ҚАЖЫЛЫҚ – ҚАСИЕТТІ ҚҰЛШЫЛЫҚ 1770

ҚАЖЫЛЫҚ – ҚАСИЕТТІ ҚҰЛШЫЛЫҚ

10 маусым 2022 476 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد  

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!

Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!

 

Исламның бес тірегінің бірі – қажылық. Қажылық сөзі – араб тіліндегі الحَجُّ  (әл-хажжу) ұғымының баламасы. Тілдік мағынасы ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту дегенді білдіреді. Шариғатымызда балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі табылған әр мұсылманның Алла үшін ғұмырында бір мәрте шариғат белгілеген мерзімде арнайы шарттарға тәуелді құлшылық рәсімдерін орындауға тағайындалған қасиетті орынды зиярат етуді «қажылық» деп айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 97-аятында:

وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж», – деп бұйырған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بُنِيَ الإِسْلاَمُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلاَةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَالْحَجِّ الْبَيْتِ وَصَوْمِ رَمَضَانَ

«Ислам бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, Қағбаға қажылық жасау және Рамазан оразасын ұстау»– деген (имам Бұхари, Мүслим).

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз:

Бірі қажы – бес парыздың – бай адамға,
Төрт түлік төңірегі сай адамға.
Парыз емес уақа жоқ бармаса да,
Ауқаты аз, қолы қысқа жай адамға.
Пайғамбар: «Байлар қажыға жүрсін!» – депті,
«Мені келіп үмбетім көрсін!» – депті, – 
деген.

Қажылық турасында Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты кітабында: «Қаж қылуға қаражатты да һәм үй-ішінің нәпақасына да малы жетерлік байларға ғұмырында бір мәрте қаж қылмақ парыз», – десе, Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Қаж ету дегеніміз өмірде бір рет Мекке шаһарында болғушы қағбатуллаһты, яғни Аллаға құлшылық ететін үй деп танылатын орынға барып, зиярат ету. Қағбаттулаға барып тәуап ету күндегілік я болмаса жыл сайын міндетті амал емес, шамасы келген адам өмірінде бір рет барып қайтса, мойнынан парыз кәміл түседі», – деп түсіндірген.

Сахаба Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай делінген:  «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хұтпасында: «Уа, адамдар! Алла сендерге қажылықты парыз етті, қажылық жасаңдар!» – деп айтқан болатын. Сонда бір кісі: «Әр жылы ма, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрады. Ол кісі сұрағын үш қайталағанша Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үндемеді. Кейін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер мен «Иә», – деп жауап бергенімде (қажылықты әр жылы атқару) парыз етіліп, оған шамаларың келмейтін еді!» – дейді (имам Мүслим).

Діні мен дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз қажылық сапарын ұлықтап «Ұлы сапар» деп атаған. Оған барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтқан адамды «қажы» деп атап, сыйлап, батасын алып қалуға тырысқан. Бұл – қазақ халқының Алланың хақ дініне деген құрметі мен ықыласының дәлелі.

Қажылық құлшығының артықшылығы мен адам баласының екі дүниесіне беретін пайдалары өте көп. Ұлы сапарға ниет етіп, мұсылмандық парызын өтеймін деген әрбір жанның қажылықтың мынадай артықшылықтары жөнінде білуі қажет:

 

Бірінші: Қажылық – ең абзал амал

Асыл дінімізде құлшылықтар атқарылуына байланысты денемен атқарылатын ғибадаттар және дүние-мүлікпен атқарылатын ғибадаттар болып бөлінеді. Денемен атқарылатын ғибадатқа намаз, ораза сияқты құлшылық түрлері жатса, дүниемен атқарылатын ғибадатқа зекет, садақа, ұшыр сияқты құлшылық түрлері жатқызылады. Ал қажылық ғибадатының артықшылығы – оны пенде денесімен де, дүниесімен де қоса атқарады. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) қажылықтың абзал амал екендігіне қатысты мынадай хадисті жеткізген:

أَنَّ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم سُئِلَ: أَيُّ الْعَمَلِ أَفْضَلُ فَقَالَ: إِيمانٌ بِاللهِ وَرَسُولِهِ قِيلَ: ثُمَّ ماذا قَالَ: الْجِهادُ في سَبيلِ اللهِ قِيلَ: ثُمَّ ماذا قَالَ: حَجٌّ مَبْرورٌ

Алла  елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай амал ең абзал?» – деп сұралды. Ол: «Аллаға және елшісіне деген иман», – деді. «Сосын қайсы?» – делінді. Ол: «Сосын Алла жолындағы күрес»– деді. «Сосын қайсы?» – делінді. Ол: «Сосын мәбрур (игі) қажылық», – деді (имам Бұхари, Мүслим).

Имам ән-Науауи «Мәбрур (игі) қажылық» дегенді «ешқандай күнә араласпаған қажылық» деп түсіндіреді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

الْعُمْرَةُ إِلَى الْعُمْرَةِ كَفَّارَةٌ لِمَا بَيْنَهُمَا، وَالْحَجُّ الْمَبْرُورُ لَيْسَ لَهُ جَزَاءٌ إِلَّا الْجَنَّةَ

«Бір ұмра (кіші қажылық) екінші ұмраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал мәбрур қажылықтың сауабы тек қана – жәннат», – деген.

