МҮФТИЯТ ҰЖЫМЫ ҚУАНЫШБАЕВ ТЕАТРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ТАМАШАЛАДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік пен адамгершілік сияқты қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту мақсатында 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялаған болатын.
Аталған жыл аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында қойылған «Патша көңілім, не дейсің?» атты отбасылық қойылымды тамашалады.
Қойылымнан кейін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Расында, қазақ ұғымында қара шаңырақ – отбасының, әулеттің, ру мен ұрпақтың бірлігін, берекесін, киесін сақтаушы қасиетті ұғым. Қара шаңыраққа құрмет – ата-баба рухына, түп тамырға деген құрмет. Қазақ «Қара шаңырақтың иесі» деп үлкен мәртебе береді.
Қазақта «Қара шаңыраққа бата берілмейді, одан бата алынады» деген сөз бар. Бұл сөз қарашаңырақтың мәртебесі мен қасиетті екенін көрсетеді. Қазақ үшін қара шаңырақ – жай ғана үй емес, ол әулеттің рухани орталығы, береке мен бірліктің белгісі. Оны сақтау – ұрпақтың парызы мен абыройы» – деді.
Айта кетейік, қойылым барысында отбасы ұйытқысы, қара шаңыраққа құрмет және ұрпақ арасындағы байланыстың маңызы сахналық көрініс арқылы жеткізілді.





































