Бүгінгі жастар қаншалықты діндар? 3243

Бүгінгі жастар қаншалықты діндар?

01 наурыз 2024 575 Оқу 1 минут

Есберген Айгерім

Нұр-мүбәрак Египет Ислам мәдениеті 

Университеті, теология мамандығының 

3-курс студенті

 

Бүгінгі жастар қаншалықты діндар?

Діннің адамзат қоғамында және әрбір елдің мәдениеті мен дәстүрінде,ұлттың ділінде алатын орны ерекше. Тарихтың ағысымен мың құбылған әлеуметтік-мәдени шарттарға, адамның күн сайын өзгерген әрі дами түскен таным-түсінігіне байланысты қоғамдық діни сана да өзгеріске ұшырайтыны анық. Орта ғасырларда дін барлық салада үстемдік етсе, кейінгі индустриалды кезеңде М.Вебер, Ницще секілді батыс ғылымының өкілдері дін өзінің қоғамдық маңызын жойып, «Құдайсыз қоғам» болатындығына нық тұжырым жасаған-ды. П.Бергер секілді әлеуметтанушылар әлемнің түрлі елдеріндегі діндарлық өлшемін анықтап, оған баға бере отырып, адамзат баласы діннен ажырап өміре сүре алмайтындығын, «Адамзаттың дінге деген мұқтаждығы қалмайды», «Зауыттар мен фабрикалар адамзаттың ғибадатханаларына айналады», «Діннің қызметі қажет кезде баратын пошта секілді болып қалады» деген алдыңғы тұжырымдарға қарсы келген болатын. Осы тұста, әлемдік діни сипаттарды саралай отырып, өз тарихымызда діннің қаншалықты маңызға ие болып, қаншалықты қоғамдық құбылыстарға ықпал ете алғандығын саралап, сондай-ақ, бүгінгі буын дініміздің құндылықтарын тиісті деңгейде түсіне алып жүргендігіне үңіліп көрсек.

Қазақ даласына Ислам діні VIII ғасырда ене бастаған сәттен халқымыз асыл діннен ажырамаған. Діндегі әрбір шариғи нормаларды ұлттық дүниетанымына енгізіп, болмысына сіңдірген. Қарапайым тұрмыс-тіршіліктің өзінде атқарылатын ұсақ-түйек әрекеттердің басым көпшілігін дерлік Пайғам бар сүннетімен атқарғандығын қазақ даласына зерттеу жүргізген Ә.Диваев, А.Янушкевич сынды фольклоршылардың еңбектерінен байқау қиын емес.

Ә.Диваев өзінің еңбегінде қазақтың ырымдарына қатысты қазақтар :

1. «Ашық қалған тағамды қолданбайды.

2.Асты оң қолмен жеу керек, сол қолмен болмайды.

3.Киімді жамылып жүруге болмайды, жеңдерін кию керек.

4.Тырнақ пен шашты бейсенбі не жұма күні ғана алады,» - деген секілді ырымдарды көрсетеді. Бұл дегеніңіз аталған әрекеттердің барлығы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннетін айна қатесіз, ғұрпымызда көрініс табуы. Одан өзге А.Янушкевич «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбаларында»: « .... генералдармен әңгімесекен кезінде Әли Сүлеймен пайғамбар туралы аузына жиі алады... » дей келе, қазақтар үнемі астарлап сөйлеп қана қоймай қисса-жырлар мен дастандарды көп қолданатындығын да тілге тиек етеді. Демек, бұдан түсінеріміз халқымыз діннің сыртқы формасынан бұрын ең негізгісі -оның құндылығына аса мән берген. Таза діннің тәлімін терең түсінген. Адами қасиеттерді алдыға тартып, моральдық этикаларды өмірінің мәніне айналдырған. Осы көріністерге куә болған батыс ғалымы Радлов: «Қазақтардың арасындағы бір ғана қиссаның әсері-жүз молдадан артық,»-деген.

Жоғарыда атап өткендей халқымыздың жыр-дастандарды жаны сүюі, оны орындаушылар мен жеткізушілерге имандай ұйып, елтуі тыңдаушыға ерекше құлшыныс сыйлайтын болған. Асылында адам баласының бойында әңгіме-дастандарға құмарлық жаратылысынан бар. Өйткені, пендесіне не қажеттігін өзінен артық жақсы білетін Жаратушының қасиетті сөзі Құран Кәрімнің өзі үштен бір бөлігі қиссалардан, пайғамбарлар мен әулие-әмбиелердің әңгімелерінен, ғибратты оқиғалардан тұрады. Яғни, пайғамбарлар туралы өнегелі қиссаларды естігенде адамның бойында оған бейсаналы түрде еліктеу туындап, өзінің болмысын, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысын түзеуге әрекет етеді. Осыдан соң басқа да адами қасиеттерді жинақтай түсіп, діннің өзге де шарттарын еш қиналмастан орындауға бейім келген. Бұл туралы қазақтың көрнеті қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқыш» еңбегінде «Біздің қазақтар өлең-сөзге өте бейім болғандықтан, қожа-молдалардың бәрі діннің насихаттарын өлең сөздерімен жолдап, қазақтарға терең сіңіріп, қазақтардың арасында осы діни қисса -дастандар тамырланып кеткен»- деп жазады. Демек, бабаларымыздың қолы бүгінгідей ислам ғұламаларының құнды еңбектеріне жетпесе де, діндегі құлшылық пен өзге де салаларын игеруге мүмкіндіктері болмаса да шариғаттың құндылығын тиісті деңгейде ұлттық кодымызға сіңдіріп кеткен. Уақыт өте бойға сіңген құндылықтар қазақтан бөліп-жаруға келмейтін қонақжайлық, мәрттік, сөзге беріктік секілді т.б қасиеттерге айналды. Соның нәтижесінде зұлмат замандардағы кезеңдерден өте алдық. Ал, кеңестік үкімет орныққан дәуірде дінімізден ажырап, аталған тұнық болмысымызды лайлап алғандығымыз жасырын емес. Соның жемісі болып өскен жастар -бүгінгі буынды дүниеге әкелген ата-аналар мен ата-әжелер. Ендеше қазіргі жастар асыл дініміздің құндылықтарын қаншалықты түсіне алуда? Жат ағымдардың соңынан ілесуге не түрткі болуда? Осы сауалдардың себебіне үңіліп, қоғамдағы жастар діндарлығы төңірегінде философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының 2013 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Студенттердің дінге көзқарасы»

