Мешітте неке қию үшін АХАЖ құжаты керек пе? 1042

Мешітте неке қию үшін АХАЖ құжаты керек пе?

30 қазан 2021 6038 Оқу 1 минут

Мен некелесу үшін мешітке барған едім. Имам менен АХАЖ құжатын немесе анықтамасын сұрады. Мешіттің АХАЖ-ға қандай қатысты бар?

Бүгін де қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – неке. Кезінде дін туралы заңда қарастырылған мәселелердің бірі де – осы жағдай. Яғни отбасын құрғалы отырған жастар әуелі АХАЖ-ға өтініш білдіреді, кейін барып некені мешітте қидыруыларына болады. Бұл жағдайда екі тарап та (ер мен қыз) ел алдында және заң алдында да жауапкершілікті сезінеді. Дәлірек айтқанда, некені тек имамның алдында емес, АХАЖ-ға барып тіркелу дегеніміз, заңмен де Құдай алдындағы куәлікпен де бекітіп қою. Бұл бір жағынан отбасын асыраудан қорқып, баланы өсіру бейнетінен қашып, жиі ажырасатын қуларды заңмен міндеттеу. Әдетте азаматтық, уақытша сияқты некені міне, осындайлар пайдаланады.

Сонымен қатар Заңға сәйкес неке қиюға қатысты діни жоралар мен рәсімдер ғибадат ғимаратынан (құрылыс жайлардан) тыс жерлерде жүргізуге шектеу қойылған. Өйткені соңғы 10 жылда 15-18 жас аралығындағы жастар арасында 30 мыңнан астам неке қиылған деген дерек бар. Бұлардың барлығының мешіттен тыс жерде қиылғаны белгілі. Жоғарыда айтқанымыздай осыған байланысты жастардың отбасылық өмірі жалғаспай, дүниеге келген сәбилердің зардап шегу оқиғалары көбейіп отыр. Мұндай жағдайда баланы да, ананы да заңмен қорғау мүмкін емес. Демек, олар өздерін қорғай алмайды деген сөз. Ал ислам отбасының бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақтың шайқалмауын көздейді. Сол үшін имамның мешітте неке қимай тұрып екі жастың қосылуын заң жүзінде растайтын ресми мекеме АХАЖ-дың құжатын сұрауы орынды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