МЕШІТКЕ КЕЛУ ӘДЕБІ 2082

МЕШІТКЕ КЕЛУ ӘДЕБІ

12 қыркүйек 2022 22 Оқу 1 минут

12 тамызда елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Жаңа мешітке Республикалық Бас мешіт атауы беріліп, имамы, ұстазы, азаншысы, басқа да қызметкерлері тағайындалды.

Бүгінде Республикалық Бас мешіт елорда тұрғындары мен қонақтарының жиі келетін құтты мекеніне айналды. Көпшіліктің мешітке келуі көңіл қуантады. Соның ішінде жастардың ата-аналарымен, отбасымен мешітке келіп, бірге дұға тілеп отырғанын көргенде, Аллаға тәубе дейсің. Бұл көрініс жүрекке қуаныш ұялатады.  

Өкінішке қарай, көңілді құлазытатын да жағдайлар кездесіп қалады. Атап айтқанда, мешіт әдебін сақтамау, мешіт ішінде ерсілі-қарсылы жүру, тамақ ішу т.б әрекеттерді байқап қаламыз. Мұндай жағдайлар мешіттің жұмысы мен беделіне нұқсан келтіреді. Сол себепті төмендегі қарапайым мешіт әдептерін жамағат есіне салуды жөн көрдік. Бұл әдептер Бас мешітте ғана емес, еліміздегі барлық құлшылық үйлерінде сақталғаны абзал.

Мешіт – мұсылмандардың Аллаға құлшылық ететін киелі орны. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім ішінде Алла Тағаланың есімі еске алынатын мешіт тұрғызса, Алла Тағала ол адамға жәннаттан үй тұрғызады», – деген. Осы хадиске амал еткен мұсылмандар Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан бері мешіт тұрғызуды жалғастырып келеді. Хадисте айтылғандай, мешіт – Алланың есімі еске алынатын қасиетті мекен. Сол себепті мешітке келген мұсылмандар қасиетті орынға келгенін сезінуі керек.

Мешітке дәрет, қажет болса ғұсыл алып, шариғат талабына сай киініп келу керек. Сонымен қатар, жағымсыз иістен сақтанған абзал. Себебі мешітке келген адамнан жағымсыз иіс шықса, басқа адамдарға қолайсыздық тудырады. Дінімізде мұндай адамдардан періштелердің қашатыны айтылған. Сол секілді мешітке келетін адам тазалыққа мән беруі тиіс. Бұл талап адамның киген киіміне де қатысты.

Шариғат бойынша мешітке оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу керек. Мешіт қасиетті орын болғандықтан, құрмет танытқан абзал. Сондай-ақ мешітке кірерде және шығарда айтылатын дұғалар бар. Осы дұғаларды айтып кірсе, нұр үстіне нұр болады.

Бұдан бөлек мешітке кіргенде мұсылмандарға екі ракағат сәлем (нәпіл) намазын оқу – шарт. Алла елшісі бұл жайлы: «Мешітке кірсеңдер, екі ракағат намаз оқымайынша, бірден отырмаңдар», – дейді.

Мешітте келіп, жай ғана отырудың өзі сауап. Себебі Мейірімді Алла Тағала мешітке келген әр адамның басқан қадамына сауап жазып, дәрежесін көтереді, күнәсін кемітеді. Мешітке келген адамға періштелер де жарылқау тілейді. Сол себепті мешітке келген адам Құран оқып, зікір айтып, дұға етіп, нәпіл ғибадаттар жасаса, нұр үстіне нұр болады.

Мешітке келген адам мешіттің тәртібін де қатаң сақтағаны  жөн. Аяқ киімді шешіп, арнайы сөрелерге қою қажет. Мешіт ішіндегі нұсқаулықтармен танысып, мешіт ішіндегі белгілерге мән беру керек. Мешітке кейбір адамдар балаларымен келіп жатады. Бұл – құптарлық іс. Алайда балаларды қадағалаусыз қалдырмаған абзал. Сол секілді мешіт ішіне тамақ (сусын) алып кіруге, тамақ ішуге, қоқыс тастауға, мешіт мүлкін сыртқа шығаруға, мешіт ішінде өзге істермен шұғылдануға, сауда жасауға, дауыс көтеріп сөйлеуге, жүгіруге, құлшылық жасап, Құран оқып жатқан адамдарға кедергі келтіруге болмайды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың жер бетiнде ең жақсы көретiн мекені – мешiттер», – деген. Сондықтан Алла жақсы көретін қасиетті орында Аллаға ұнамсыз іс істеуден сақтанғанымыз абзал.

Алла Тағала мешітке басып келген әрбір қадамыңызға сауаптан жазып, тілеген дұға-тілегіңізді қабыл еткей!

 

Қанат ҚЫДЫРМИН,

Республикалық Бас мешіттің имамы