атты сауалнама жүргізген болатын. 2011-2015 жылдары аталған оқу орнында білім алғандықтан, көрсетілген сауалнама жұмыстарына өзім де қатыстым деп айта аламын. Әлеуметтік зерттеу жүргізілген тұста университетте 8166 студент оқыған болса, олардың 95 пайызы қазақ екендігі атап өтілген. Сондай-ақ, анкета сауалдардың ішіндегі «Құдайға сенсеңіз, өзіңізді қай діни конфессияға жатқызасыз?» деген сұраққа қатысқан студенттердің 96,2 пайызы «мұсылманбыз» деп жауап берген. Студенттердің дін туралы ақпаратты қайдан алатындығы өзекті мәселе болғандықтан, бұған үлкен мән беріліп, «Дін туралы мәліметті қайдан аласыз?» деген тұста студенттер әрдайым ата-аналарының жағымды не жағымсыз ықпалын жоғары қойған. Ал БАҚ студенттердің қөзқарасына әсер етуде — екінші орында болса, ғаламтор діни ақпарат беруде үшінші орынды көрсеткен. Төртінші орында — орта және жоғары оқу орындары. Мешіт, шіркеу және діни ұйымдар — бесінші орында.
Діни әдебиет және дінге сенетін достар — алтыншы, жетінші орындарда екендігі анықталған. Байқағанымыздай, ата-ананың ықпалы алдыңғы орында болуы дінсіз қоғамда өскен буын мен тәуелсіз елде бой түзеген, діни еркіндікте өмірге келген өскелеңнің арасында түсініспеушілік тудырмай қоймасы анық. Бұл да әлеуметтік салада маңызды назар аударатын құбылыс деп ойлаймын.

Әтүрлі заманауи өзгерістерге тап болғанда дін негіздерін басты өлшем етеміз бе, әлде уақыт пен мекенге тиесілі өзгерістерді негізге аламыз ба деген мәселе бүгінгі дін ұстанушы жастардың ойын мазалайтыны анық. Жастық жалын мен еліктеушілік, қызуқандылық секілді қасиеттермен қоса, ақпарат легіндегі арзан дүиелердің көптеп таралуы дін құндылықтарын жіті түсінбеуге айтарлықтай себептігін тигізуде. Қоғам алдындағы жауапкершілік, ілім алуға деген ізденіс, сөз бен істің бір жерден шығуы, торамды сөзге тоқтай білу, сыртқы көріністен бұрын ішкі хәлге мән беру, мінез-құлықты тәрбиелеу деген секілді сипаттарды дінімізде көрсетілген шариғи талаптарға сай ұстай алуы қиын мәселе. Туындаған діни сауалдарға «Дінде бұл сұрағыма қандай жауап бар?» деген ниеттен гөрі «Өзім қалағандай қандай жауап таба аламын?» деген ой басымырақ. Бұлай деуімізге, бүгінгі өсім қосылған банк қызметіне саналы түрде жүгіну, шариғат шәлісі мен киім үлгісін өз талабына сай кимеу секілді әркеттермен қатар, адамзатқа үлгі ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с) барлық кемел сипаттар тұрғысынан еліктеудің көрінісі байқалмай жатқандығы себеп десек болады. Соның салдарынан қазақы болмысымыздан ажырап, бағзы бабалар бойындағы құнды, асыл қасиеттеріміз, туыстық қатынас, ұлтқа жанашырлық, аманатшылдық секілді т.б қазыналарымыз жоғалып бара жатқандай. Десе де, түбегейлі жастар өкілінің барлығы дерлік деп біз айтқандай хәлде деуден аулақпыз. Өз кезегінде жаста болсын бас болып, қоғамның бір бұрышына кірпіш болып қалануды мақсат тұтқандары да жетерлік.

Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, асқақтатуға ұмтылуда. Біздің жастар да, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және дінін қастерлеуі, ұлттық қадір-қасиетінен ажырамай, дүниетанымымызбен біте қайнасқан шариғат құндылықтарын бойларында сақтап қалуы аса маңызды. Өйткені, дін-ұлтты сақтаудың бірден бір қайнары, оның діңгегінің негізі.