Ғылым – Алланың бір есімі 2696

Ғылым – Алланың бір есімі

18 мамыр 2023 575 Оқу 1 минут
  • Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис шарифінде: «Алла Тағаланың тоқсан тоғыз көркем есімі бар. Кімде кім сол есімдерді санап айтатын болса, жаннатқа кіреді»,- деген (имам Бухари, китабул шурут – 1193).
  • Расында, Алла тағаланың бар екендігіне сенген адамға Ол затты жақсы тануы да міндет болады, ақида ілімі негізінде айтқанда адам өзіне мағрифатты қалыптастыруы ләзім. Ал, мағрифат адамда Алла тағаланың көркем есімдері мен Ол заттың сипаттарын білу арқылы ғана пайда болады.
  • Алла тағала қасиетті Құран кәрімде:

وَلِلَّهِ ٱلۡأَسۡمَاۤءُ ٱلۡحُسۡنَىٰ فَٱدۡعُوهُ بِهَا

  • «Алла тағаланың көркем есімдері бар. Енді Оған сол есімдермен дұға жаса», - деген (Ағраф, 180 аят).

Осы тоқсан тоғыз көркем есімдерінің жирмасыншысы – «әл-Ғалим» (барлық нәрсені өте жақсы білуші, яғни ғылым иесі) деген есім.

Бұл есімінен Алла тағаланың білімі барлық нәрсені орап алғандығы, Оның білімінен тыс қалған еш нәрсе жоқтығы, Ол болған және болатын барлық нәрсені толығымен, лайықты түрде білетіндігі, Оның білімінің алдында жасырын сыр немесе құпия нәрселердің болуы мүмкін еместігі, сондай-ақ, әр нәрсе Оған айқын және ашық, бір сөзбен айтқанда Алла тағала ұлы ғылым иесі екендігі түсініледі.

Әл-Ғалим сипат-есім әлемдегі тамаша үйлесімділік пен жүйелі тәртіпті, әр нәрседен хабардар, билігін жүргізіп тұрған Ұлы Жаратушысы барлық нәрсені жақсы білуші екендігіне дәлел болмақ. Өйткені олардың әрбір жағдайынан хабардар болмаған заттың Жаратушы болуы да мүмкін емес. Сондықтан Алла тағаланың затында ғылым сипатының болуы ақылға қонымды және ақиқат.

Сондай-ақ, бұл есім Алла тағаланың затында әлемдерді жаратпастан бұрын әзәлдан бар. Әрі Алла осы есімі арқылы барлық нәрсенің сол сәттегісінде қалай немесе келешекте қандай болатындығын әшкерелейді.

Алла тағаланың бұл есімін толық түсініп жету үшін Құран кәрім аяттарына жүгінеміз:


وَعِندَهُۥ مَفَاتِحُ ٱلْغَيْبِ لَا يَعْلَمُهَآ إِلَّا هُوَ ۚ وَيَعْلَمُ مَا فِى ٱلْبَرِّ وَٱلْبَحْرِ ۚ وَمَا تَسْقُطُ مِن وَرَقَةٍ إِلَّا يَعْلَمُهَا وَلَا حَبَّةٍۢ فِى ظُلُمَٰتِ ٱلْأَرْضِ وَلَا رَطْبٍۢ وَلَا يَابِسٍ إِلَّا فِى كِتَٰبٍۢ مُّبِينٍۢ

«Ғайып әлемнің (көместің) кілттері тек Оның құзырында. Оны Өзінен басқа ешкім білмейді. Және Ол құрлықтағы, теңіздегі барлық нәрсені біледі. Тіпті бір жапырақ түссе де Ол міндетті түрде одан хабардар. Жердің қараңғы қабаттарындағы бір тал дән де, құрғақ және дымқыл барлық нәрсе де ашық кітапта бар» («Әнғам» сүресі, 59 аят).

Бұл аяттан Алла тағала ілімінің шексіздігі және бұл ілім Өзіне ғана тән, әрі Ол дара сипатқа ие екендігі анық аңғарылады. Сондай-ақ, бұл ілімнің басты сипатарының бірі: «Ғайып әлемнің (көместің) кілттері тек Оның құзырында. Оны Өзінен басқа ешкім білмейді» - дегені.

Аяттағы «ғайып» дегеніміз ол, адамнан ғайып жағдайлар. Адам сезім ағзаларымен сезе алмайтын, білу құралдар көмегімен біліп жете алмайтын оқиғалар. Адам баласы өзінің білімділігімен қаншалықты тырысып әрекет жасаса да, оның білгенінен білмегені көп болып қалабереді.

Пенделерге осы «ғайып» болған істерді білудің бір ғана жолы бар, ол да болса илаһи уаһи арқылы ғана. Ал, білімің қалған жолдарының барлығы болжау немесе жорамалдаудан өзге еш нәрсе емес.

Сондықтан момын-мұсылмандар ғайыпқа иман келтіруімен басқалардан ажыралып тұрады. Себебі ақида ілімінің негізі ғайыпқа, яғни көзбенен көріп, қолменен ұсталмайтын нәрселерге сенуден құралған. Мысалы Аллаға иман келтіру, періштелерге, илаһи кітаптарға, Пайғамбарларға, қиямет күніне, жәннатқа, тозаққа, жақсылық пен жамандық сияқты тағдырлардың барлығы Алладан болатындығына иман келтіру де ғайыпқа сену деген сөз. Онан өзге адам затты әр тарапынан орап тұрған, өткені мен әзіргі және келешекті илаһи перделермен ортада жауып тұрған сан-санақсыз нәрселерде ғайыптан. Алла тағала осы сансыз нәрселердің барлығын болжаусыз, жорамалсыз, күмансыз анық біледі, яғни ғайптың кіліттері Алла тағалның Өзінделігі осы. Бұл кіліттерді тіпті пайғамбарлар да білмейді.

Ғайыптың кіліттерін пайғамбарлар да білмейтіндігі жайлы Имам Матуриди Құрандағы осы сүренің («Әнғам» сүресі, 59 аят) тәпсірінде былай деп түсіндіреді: Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан қауымның бір бөлігі Алладан келетін көмекке және ризықтарының молаюын асығыспен талап етсе, пайғамбарлықты мойындамаған тағы бір топ: «Қане, Құранда уәде етілген азабың келмей ме?» деген еді. Міне, осы жағдайдан кейін ғайып әлемінің ілімі Алла тағаланың құзырында екендігі білдірілді. Құрлықтағы және теңіздегі, үлкенді-кішілі сансыз жануарлардың істері Оның қалауымен болады. Бұның барлығы Алла тағаланың кітабында ашық білдірген»-десе, басқа бір аяттың түсіндірмесінде: «Алла тағала әшкере-жасырын нәрселерден толық хабардар. Ол адамзат үшін біліне бермейтін әр ішкен тамақ пен судың қоректі қуатының мөлшерін, көздің көруі, құлақтың естуі, ақылдың ойлау деңгейін, тіпті бізге көмескі болған көңілдегі түрлі ой-қиялдарды да мүлтіксіз білуші. Алла тағаланың шексіз ілімінің алдында күн мен түннің, жарық пен қараңғының, әшкере мен жасырынның бір айырмашылығы жоқ» деген.

Алла тағаланың ғылым сипатында білу деген ерекшелік бар, өзгерту немесе әсер ету деген ерекшеліктер жоқ.

Құран кәрімде Алла тағаланы ұлы ғылым иесі екендігін былай келтірілген: العَالِمُ – білгір, العَلِيمُ – бәрін білуші, العَلَّامُ – өте көп білуші .

Мысалы:

  • 1. العَالِمُ – білуші , хабардар, білгір;

هُوَ ٱللَّهُ ٱلَّذِی لَاۤ إِلَـٰهَ إِلَّا هُوَ عَـٰلِمُ ٱلۡغَیۡبِ وَٱلشَّهَـٰدَةِ هُوَ ٱلرَّحۡمَـٰنُ ٱلرَّحِیمُ

Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Көместі де көрінуді де біледі. Сондай-ақ Ол, тым ескеруші, ерекше мейрімді (хашр сүресі, 22 аят)

  • العَلِيمُ – бәрін білуші;

قَالُوا۟ سُبۡحَـٰنَكَ لَا عِلۡمَ لَنَاۤ إِلَّا مَا عَلَّمۡتَنَاۤ إِنَّكَ أَنتَ ٱلۡعَلِیمُ ٱلۡحَكِیمُ

Періштелер: «Сен пәксің ! Біздің , Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ.Әрине Сен толық білуші, өте данасың» -деді (Бақара сүресі, 32 аят).

Имам Шағроуий р.һ.а.: Бұл аят біздерге Алла тағала болмыстағы ең алағашқы мұғалім екендігін түсіндіріп, барлық ілімнің мұғалімі бар болатындығы сияқты Алла тағала барша ілімдердің ең алғашқы мұғалімі екендігін бяндауда, - дейді.

  • العَلَّامُ – өте көп білуші, барлық нәрсені білуші.

أَلَمۡ یَعۡلَمُوۤا۟ أَنَّ ٱللَّهَ یَعۡلَمُ سِرَّهُمۡ وَنَجۡوَىٰهُمۡ وَأَنَّ ٱللَّهَ عَلَّـٰمُ ٱلۡغُیُوبِ

Олар сырлары мен сыбырларын Алланың анық білетіндігін білмеді ме ? Шынайы түрде Алла тағала көместерді толық білуші (тәуба сүресі, 78 аят). 

Әл-Һалими : العَلَّامُ – Ол мағлуматтардың барлық жағын білуші. Заттың бар кезін және болмай тұрып қандай болған, болған соң қадай, келешекте қандай болады, болмай қалса қалай болатындығын білуші, деген.

Имам Шағроуий р.һ.а. өзінің еңбектерінде: Алланың ілімі барша нәрселерді білуде шектеліп қалмаған. Қайта Алла тағала олардың сырларын да сыбырын да жақсы біледі. Өйткені Ол عَلَّـٰمُ ٱلۡغُیُوبِ көместерді де толық білуші. Яғни барлық нәрсенің ғайыбын да білуші, - дегені дейді.

Ибн Аббас р.а. Алла тағаланың فَإِنَّهُۥ یَعۡلَمُ ٱلسِّرَّ وَأَخۡفَى деген аятын: Алла пенденің өз ішінде сыр еткен сырын да адамдардан жасырған құпиясын да біледі, - деп түсіндірген.

Саналы түрде қарайтын болсақ өзінің өткенін білмеген адамға өткеннің негізгі бөлігі ғайып болуы тұрған сөз. Ал, келешекте қандай жағдайлар болуы мүмкін, оны да білмейді. Өзіне тиісті нәрселерді білмегеннен кейін, әлемдегі басқаларға қатысты жағдайларды мүлдем біле аламайды. Білуі мүмкін болағаны – Құран кәрімдегі мәліметтер.

Алла тағала Құран кәрімде:

ألَمۡ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ یَعۡلَمُ مَا فِی ٱلسَّمَـٰوَ ٰ⁠تِ وَمَا فِی ٱلۡأَرۡضِ مَا یَكُونُ مِن نَّجۡوَىٰ ثَلَـٰثَةٍ إِلَّا هُوَ رَابِعُهُمۡ وَلَا خَمۡسَةٍ إِلَّا هُوَ سَادِسُهُمۡ وَلَاۤ أَدۡنَىٰ مِن ذَ ٰ⁠لِكَ وَلَاۤ أَكۡثَرَ إِلَّا هُوَ مَعَهُمۡ أَیۡنَ مَا كَانُوا۟ ثُمَّ یُنَبِّئُهُم بِمَا عَمِلُوا۟ یَوۡمَ ٱلۡقِیَـٰمَةِۚ إِنَّ ٱللَّهَ بِكُلِّ شَیۡءٍ عَلِیمٌ

Мұхаммед (с.ғ.с.) көрмедің бе? Шәксіз Алла көктер мен жердегі нәрселерді біледі. Үш кісі сыбырласса, сөз жоқ төртіншісі, әлбетте бестің алтыншысы Алла. Тағы бұлардан аз, я көп тіпті қайда болса да, әрине Ол, олармен бірге болады. Сонан кейін қиямет күні оларға не істегендерін білдіреді. Шүбәсіз Алла әр нәрсені толық білуші. (Мүжәдәла сүресі, 7 аят).



Жоғарыдағы аяттардан түсінгеніміздей ілімнің ең жоғарғысы «ғайып». Сондай-ақ, адам баласына қанша білім есіктері ашылған болса да, бәрі бір базы мәселелерде адам зат білімі өз белесінен аса алмайтындығын, сыр бөгеттер мен пердерлері қойылғандығын айтып өттік. Бұлай болуының бастысы пенде өзінің әлсіздігін және Аллаға мұқтаж екендігін түсініп, Оның ғылымына мойын исін деген себептер болар. Дегенмен Алла тағала жақсырақ білуші.

Алла тағала Құран Кәрімде:

وَعَسَى أَنْ تَكْرَهُوا شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَكُمْ وَعَسَى أَنْ تُحِبُّوا شَيْئًا وَهُوَ شَرٌّ لَكُمْ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنْتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«(Қаншама) сендер ұнатпаған нәрселер (бар) Сендердің жақсылықтарыңа және (қаншама) сендер ұнатқан нәрселер (бар) Сендердің жамандықтарыңа. Сендер білмейсіңдер, Алла біледі» (Бақара сүресі, 216 аят).

Құрметті жамағат әлемдердің Иесі Өзінің тоқсан тоғыз көркем есімдерін үйретумен қатар пенделерін осы ұлы сипаттарымен сипатталуға үндейді, әрі жақсы көреді. Мысалы ас-Сабир деген сипатымен пенделерінің сабырлы болуын жақсы көреді. Сол сияқты әл-Ғалим сипатымен иман келтірген пенделерінің надандықтан бойын аулақ ұстап ғылымды менгеруге талпынған, өмірінің соңына дейін білім жолында жүргендерін ерекше құрметтейді. Тіпті Құдай жолында жүрушілер деп мәртебе береді.


Әбдімүтәліп Қайназарұлы

«Ақтөбе» медресе колледжінің директоры

«Иман» журналы. №5 (226), 2023 жыл, 4 бет.