Имам Абдул Бәрр (Алла оған разы болсын): «Мәбрур (игі) қажылық деп – рия мен мақтан, әйелімен жақындасу және арсыздық араласпаған, адал дүние арқылы болған қажылық», – деп айтқан. Ендеше, игі қажылық болуы үшін пенде шынайы ниетімен, адал тапқан нәпақасымен қажылық жасауы қажет.

 Қисса

Баяғыда кемемен қажылыққа бара жатқан бір кісінің әмиянын кемеде жүрген маймыл алып қашыпты. Әлгі кісі бар күшін салып маймылдың артынан қанша жүгірсе де ұстай алмайды. Бір уақытта маймыл кеме желкенінің ең төбесіне шығып, әмиянды ашып, ішіндегі бір дирхамды теңізге, біреуін жаңағы кісінің өзіне лақтырып, ақша таусылғанша ойнапты. Ақшасының жартысы ғана қалған әлгі кісі, кемедегі ғалымға барып, болған мән-жайды хабар етіп, қажылықтан кері қайтуға ақшасының жетпей қалғанын айтады. Сонда ғалым тұрып: «Сіз қандай кәсіппен айналысасыз?» – деп сұрайды. Әлгі кісі: «Сүт сатамын», – дейді. Ғалым оған: «Онда сүт сатқан кезде, оған су қосып тапқан ақшаңыз суға кетті, адал тапқаныңыз өзіңізді қалыпты», – деген екен.

 

Екінші: Қажылық – тақуалық тәрбиесі

Тақуалық дегеніміз – құлдың Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау мен тыйымдарынан тыйылуы арқылы, Оның ашуы мен азабынан сақтануы. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 131-аятында:

وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللهَ

«Сендерден бұрынғы кітап берілгендерге де, сендерге де: «Алладан қорқыңдар (тақуалық қылыңдар) деп өсиет еткенбіз!» – деп айтылған.

Демек тақуалық – бізге де, бізден бұрынғы кітап иелеріне деп өсиет етілген асыл қасиет. Алла Тағала қасиетті Құранның көптеген аятында бізге осылайша тақуалықты әмір етіп қана қоймай, тақуалыққа жетудің жолдарын да көрсеткен. Адамның рухани дамуына, тақуалығын нығайтуына себепші болатын амалдың бірі – қажылық жасау. Себебі қажылық уақытында пенде Алла Тағаланың бұйрықтарын орындап, тыйыл дегенінен тыйылады, жаман сөз сөйлемейді, ешкіммен дауласпайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 197-аятында:

الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَّعْلُومَاتٌ ۚ فَمَن فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلَا رَفَثَ وَلَا فُسُوقَ وَلَا جِدَالَ فِي الْحَجِّ ۗ وَمَا تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ يَعْلَمْهُ اللَّهُ ۗ وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَىٰ ۚ وَاتَّقُونِ يَا أُولِي الْأَلْبَابِ

«Қажылық – белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрамға кіріп) қажылық жасауға міндеттенсе, әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жасау сынды істерден аулақ тұрсын. Әй, ақыл иелері! Нендей хайыр (ізгі іс) істесеңдер, Алла оны біледі. Азық алыңдар. Негізінде азықтың ең жақсысы – тақуалық. «Уа, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар», – деп айтқан.

Бұл аяттың басында қажылық жайында баяндалып, кейін тақуалықпен аяқталуының сырын ғалымдарымыз: «Қажылықтың адам бойында тақуалық қалыптасуына ерекше әсері болғанынан», – деп түсіндірген. Сондықтан қажылық сапары – тақуалық мектебі. Аятта «Уа, ақыл иелері!»  деп бұйыруы қажылық жасаушы адамның бүкіл ойы мен ақылын қасиетті сапардағы амалдарын тақуалық аясында жүзеге асуына жұмсау керектігін білдіреді. Қажылық амалдарында пенденің тақуалығы қаншалықты күшті болса, соншалықты оның сауабы да күштірек болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ حَجَّ، فلَمْ يَرْفُثْ، وَلم يَفْسُقْ، رَجَعَ كَيَوْمَ وَلَدْتُهُ أُمُّهُ

«Бұл үйге (Қағбаға) қажылық жасаушы кісі төсек қатынасына түспесе, сондай-ақ бұзық іс істемесе, анасынан туған күндегідей оралады», – деген (имам Бұхари).

Ендеше, Алла қалап, қажылық сапарына бара қалсақ, әр ісімізді тақуалықпен байланыстыруымыз қажет.

