жалғасын табады.

 Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі