МИХРАБ ОРНАТУ БИДҒАТ ПА? 3076

МИХРАБ ОРНАТУ БИДҒАТ ПА?

19 қазан 2023 86 Оқу 1 минут

«Михраб» дегеніміз – мінәжат етушілерге арналған құбыланы бағдарлап тұратын бардаршы, намаздағы имамның орнын көрсететің белгі іспетті. «Михраб» сөзі Құранда төрт жерде зікір етілген: «Әл-Имран» сүресінің 37-39 аятында, «Мариям» сүресінің 11-аяты және «Сод» сүресінің 21-аятында.

Ең алғашқы михраб Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде болғандығы жайлы нақты дерек жоқ. Дегенмен тарихшылар алғашқы михрапты халифа Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) орнатқаны жайында айтады. Ол қабырғадағы құбыланы анықтайтын белгі сынды болған. Кәзіргі біз білетін михраптарды (қабырғаға үңілген күйінде) алғаш әмауилер әулетінен шыққан Уалид ибн Абдулмаликтің халифаты кезінде Мәдина қаласынынң әкімі Омар ибн Абулазиз орнатқан (Уафаъ әл-Уафа би ахбари әл-Мустафа, әс-Самхуди). 

Мысырлық жазушы Ахмад Фикри: «Алғашқы михра һижри жыл санақ бойынша 50-жылы Уқба ибн Дафиъ атты табиғин, атақты қол басшының қолымен Қайрауан қаласын ашқанында, “Қайрауан” мешітін салып, қыбыла тарапын михраппен белгілеген еді»[1], – деп айтады (Хукм әс-Солати фи әл-Михраб байна әл-Жауази уа әл-Иртиаб).

Мешітке михраб орнатудың мұсылмандар үшін өзіндік себебтері бар. Олар – құбыла тарапын анықтау, намаз имамның орнын анықтау, жамағат-тың имаммен қатарласып тұрмауы және имамнын дауысын анығырақ есту.

Шариғат негіздерінде михраб «масолихул мурсала» атты шариғи дәлелмен бекітіледі. Яғни, бұл іс мұсылмандарға қажетті болып, зияны тимесе, оны шариғи тиым салынған істердің қатрына жатқызуға болмайды. Сондай-ақ михраб арқылы басқа ғимараттарды ажырата алуға болады. Құран Кәрімде: «Зәкария ғибадатханаға (михрабқа) кіріп, оның (Мариямның) қасына келген сайын әр-алуан азық көретін еді» («Әли Имран» сүресі, 37-аят). Осы аяттағы «михраб» сөзінің тағы бір мағынасы арнайы құлшылық қылынатын жер деген мағынаға да келеді.

Ислам тарихында алғаш михраб қазіргідей емес, біртегіс болып, мешіттің солтүстік қабырғасына салынған. Құран Кәрімдегі: «(Уа, Мұхаммет) Расында, сенің (уахидің келуін күтіп) жүзіңді қайта-қайта көкке қарата бергеніңді көрудеміз.(Мұңайма), сені міндетті түрде көңіліңе жағатын құбылаға бағыттаймыз. Қане жүзіңді Харам мешітіне қарай бұр. (Уа, мүміндер!) сендер де қай жерде болсаңдар да жүздеріңді  Харам мешітіне қарай бұрыңдар!» («Бақара» сүресі, 144-аят), – деген аят түсірілгеннен кейін михраб бағыты Ақса мешітінен Харам мешітіне, яғни оңтүстіктегі Мекке бағытына ауыстырылды. Һижраның 88 жылы Уалид ибн Абдулмәліктің нұсқауымен Мәдинадағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіті толығымен жаңартылып, михраб қуыс үлгіде салынды. Осы кезден бастап барлық мешіттерде михрабтар қуыс үлгісінде салынатын болды. Жартылай шеңбер немесе жарты ай түрінде, кейде төртбұрышты келіп, керегелері мен жақтаулары, маңдайшасы мен босағасы бүдірлі нақыштармен, түрлі-түсті кірпіштермен көмкерілді.

Қорыта айтқанда, михраб қою – шариғи түрде рұқсат етілген амал. Табиғиндер мен ұлық мұсылман ғалымдар кезінде мешіттерге михраб салынған және оған ешкім қарсылық білдірмеген.

 

Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №18, 2023 жыл