МЕШІТ ӘДЕБІНЕ ҚАТЫСТЫ 3 СҰРАҚ
МЕШІТКЕ ДӘРЕТСІЗ КІРУГЕ БОЛА МА?
Жауап: Мешітке дәретсіз кірудің оқасы жоқ. Алайда мұсылман адам қайда болса да дәретпен жүргені мұстаһаб саналады[1]. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Біләлға (р.а.) жәннатта кебісінің дауысын естігенін айтып, одан қандай аман жасағанын сұрағанда: «Азан айтып болған соң екі ракағат намаз оқыдым және дәретім бұзылса, сол сәтте қайта алатынмын»[2], – деп жауап берген. Бұл хадис үнемі дәретпен жүрудің артықшылығына әрі мұстаһаб екендігіне дәлел болады[3]. Сондай-ақ Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің бірулерің намаз оқыған орнында (мешітте) дәреті бұзылғанша болса періштер оған: «Уа, Алла! Оған кешірім ет. Уа, Алла! Оны мейіріміңе ал» деп дұға етеді»[4], – деген.
МЕШІТКЕ ҒҰСЫЛСЫЗ КІРСЕ БОЛА МА?
Жауап: Жүніп (бой дәреті жоқ) адамға ғұсыл құйынбайынша және хайыз бен нифас қаны келген әйелдерге мешітке кіруге болмайды[5]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لا أُحِلُّ الْمَسْجِدَ لِحَائِضٍ وَلا جُنُبٍ
«Жүніп адамға да, хайызы келген әйелдерге де мешітке (кіру) халал емес»[6], – деген.
Егер мешітке кіруге қатты қажеттлік туындаса, зәру болса, онда таяммум алып кіреді. Өйткені ол су жоқ кезде тазалықтың орнын басады. Ал мешітте ұйықтап жүніп болып қалса, таяммум алып сыртқа шығуы керек[7].
МЕШІТКЕ «ШОРТИМЕН» БАРУҒА БОЛА МА?
Жауап: Жалпы намаз дұрыс болуы үшін әуретті жер жабық болуы шарт[8]. Алла Тағала Құранда былай дейді:
يَا بَنِي آدَمَ خُذُوا زِينَتَكُمْ عِندَ كُلِّ مَسْجِدٍ
«Уа, Адам ұрпақтары! Әрбір мешітте (құлшылықта) әшекейлеріңді ұстаңдар (ең жақсы киімдеріңді киіңдер)»[9].
Тәпсір ғалымдары аяттағы «әшекейлеріңді» деген сөзді әуретті жерлерді жабу деп түсіндірген. Ер кісінің әуреті – кіндігінің астынан тізесінің астына дейінгі аралық[10]. Яғни, осы әуретті жері жабық болса намазы дұрыс саналады. Дегенмен көйлек, изар (дененің астыңғы жағын жауып тұратын киім), сәлдемен намазды оқу – мұстаһаб[11]. Ал шалбардың өзімен ғана намаз оқу – мәкруһ[12].
Сондықтан әуретті жаппайтын шорти кию – харам. Онымен намаз оқуға, мешітке кіруге болмайды. Ал шорти тізеден төмен болса, онымен намаз оқу дұрыс саналғанымен оны мешітке киіп бармай, кең шалбар т.б. киіп мешіт әдебін сақтаған жөн. Өйткені ол Алланың үйі әрі мұсылман адам намаз оқығанда Алланың құзырында тұрғандай сезімде болу керек. Әдетте бір құрметті кісімен кесдесетін болса, мүмкіндігінше әдемеленіп алдын ала дайындық жасайды. Сол секілді мұсылмандар парыздарын өтеу үшін Алланың үйіне тазаланып, әдемі киімдерін киіп, жұпар иісті сеуіп баруы керек.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] «Хашияту әт-Тахтауи», 83.
[2] Термизи, №3689.
[3] Ибн Хажар, «Фәтху әл-бәри», 3/35. Ән-Нәуауи, «Шәрху Муслим»,8/13.
[4] Бұхари, №93.
[5] «Радду әл-мухтар», 1/486. «әл-Мәбсут», 3/180. «әл-Һидәя», 1/31.
[6] Әбу Дәуіт, №232.
[7] Мәусули, «әл-Ихтияр», 1/63-64.
[8] «Радду әл-мухтар», 2/75.
[9] «Ағраф» сүресі, 31-аят.
[10] «әл-Фәтәуа әт-Татархания», 1/254.
[11] Мәусули, «әл-Ихтияр», 1/147-148.
[12] «Хашияту әт-Тахтауи», 349.