ИМАНЫ КЕТКЕННІҢ ЖИҒАНЫ КЕТЕДІ 3657

ИМАНЫ КЕТКЕННІҢ ЖИҒАНЫ КЕТЕДІ

14 қыркүйек 2024 23 Оқу 1 минут

Рухани байлық пенденің жүрегіндегі иман байлығы болса, материалдық байлық – өмірде жиған-терген дүниесі. Асылында адам баласы өзі өмір сүріп жатқан қоғамда тиісті деңгейде тіршілік етуі үшін қос байлықты құстың қос қанатындай тең дәрежеде ұстауы керек.

Имандылық – шынайы иманның жемісі. Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет. Имандылық – адамның бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ер жетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарымқатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық тәрізді маңызды мәселелер – имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі.

Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған.

Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла Тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау. Адамзат баласы иман арқылы екі дүние бақытына қол жеткізері ақиқат.

Ең алдымен осы «иман» сөзінің мағынасына тоқталсақ. «Иман» сөзі «сену, растау» ұғымын білдіреді. Шариғаттағы мағынасы – ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізген үкімдері мен тыйымдарын жүрекпен растап, қабыл ету.

Алла иман келтіріп, салих амал жасаған құлдарына разы болады. Әрине Алланың разылығын иеленген құл болуымыз үшін тек иман келтіру жеткіліксіз. Иманмен бірге ықыласпен құлышылық жасап, көркем мінез-құлық иесі болу да маңызды. Ол жайында қасиетті Құранда былай делінген: «Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 277-аят). Байқағандарыңыздай, аятта иманнан кейін «ізгі іс істегендер» деп қоса айтылуда. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүминдердің арасында иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінезінің ең жақсы болғаны», – деген (Ахмад).

Иман келтірген адам діннің парыздарын парыз деп, харамды харам деп біліп, иман негіздеріне толығымен сенуі қажет. Асыл дініміздің парыз еткен қандай да бір бұйрығына сенбеу адамды діннен шығарады. Өйткені пенде иман келтірген соң діннің ешбір нәрсесін жоққа шығармауы керек. Діннің әмірі мен тыйымының біріне сеніп, енді біріне сенбеуге болмайды. Иман ұғымын, оның шарттарын толыққанды түсінуіміз үшін мынадай мағлұматтарды білген абзал.

Иманның шарттары жетеу:

1) Алла Тағаланың бар әрі бір екеніне сену;
2) Періштелерге сену;
3) Кітаптарына сену;
4) Пайғамбарларына сену;
5) Ақырет күніне сену;
6) Тағдырға (жақсылық пен жамандық Алладан екеніне) сену;
7) Өлгеннен соң қайта тірілу бар екендігіне сену.

Дегенмен діннің бүкіл амалына сеніп, оның кейбірін орындамаса, діннен шыққан болып есептелмейді. Мынаны ажырата білуіміз керек. Діннің үкімдерін жоққа шығару бір басқа, оны орындамау – өз алдына басқа нәрсе. Кейбір сенімге селкеу салып жүрген ағым өкілдері намаз оқымаған адамды діннен шығарып, кәпірге балап, айды аспаннан бір-ақ шығарып жүр. Дін ұстанудың жөні осы екен деп білімсіздікке салынбау керек. Иманның шарттарын бөліп-жармай, діннің үкімдерін бірін-бірінен артық не кем көрмей, барлығын да жақсы көріп орындау қажет. «Намаз жақсы, ораза онша емес» деуге еш қақымыз жоқ. Сондықтан мұсылман діннің барлық үкімін теңдей жақсы көруі тиіс.

Хәкім Абай он үшінші қарасөзінде иман ұғымы жайлы: «Иман – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ», – деп анықтама берсе, Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев жастарға қарата:

Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi Құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн! – деген болатын.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Алла кімге иманды берсе, онда бермегені қалмаған екен. Ал кімге иманды бермесе, онда оған ешнәрсе бермеген екен», – деген болатын. Қазақ халқы қашан да «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді» деп иманды үлкен байлыққа балап, барлық жақсы қасиеттер имандылықтан туындайтынын, имансыз адам бүкіл жақсылық атаулыдан мақұрым қалатынын айтқан. Ендеше Аллаға деген иманымызды қызғыштай қорып, Алланың әмірлерін орындауда, ұрпақтарымызға имани тәрбие беруде жаңылмайық! Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін!

 

Дастан ЖЕЛЕУОВ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №8, 2024 жыл