Мың айдан да қайырлы - Қадір түні
Ислам дінінде Рамазан айы – мейірім мен кешірімге, рухани тазаруға толы ерекше ай. Осы қасиетті айдың ең ұлық түндерінің бірі – Қадір түні. Бұл түннің қадір-қасиеті жайында Құран Кәрімде арнайы сүре түсірілген. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» деп баяндайды. Сондықтан мұсылмандар үшін бұл түн – сауапқа кенелудің, дұға мен ғибадат арқылы Жаратушыға жақындаудың үлкен мүмкіндігі.
Қадір түні – Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түсе бастаған қасиетті түн. Бұл түнде адамзатқа тура жол көрсететін ұлы кітаптың нұры жер бетіне тарай бастады. Сол себепті де Қадір түні бүкіл адамзат тарихындағы ең маңызды рухани оқиғалардың бірі болып саналады.
Алла Тағала Құранда: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер және Рух (Жәбірейіл) Раббыларының рұқсатымен әрбір іс үшін түседі. Ол – таң атқанға дейін тыныштық» (Қадір сүресі, 1–5 аяттар). Бұл аяттар Қадір түнінің ұлылығын айқын көрсетеді. Бір түнде жасалған ғибадаттың сауабы мың айдан да артық, яғни шамамен сексен үш жылдан астам уақыт жасалған ғибадатқа тең.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінің тақ күндерінен іздеуге кеңес берген. Хадистерде көбіне 27-түн деп айтылғанымен, нақты уақыты жасырылған. Мұның хикметі – мұсылмандардың соңғы он күнді толық құлшылықпен өткізуіне себеп болу.
Сондықтан мүмін адам Рамазанның соңғы он күнінде намазын көбейтіп, Құран оқып, тәубе жасап, Алладан кешірім сұрауға ерекше көңіл бөлуі керек.
Қадір түні – тек бір түндік рәсім емес, ол адамның жүрегін тазартатын рухани мүмкіндік. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түнді құлшылықпен өткізуді өсиет еткен. Мұсылман адам мына амалдарға көңіл бөлгені абзал:
1. Намаз оқу.
Түнгі намаздар (таһәжжүд, тарауих) оқу – ең сауапты амалдардың бірі.
2. Құран оқу.
Қадір түні Құран түсе бастағандықтан, бұл түнде Құран оқу мен оның мағынасына ой жүгірту ерекше сауапқа ие.
3. Дұға жасау.
Бұл түнде жасалған дұғалар қабыл болуға жақын. Айша анамыз Пайғамбардан: «Егер Қадір түнін тапсам қандай дұға жасаймын?» – деп сұрағанда, Алла елшісі былай деп үйреткен:
«Аллаһумма иннәкә ‘афуввун тухиббул-‘афуа фа‘фу ‘анни»
Мағынасы: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр».
4. Тәубе және истиғфар айту.
Адам баласы жасаған күнәларына шын жүректен өкініп, Алладан кешірім сұрауы тиіс.
5. Садақа беру.
Мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру де үлкен сауапқа жеткізетін амал.
Қадір түні – адамды ізгілікке тәрбиелейтін түн. Бұл түн бізге уақыттың қадірін түсінуді, ғибадатқа немқұрайлы қарамауды үйретеді. Бір түннің өзі мың айдан қайырлы болуы – Алланың пенделеріне деген шексіз мейірімінің көрінісі.
Бұл түнде мұсылман өз жүрегіне есеп беріп, өткен өміріне ой жүгіртіп, болашақта жақсы адам болуға ниет етеді. Ата-анасына құрмет көрсетіп, туыстарымен қарым-қатынасты түзеп, қоғамға пайдалы іс жасауға ұмтылуы тиіс.
Қадір түні – мұсылман үшін үлкен мүмкіндік. Бұл түнде жасалған әрбір дұға, әрбір игі амал, әрбір сәжде Алланың алдында ерекше бағаланады. Сондықтан әрбір мұсылман Рамазан айының соңғы күндерін бос өткізбей, Қадір түнін іздеп, оны ғибадатпен, дұғамен және игі істермен өткізуге тырысуы керек.
Алла Тағала баршамызға Қадір түнінің берекесін сезініп, оның сауабына кенелуді нәсіп етсін!
Марал Иманғали, Хромтау ауданының Бас имамы





