Үшінші: Қажылық – ақыретті еске түсіретін құлшылық

Мұсылман адам ақырет мәселесінде екі қанатты құс тәріздес болуы керек. Құс екі қанаты бірдей болғанда ғана көкте самғап ұшатыны сияқты, адам баласы дүние мен ақыретті бірдей ойлағанда ғана оның іс-амалдары дұрыс болмақ. Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын): «Ертең дүние салатындай болып ақыретті ойла, мәңгілік өлмейтіндей болып осы дүниені ойла», – дейтіні сондықтан.

Ақыретті ойлау бұл дүниенің өткіншілігін түсініп, әрбір адамды қонақ деп біліп, олармен сыйласуға, о дүниеде пендеге пайда тигізер ізгі амалдар жасауға үлкен септігін тигізеді. Сол себепті де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أكْثِرُوا ذِكْرَ هَاذِمِ اللَّذَّاتِ

«Ләззаттарды бұзушыны көп еске алыңдар», – деп бұйырған (имам Термизи).

Адамның ақыретті көп еске алуына себепші істердің бірі – қажылық ғибадатын орындау. Себебі қажылықта тек екі орамнан тұратын ихрам киімінен өзге артық киім жоқ. Бұл мұсылманға ертең дүниеден өткен соң, тәнімізге оралатын кебінге ұқсатылады. Адам баласы қандай қымбат киім кисе де, қандай сән салтанатқа оралып жүрсе де, соңғы оралатыны қарапайым ғана екі орам шүберек болады. Қажылықта да адам дәрежесі мен мансабына қарамай, тек ихрам киімін ғана киіп жүруіне рұқсат. Тек айырмашылығы қажылықтағы адамның тәубе етуге, құлшылық жасап, дұға етуге мүмкіндігі бар. Ал дүниеден өткен адамда ондай мүмкіндік жоқ.

Қажылық ғибадатын орындау барысында қажылардың Минадан Арафат тауына баруы, Арафаттан Муздалифаға миллиондаған адамдармен бірге баруы, барлығының бірдей аппақ киімге оралуы сияқты көріністер адамның көз алдына қияметті, махшарды әкелері сөзсіз.

Сонымен қатар қажылыққа баратын адам туыстарын, бала-шағасын тастап шығады. Оларды сағынады. Бұл да туыстарымыздың арасында мәңгілік жүрмейтінімізді еске салады.

 

Төртінші: Қажылық парызын өтеушілер – Алла Тағаланың қонақтары

Ибраһим (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар қасиетті Қағбаның құрылысын аяқтағаннан кейін Алла Тағала оған:

أَذِّن فِي النَّاسِ بِالْحَجِّ

«Адамдарды қажылыққа шақыр», – деп бұйырады. Ибраһим пайғамбар:  «Уа, Раббым! Менің дауысым жетпейді ғой», – дейді. Сонда Алла Тағала: «Уа, Ибраһим! Саған тек шақыру ғана міндет. Ал оны жеткізу Бізге тән», – дейді. Сонда Ибраһим Арафат тауына көтеріліп, сол жерден адамдарды, Алланың қасиетті үйіне қажылық жасауға шақырады. Алла Тағаланың кереметімен, оның дауысы жер-жердегі барлық адамға жетті».

Міне, осы шақыруға жауап беріп, Алла Тағаланың қалауымен ол жерге баратын адамдарды «Алла Тағаланың қонақтары» деп атайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық пен ұмра жасаушылар – Алланың қонақтары. Алла оларды шақырды, олар да шақыруына жауап берді. Олар Алладан қалауын сұрауда, Алла да сұрағанын береді», – деген риуаят жеткізеді (имам Баззар).

Сондықтан да бұл қасиетті сапар кімге нәсіп етілсе, Алла шақырған адамдар қатарынан болады. 

 

Қадірменді жамағат!

Бұдан да өзге қажылық ғибадатының артықшылықтары өте көп. Өткен тарихымызда ата-бабаларымыз сол кездегі жолдың алыстығына қарамастан әрқилы қиындықты бастан кешіріп, жанын түйіншекке түйіп, айлап, жылдап жүріп, бір емес бірнеше қайта қасиетті жерді зиярат еткен. Мысалы, Әрхам Кәкітайұлы хәкім Абайдың әкесі Құнанбай қажы жайында:

«Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағбатолла, Құдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім», – деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді», – деп жазады.

1879 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақ үй салдыртады. Құнанбай Өскенбайұлы қажылық сапарынан кейін, ел ісіне араласпай, қалған ғұмырын оқшау, тек Құдайға құлшылық етумен өткізген.

Құнанбай қажының немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да – қажылық сапарын өтеп, ғұмырын мұсылманшылдықпен өткізген қазақтың бірі. Шәкәрім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған.

Дүниені мойындатқан палуан бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы да қажылық парызын өтеген. Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп, қажылыққа шақырады. Ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындап қайтқан. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан аталып кетеді.

Қажылық сапары – пендеге өмірінде бірақ рет берілетін мүмкіндік. Бұл берілген нығметтен кейін де оған лайықты болуға тырысу әр қажының міндеті.

Раббымыз баршамызға қажылықты және Өзі разы болатындай күйде атқаруымызды нәсіп етсін!