Мемлекет басшысының үндеуі – ұлттық бірлік пен рухани жаңғырудың айқын бағдары 5808

Мемлекет басшысының үндеуі – ұлттық бірлік пен рухани жаңғырудың айқын бағдары

05 қаңтар 2026 144 Оқу 1 минут

Мемлекет басшысының жаңа жылдық үндеуі және «Түркістан» гезетіне берген сұхбаты – ұлттық бірлік пен рухани жаңғырудың айқын бағдары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жыл қарсаңында Қазақстан халқына арнаған құттықтауы және кешегі күні «Түркістан» газетіне берген сұхбаты ел дамуының нақты жетістіктерін саралап, алдағы кезеңнің стратегиялық бағыттарын айқындаған маңызды саяси үндеу болды.

Президент өз сөзінде әділетті қоғам құруды, заң мен тәртіп қағидатын орнықтыруды, адал еңбекті ұлықтауды басты басымдық ретінде атап өтті. Бұл құндылықтар бабаларымыздың өмірлік салты мен ислам өркениетінің өзегінде тұрған әділдік , аманатқа адалдық, еңбек ету – ғибадат деген ұстанымдармен толық үйлеседі. Қасиетті Құранда: «Расында, Алла әділдікті, жақсылық жасауды және туыстықты сақтауды бұйырады» деп баян етілуі – соның айқын дәлелі.

Еліміздің экономикалық өсімі, инфрақұрылымның дамуы, ауыл шаруашылығына көрсетілген ауқымды қолдау – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Ислам ілімі тұрғысынан алғанда, ел басқару ісіндегі басты міндет – халыққа қызмет ету. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Басшылық – аманат, ал аманат қиямет күні жауапкершілік» деп ескерткен.

Президенттің 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы – мемлекеттің болашағын ғылыми негізде жоспарлап отырғанын көрсетеді. Ислам діні білімге, ақылға және парасатқа ерекше мән береді. «Оқы» деп басталған қасиетті уахи – адамзат өркениетінің іргесі білімге негізделуі керектігін меңзейді. Демек, жаңа технологияларды игеру – ұлттық дамудың ғана емес, рухани жауапкершіліктің де көрінісі.

Жастарға, балаларға және әлеуметтік әлсіз топтарға ерекше көңіл бөлінуі – қоғамда мейірім мен жанашырлықтың нығаюына жол ашады. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы ұрпақ алдындағы аманатты орындаудың жарқын үлгісі. Исламда келер ұрпақтың хақысы – ең үлкен жауапкершіліктің бірі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жалғастыру туралы бастамасы – қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Дінімізде тазалық – тек тұрмыстық ұғым емес, ол рухани кемелдіктің белгісі. «Тазалық – иманның жартысы» деген хадис осыны аңғартады.

Президент атап өткен қоғамдық келісім мен тұрақтылық, «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты – көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Ислам діні де адамның діні, ұлты және нәсіліне қарап бөліп жармай, бейбіт қатар өмір сүруді насихаттап, өзара құрмет пен келісімді жоғары бағалайды. Бұл тұрғыда еліміздің сындарлы әрі байыпты сыртқы саясаты халықаралық деңгейде де оң бағаланып келеді.

Қазақстанның бастамасымен 2026 жылдың «Халықаралық еріктілер жылы» болып жариялануы – халқымыздың мейірімділік, қайырымдылық және жанашырлық сияқты асыл қасиеттерін әлемге танытатын маңызды қадам. Исламда еріктілік пен игі істер жасау – сауапты амалдардың бірі.

Жылқы жылын игілік пен берекенің жылы болсын деген ниетпен қарсы ала отырып, барша жұртты елдің тұтастығы мен тыныштығын сақтауға, адал еңбек етуге, рухани құндылықтарды нығайтуға шақырамын. Мемлекет пен қоғам бір бағытта әрекет еткенде ғана ел дамуы баянды болмақ.


Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға береке-бірлік нәсіп етсін!

Биылғы жыл әр шаңыраққа амандық, жүректерге иман, істерімізге береке әкелсін!


Амантай Садиев

Ақтөбе облысының Бас имамы