Наиб имам: «Ізгі қоғамды қалыптастыру – әр адамның парызы» 2496

Наиб имам: «Ізгі қоғамды қалыптастыру – әр адамның парызы»

16 ақпан 2023 128 Оқу 1 минут

Бүгін Хромтау ауданында ҚМДБ бекіткен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында діни тұрақтылықты сақтау мақсатында «Көшпелі уағыз-насихат» жобасында аудандық «Нұр» мешітінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов жамағатқа насихат айтты.

Құптан намазына жиналған жамағатқа Наиб имам «Ізгі қоғамды қалыптастыру – әр адамның парызы» атты уағыз айтып, «Жүректі ізгілікке бөлейтін қасиеттердің бірі – кішіпейілділік. Кішіпейіл болған адам дініміздің асыл құндылықтарын мінезі, сөзі, бүкіл болмысы арқылы насихаттай алады. Оның кішіпейіл мінезінен Исламның баға жетпес құндылықтарын көресің.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Ұлық Алла үндемегенді бай, ысырап жасағанды кедей етеді, кішіпейіл болғанды көтереді (мерейін үстем етеді), тәкаппардың сағын сындырады» деген хадисі көп нәрсені аңғыртып тұр.

Қоғамда адамдар бір-біріне қаншалықты кішіпейіл болған сайын олардың арасында соншалықты сүйіспеншілік, бауырмалдық, бірлік сынды қасиеттер қалыптасады»,-деп ізгі қоғам туралы ашықтап баяндап өтті.

Айта кетсек, уағыз-насихатқа 60 адам қатысты.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі