Жолымды қалай ашам? 11

Жолымды қалай ашам?

16 тамыз 2020 228 Оқу 1 минут

Жауап: Уа алейкум ассалам! Тұрмыс тауқыметі мен таршылығы қажытып, істеген жұмыс өнбей берекеті болмай жатса және басқа да қиындықтарға тап болған кезде истиғфар айту қажет. Истиғфар – біліп-білмей жасаған қате-күнәлар үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубе ету. Құран Кәрімде: «...Раббыларыңнан кешірім сұраңдар, расында, Ол – аса Кешірімді. Сонда Алла сендерге жаңбырды нөсерлете жібереді. Һәм сендерді мал-мүлікпен және бала-шағамен қолдайды да, сендер үшін жер бетінде бақтар жасайды әрі сендер үшін өзендер жасайды[1]», – деп әмір етеді. Демек, көп истиғфар айтып, тәубе ету – адамның мал-дүние және бала-шағасымен бақытты болуына һәм Алла мен Елшісінің сүйіспеншілігіне бөленуіне себеп[2]. Сонымен бірге, Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім истиғфар айтуды әдетке айналдырса, Алла Тағала оған тығырықтан шығатын жолды көрсетеді, уайым-қайғысынан кейін қуаныш береді және ойламан жерден ризық-нәсібесін береді[3]», – деп айтылған. Түйіндей айтқанда, хадисте истиғфарды әдетке айналдыру қажет екені айтылуда. Ал, истиғфар ең аз дегенде күндіз 100 рет, кешке 100 рет айтқан жөн[4]. Истиғфардың көптеген түрі бар. Соның қысқа да нұсқа түрі: «Астағфиру Аллаһал Ъазымал ләзи лә иләһә иллә Һуал Хайюл Қойюм уә әтубу иләһ[5]». Мағынасы: «Өзінен басқа Құдай жоқ Ұлық Алладан жарылқау тілеп, Оған тәубе етемін. Ол – Хай, Мәңгі Тірі және Қаюм, барша тіршілікті бақылаушы Алла». 


[1] Нұх сүресі, 11-12 аяттар 

[2] Жамиъ Усул фи ахадис расул, 5-6 бөлім, 147-бет 

[3] Әбу Дауд, Насаи 

[4] Жамиъ Усул фи ахадис расул, 5-6 бөлім, 150-бет 

[5] Әбу Дауд, Тирмизи


muslim.kz